2019 жылдағы әлем ЖҰЛДЫЗдарының ең СӘТСІЗ образдары

0
1 792


2019 жылдағы әлем ЖҰЛДЫЗдарының ең СӘТСІЗ образдары

Оларға бүкіл әлем көз тігеді. Әр киген киімін, жүріс-тұрысын жіті бақылайды. Әлемдік сәннің соңғы үлгілері мен трендті паш етіп көрсететін де солар. Сондықтан, оларға қателесуге, мүлт кетуге, сырт келбетіне мін таққызып, сын келтіруге болмайды.

Әйтсе де, олар да – адам. Олар да қателеседі. Сыртқы образдарымен, әр киген киімі мен ұсақ-түйегіне дейін бірнеше арнайы маман жұмыс істесе де, кейде мүлт кетіп жатады. Ондайда сыпсың сөз бен сын садағының нысанасына айналады.

Кімдер жайлы айтқалы тұрғанымызды ұғып үлгерген боларсыз? Әлбетте, әлемге танымал өнер жұлдыздары.


Джулиана Хаф


Биші, актриса маңызды, ауқымды шараларға лайықты киім таңдауда жиі қателесетінін бұған дейін де көрсетіп келе жатқан. Бұл жылы да талғамы оны тығырыққа тіреді. Кезекті бір қызыл кілемге 80-жылдардың сәні болған көлемді жеңді көйлекті таңдапты. Етегі ең қысқалар қатарынан алынған бір көйлекке шілтер, қатпар, бүрме, желбіршектердің бәрін бірдей сыйғызуға тырысыпты барынша. Сыйғызуын сыйғызды-ау, бірақ олар көптігімен көйлектің сынын кетіріп тұрғандай. Ол аз болғандай, киім үлгісі биші-актрисаның не дене пішімін, не мінез-құлқын айшықтамайды деп сынады сәнгерлер.


Кэти Пэрри

Осы жылғы ең сәтсіз образдар қатарына жақнда ғана Кэти Пэрри қосылды. Қандай оймен таңдалғанын кім білсін, алайда, көпшілік бұл киімді сәнді көйлек деп емес, қабырға бояйтын білік деп қабылдапты. Сынаушылар арасында «Кэти Пэрри үстіне аспашам іліп алыпты» дегендер де бар.


Оқи отырыңыз:

Жұмысқа кедергісіз қабылдану үшін қандай киім киген дұрыс?


Билли Портер

Біреулер үшін бұл – тапқырлық. Тағы біреулер үшін – жаңалық. Келесі біреулер үшін сәннің соңғы жеткен жетістігі болуы да мүмкін. Алайда, басым көпшілік үшін – ессіздік.

Әңгіме Билли Портердің суреттегі өрескел киімі туралы. Оны не костюм деп атауға, не көйлек деуге келмес. Әлде осы екі атауға да сәйкес келе ме? Қалай болғанда да, америкалық әнші-актердің көздегені де көпшілікті шатастыру болса керек. Сәтсіз образдар қатарына кіруді мақсат тұтпаған шығар енді...


Сара Полсон


Актрисаның бұл образы өзінің пішінсіздігімен ерекшеленді. Сонысымен де кескінсіз көрсетіп, сәтсіздікке ұрындырды. Актрисаны «сәндә сәтсіздіктен» жалпы құны жиырма миллион доллардан асатын әшекейлері де құтқара алмады.


Эмма Стоун

Осы жылы аса сәтсіз болмаса да, аса сәтті де емес таңдауымен Эма Стоун де сынға ілікті. Себеп – киген көйлегінің бір қарағанда жыбырлаған жәндіктерді еске салып, дене түршіктіретіні болса керек.

Сынаймыз-ау... Сәтсіздікке кім ұрынбайды, сынға кім ілікпейді? Бастысы, сыртқы емес, ішкі сұлулық «сәтті» болса болғаны.

Дайындаған: А.Мейірхан,

ERNUR.KZ