«Құдайдың да, халықтың да алдында арым таза».
Еліміздің белгілі тіл жанашыры Асылы Осман «Менің өмірім» бағдарламасында алғаш рет жеке өмірі туралы ашылып сұхбат берді. Анасынан ерте айрылған қоғам қайраткері жетімдіктің тауқыметін аса тарта қоймапты. Себебі, әкесі әке орнына әке, ана орнына ана болып, перзенттерін бір кісідей жеткізіпті. Асылы Осман – қазақ еліне Әзірбайжаннан көшіп келген қандасымыз. Қаны қазақ болмағанмен, жаны қазақ Асылы ханым өз ұлтының арасында ең алғашқы әріп танып, жоғары білім алған нәзікжанды екен.
«Мені қынжылтатын нәрсе, басшылар мен төменгі жақ екі басқа тілде сөйлеседі. 30 жылда мемлекетіміздің ана тілін тұғырына қондыра алмадық-ау» деп іштегі ащы өкінішін жеткізген ол көптеген шындықтың бетін ашты.
– ...Институтта оқып жүргенде қыздар жігіттермен сөз байласып жүрді деп айтып жатырсыз. Сіздің сұлулығыңыз бен біліміңізге ешкім шүбә келтірмесі анық. «Тұрмысқа шықпай қалдым» деген әттеген-айлар болмай ма?
– Мен институтта оқығанда не танысқа, не театрға, не киноға барған жоқпын. Тек оқуға көңіл бөлдім. Ол кезде ЖЕМПИ-де ең мықты факультет – филология. Солтүстіктен келген қыздар есікті жапсаң тесіктен, тесікті жапсаң есіктен ебін тауып шығып кетеді. Мен сол қыздарды қоримын. Факультет деканының қасында жұмыстарына көмектесіп жүретінмін. Қыздардың тәлім-тәрбиесімен айналыстым.
Құдайдың алдында да, халқымның алдында да арым таза. Тұрмыс құру менің жоспарымда болған жоқ. Оның үстіне әкеме жақын болдым. Әзірбайжан халқында ең алғаш оқуды бастаған қыз менмін. Марқұм сіңлім ЖЕМПИ-дің география факультетінде оқыды. Бірақ, ол менен гөрі пысықтау болды. Танысына да, киносына да барды. Боянды да. Мен соны барып аңдитынмын. Емтихан кезінде таңертең барып бақылайтынмын. Ұйықтап қалмады ма екен, әлде кітап оқып дайындалып отыр ма екен деп алаңдайтынмын. Ол марқұм да менен аяқ тартып жүріп, кештеу тұрмыс құрды. Жігіттермен де танысып жүретін. Ал мен жігітпен жүрген адам емеспін. Менің достарымның бәрі ұл балалар болды. Қыздардан да құрбыларым болды. Бір қыз қашып бара жатқанда терезеден түсіріп қайтарып алғам (күліп).
Мен еш өкінбеймін. Қазақтың қыздары батыр, қайсар. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткендері де бар. Мәншүк, Әлия, Хиуаз сияқты үш бірдей батыр қызымыздың шығуы да тектен тек емес. Құдайға шүкір, Хиуа апамыздың көзін көрдік. Жатқан жерлері жайлы болсын.
Қазақтың сүйікті бір перзенті болып жүрмін, шүкір.
Өзімнен кейін ерген сіңлілеріме айтарым, сендер уақтысында тұрмыс құрғандарың жақсы. Қыз баласы дүниеге келгеннен кейін ең бірінші міндеті ана болуы керек. Алла қай-қайсысына болса да жақсы жар жолықтырып, бақытты болғанын тілеймін.
ЖЕМПИ-дің қыздарының біразы Ауыл шаруашылығы институтының жігіттерімен сөйлесіп жүріп, отау құрды. Кейбірінің тойын өзім жүргіздім. Ал меніңкі бұйырғаны сол шығар. Менің елімнің алдында арым таза, абыройым бар. Бір кісідей-ақ қадір-қасиетім бар ғой. Көкте Құдайдың берген бақыты жерде қазақ халқы мені бақытты етіп отыр. Алла ешуақытта ешкімнің абыройын кетірмесін.
– Сіз бұған дейін өз өміріңіз жайлы сұхбат бермеген екенсіз.
– Маған, тіпті, мектептегі кездесулерде «Тұрмыс құрғансыз ба, қанша бала-шағаңыз бар?» деген сияқты сұрақ қояды. Оларға сол қызық болып тұр ғой. Ондайда мен «Сендер – менің баламсыңдар деп есептеймін» деп жауап беремін.
