Сонымен қатар, осы аймақтарды ағартудың да жолдары бар.
фото: korenovsk-rc.ru
Егер сізде қолтық, тізе, шынтағыңыз қарайып, ыңғайсыздық тудырса, өзіңіз қалағандай киім кие алмай, қысылып жүретініңіз тағы бар.
Әсіресе, жаз мезгілінде дененің осы бөліктері ерекше «қарайып» көзге түрпідей тиіп жатса, оның себебін анықтау маңызды. Сонымен қатар, сол тұстарды ағартудың да жолдары бар.
Ең алдымен осы себептерге тоқталайық. Неліктен қолтық, шынтақ және тізе бөліктері дененің басқа бөліктеріне қарағанда ерекше қарайып тұрады?
Салыстырмалы түрде алып қарағанда дененің осы бір бөліктерінің қараюының себептері көп. Ішкі және сыртқы факторлардың әсерінен деп бөліп қарастырайық.
Ішкі факторларда негізінен адам ағзасында қандай да бір өзгерістер, ағза жұмысының бұзылысынан да туындайды. Гиперпигменттіліктің негізгі себептерінің бірі- гормондардың өз қызметін дұрыс атқара алмауында. Одан да бөлек:
Ішкі факторлар:
-дәрумендердің жеткіліксіздігі;
-бауыр қызметінің бұзылысы, ас қорыту жұмысының әлсіреуі;
-саңырауқұлақты инфекциялар;
-тері аурулары;
-қант диабеті;
-семіздік;
-зиянды әдеттер (темекі шегу, спиртті ішімдіктерді мөлшерінен асырып қолдану).
Осылардың барлығы қолтық, тізе, шынтақ аймақтарының терісін ғана емес, шап аймағын (санның ішкі жағы) да қарайтады.
фото: macho-ster.com
Сыртқы факторлар:
-гигиена талаптарын сақтамау;
-сапасыз косметикалық өнімдерді қолдану;
-қолтыққа құрамында спирті көп мөлшердегі дезодоранттарды үздіксіз пайдалану;
-күн көзіне шамадан тыс қыздырыну;
-хлорлы суда көп жату (ваннада немесе бассейндер);
-шынтақты таяну, тіземен жүру әдеті де теріні қатқылдандырып, кір секілді көрсетеді.
Эндокриндік жүйенің бұзылуы
Эндокриндік жүйенің бұзылуы да, қант диабеті ауруының әсері де ағзаның жұмысын қалыпты ете алмайды. Сондықтан, осы сырқаттар ішкі ағзаның жай-күйін ғана емес, терінің де жай-күйін өзгертеді. Тек қана жоғарыда айтылған дене бөліктері емес, оған мойынның артқы жағының қараюы да қосылады.
Дәрумен тапшылығы
Тері күйі жақсы болуы үшін А және Е дәрумендері жеткілікті болуы тиіс. Егер ағзада осы дәрумендердің тапшылығы байқалса, ол теріңізден көрініс береді. Теріңіз жұқарып, құрғап, жарылуға бейім келеді.
Ас қорыту жүйесі
Ас қорыту, асқазан-ішек жолдарының жұмысының бұзылуы да бұған себеп. Өйткені ішек микрофлорасы ағзаға қажетті дәрумендер мен микроэлементтерді бойына сіңіре алмай, сыртқа шығара береді. Бұл жалпы терінің қараюы мен құрғауына алып келеді.
Тері аурулары
Кейде шынтақ пен тізенің қараюы тері ауруларымен ауырғаннан соң, қалып қоюы мүмкін. Мысалы, атопиялық дерматит, псориаз секілді тері аурулары.
фото: ru.pinterest.com
Не істеу керек?
Шынтақ, тізе, қолтық аумақтарының өңін өзгерткенін байқасаңыз, алдымен эндокринолог маманға қаралыңыз. Гормондар мен дәрумендерге сынама тапсырғаннан кейін себебі белгілі болады. Ағзаңызда жеткіліксіз болған дәрумендерді ұсынып, дәрігер емін тағайындайды.
Одан бөлек, тізе мен шынтақтың қараюының алдын алу және онымен күресу үшін нәрлендіруші кремді жиі-жиі пайдаланғаныңыз жөн. Егер күн астында уақытыңыздың көп бөлігі өтетін болса, күннен қорғайтын крем міндетті түрде жаныңызда жүргені мақұл.
Сондай-ақ, косметолог мамандарының кеңесі де сізге артық болмайды. Гликол қышқылы, альфа-арбутин секілді ағартушы құралдарды немесе арнайы пиллинг жасау арқылы мәселенің шешімін таба аласыз.
Ал қолтығыңызға құрамында спирті жоқ, аллергияға қарсы дезодоранттарды қолданып, қолтық түгін ұстарамен қырудан аулақ болсаңыз, қараю белгілері сізден алыс болады.
Үй жағдайында ағарту
Егер денеңіздің кейбір бөліктері ішкі факторлардың әсерінен пайда болған болса, мұны ағарту оңайға түспейтіні анық. Ол үшін арнайы мамандармен бірге жұмыс жасау керек.
Сыртқы факторлардың әсерінен болғанын сезсеңіз, үй жағдайында оны ағарту оңай.
Ол үшін лимон, қияр, картоп шырын, айран, сода, куркума көмекке келеді.
-Лимонды екіге бөліп, оған ас содасының аздаған бөлігін сеуіп, қарайған бөлікке жағыңыз.
-Қияр мен лимон сөлін бірдей мөлшерде алып, жақсылап араластырған соң, қарайған жерді сүртіңіз.
-1 ас қасық балға 1 ас қасық лимон сөлін, 1 шай қасық сода салып, барлығын жақсылап араластырыңыз. Осы қоспамен денеңіздің қарайған бөліктерін сүртесіз.
-Куркума ас содасы секілді ағартушы қасиетке ие. 1 ас қасық куркумаға дәл осындай мөлшерде сүт қосып араластырыңыз. Қоспамен қарайған бөліктерді ағартамыз.
-Айран мен алоэ шырынын араластырып жаққан да тиімді ағартады.
Осы айтылған әдістердің барлығында да қарайған жерге қоспа жағылған соң, 15 минуттай жүру керек. Уақыт өткен соң, жылы сумен жуып тастаңыз.
Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,