Колготка не шұлықты киюдің де өз әдебі бар.
фото: fromhelga.ru
Күз қарсаңында негізгі киімдермен қатар дайындауға тиісті тағы бірнеше гардероб бөлшегі бар. Солардың бірі – колготка-шұлықтар. Оларды алмас бұрын өзіңізге қандай түсі, қандай қалыңдықта керегін анықтаған дұрыс. Ал оны анықтау үшін күнделікті өмір салтыңызды және колготка-шұлық әдебін ескерген абзал.
ъЕң бірінші ереже: колготка не шұлықты өкшелі аяқкиіммен ғана кию қажет. Балетка, мюли, лоферы сынды тақасыздармен колготка «тіл табыса» алмайды.
Көптеген қыз-келіншектер колготка не шұлық таңдауда дене түстесін алуды ең оңай жол көреді. Алайда, бұл – артта қалған «антитренд». Әйткенмен, дене түстес кимесем болмайды десеңіз, мына кеңестерді ескеріңіз.
- «Капучинодан» бас тартыңыз. Ол аяқты әдемі көрсеткенімен, дененің жоғары бөлігі мен төменгі бөлігі екеуі екі түрлі болып қалады.
- «Дене түстес» деген атау бір болғанымен, әркімнің терісі әртүрлі. Сондықтан бұл мәселеде өз түсіңізді табу маңызды. Колготка таңдарда оны білегіңізге киіп көріңіз. Бірақ, қолдың ішкі емес, сыртқы жағына назар аударыңыз. Білектің сырт жағы әрдайым бір-екі реңкке қою болып келеді. Колготка сол түспен бірдей болуы қажет.
- Колготка не шұлықтың жылтыры болмауы керек, әсіресе ол күндізгі киіммен не офиске киілетін болса. Сондықтан күңгірт әсері барын іздеңіз. Жылтырды кешкі салтанатқа қалдырыңыз.
- Дене түстестердің қалыңдығы да айтарлықтай рөл атқарады. 8 не 15 den түрін кисеңіз, аяқта бар-жоғы білінбейді. 20 den де аса көзге ұрып тұрмайды. Ал, 40 den мен одан да қалыңдары көзге сөкет көрінеді.
- Егер көйлегіңіз де, аяқ киіміңіз де қара түсті болса, онымен дене түстес колготка кимеңіз. Бұл ретте қара түс орынды.
Ал әмбебап қара түске қатысты этикет пен сән әлемінде мынадай қағидалар бар:
- Қара түсті колготка мен шұлықтардың барлық қалыңдығы қалыпты қабылданады. Яғни, ыстың суығында қатты қалыңдарын да еш қысылмай киюге болады. Тек, ауа райына сай болса болғаны.
- Қара колготка қалың болған сайын, киім де соған сәйкес қалың, аяқкиімнің көлемді болғаны дұрыс.
Бүгінгі сән колготка не шұлықты басы ашық аяқ киіммен де киюге рұқсат етеді. Тек, мына екі ережені ұстансаңыз болғаны:
- Колготканың басындағы мүйісшесі көрінбеуі керек. Ол үшін арнайы мүйісшесіз түрлері бар.
- Басы ашық аяқкиіммен киілген колготканың түсі дене түстес болмауға, көзге айқын көрініп тұруға тиіс. Аяғыңыздағы кемшілікті жасыру үшін кимегеніңізді осылай білдіресіз. Бұл мақсатта қалың да, жұқа да, түрлі-түсті, сурет не принт басылған үлгілердің бәрін байқап көруге құқылысыз.
Кеңсе киімі мен колготкиді этикетке сай үйлестіру – өзінше бір ауқымды тақырып. Егер басқа орындарда киім мен шұлықты үйлестіруде қиялыңызға еркіндік бере алсаңыз, ресми стильге келгенде қатаң ережеге бағынуға тура келеді.
- Ресми стильде колготка міндетті бөлшектердің бірі. Сондықтан, тіпті жазда да кеңсеге колготкисіз кірмеген абзал.
- Ресми стильге тән түр – дене түстес және орташа қалыңдық.
- Дене түстестен басқа түстерді кигіңіз келсе, қоңыр мен қараға рұқсат. Тек, ондай жағдайда аяқкиіміңіз де сол түстен болуға тиіс.
- Іскерлік кездесу, конференция сынды ресми шараларда қара түсті шұлық кию – әдепсіздік болып саналады.
- Қандай да бір образға шұлық таңдарда киімнің емес, аяқкиім түсін басты назарға алыңыз. Аяқкиім мен шұлық түсі бірдей болса, аяғыңызды түзу, бойыңызды ұзын етіп көрсетеді.
- Шілтерлі не селдір колготканы киімдеріңіз біртүсті, образдың жалпы көрінісі қарапайым болса ғана киюге болады. Әйтпесе, тым анайы көрініп, ұятқа қалдыруы әбден мүмкін.
- Ақ түсті колготка тек аяғы оқтай түзулерге ғана жарасады. Сондай-ақ, ресми стильде ақ колготкаға орын жоқ екенін есте ұстаңыз.
- Колготканың түсі аяқкиім түсінен бір-екі реңге ашық болғаны дұрыс.
Міне, осындай этикет ережелерін ұстансаңыз, ұятқа қалмайсыз. Керісінше, образыңыздың ұтымды көрінері сөзсіз.
Дайындаған: А.Мейірханқызы,