– Қазіргі таңда кіммен тұрып жатырсыз?
– Өзім тұрып жатырмын. Бала кезімнен кірімді де өзім жуамын, жыртығымды да өзім жамаймын. Бір нәрсе істесем, соңына дейін жеткізем. Ұқыпты қылып жасаймын. Анам әкеммен жүріп шөп шапса, мен оны жинайтынмын. Үйде ұл балалар болса да мен әкеме жақын болдым, шаруасына қолқабыс етіп өстім. Ешкіні де, қойды да, сиырды да саудық. Адам баласына тиісті нәрсенің барлығын атқарғанмын. Тамаққа келсек, етті өз дәрежесінде асамын. Кеспені де кесемін. Лағман созу, палауды өз дәрежесінде жасай алмаймын.
– Кезінде сізге де сөз салған жігіттер болған шығар?..
– Болса болған шығар. Бірақ, мен жігіттердің бәріне інім, бауырым деп қарайтынмын. Жігіттер қыздар туралы менімен ақылдасатын. Қыздардың мінезін жақсы білетіндіктен, жігіттерге бағыт-бағдар беретінмін.
– Қазіргі таңда Ассамблеяның қажеті жоқ деп айтатындар шықты. Осыған не дейсіз?
– Ассамблеяны Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев өзге ұлт өкілдерінің бас қосатын ұйымы болса деп ұйымдастырған. Оны ешкім де жоққа шығармайды. Сол мақсатта ашқан соң соған сай жұмыс істесе екен деймін. Менің түсінігімде Қазақстан қоғамы Ассамблеяны құрды. Сол Ассамблеядан не күтеді? Ал ол қоғамға не берді? Бірнәрсе десең, тыныштықты сақтап тұр дейді. Тыныштықты сақтап тұрған Ассамблея емес. Құдай сақтасын, қазақ көтерілсе, қай тесікке кіреріңді білмей қаласың деп кезінде де айтқанмын. Өйткені, алдымен осы мемлекетті құрған, иесі де, киесі де болып тұрған халық. Содан соң Мемлекет басшысының саясаты екенін ұғыну керек. Ал бұлар келеді де «Жоқ, тыныштықты сақтап тұрған Ассамблея» деп айтады. Бәрімізді қолтығының астына алып, паналатып, осынша дәрежеге жеткізіп, қамқорлығын жасап, жартысын жарып, бүтінін бөліп жегенде қазақты мойындамағандарына келіспеймін. Әділетсіздікке төзе алмаймын. Менің түсінігімде Ассамблея қазақтың төңірегіне топтасу керек еді.
Кубаның бір қайраткері айтады: «Маған антикалық ертегісі керегі жоқ, маған Куба қымбат» дейді. Маған да сондай, Қазақстан қымбат. Егер Қазақстанда тұрып, қазақтың тілін, тарихын, әдебиетін білмесең, ол қазақты ұқпасаң, сыйламасаң, ондай болмайды. Сондықтан да иесі де, киесі де – қазақ халқы болғаннан кейін сол ұлттың бар құндылығын білсін, қазақты қадірлеп, сыйласын. Құрылғанына 1995 жылдан қарай 27 жыл болды. Ассамблея Қазақстандағы артта қалып жатқан кемшін тұстарын шешуге мұрындық болып, Үкіметтің алдына мәселе қойып, халықтың ортасына сала білуі керек. Сонда бәрімізге жақсы болар еді.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы айтпақшы, «Осы күнге дейін маймылға да тіл үйретуге болады». «Қазақ тілі – ұйыстырушы фактор, осыған бәріміз күш салуымыз керек» деген де сол кісі. Неге күш салмадық?! Тек өтірік мақтаймыз. Осы уақытқа дейін тым құрығанда мемлекеттің тілін тұғырына қондыруға атсалысқан жоқпыз. Не қазақтың тарихына, әдебиетіне бойлаған жоқпыз. Өзге ұлттардың бәріне де еркіндік, теңдік берді. Алайда Ассамблея өзін тек мәдени орталық ретінде ғана көреді. Олай болса неге қазақтың мәдениетіне бойламайды?!
Мен 9 адамды Ассамблеядан депутат етіп сайлағанда да қарсы болғанмын. Не үшін сайлайды? Олар да Қазақстанның азаматы. Бір Қазақстанда бәріміз бір болатын болсақ, неге олай бөліп жарамыз? Қазақ «Бөлінгенді бөрі жейді, айрылғанды аю жейді» деген. Мен сондай бөлініп, жарылғанды жек көремін.