Ұзын етек-жеңді көйлек киіп, орамалға орана жүріп сәнді көріну қиын деп санайды көпшілік. Себебі, шынында орамалды арулар арасынан үйлесімсіз, жарасымсыз киінгендерді жиі көремІз. Классикалық үлгі – қарапайым гүлді көйлек, үстінен жұқа кардиган киіп, аяққа үйреншікті балетканы сүйрете салатындардан өзгенің де, өзінің де жалыққаны рас.
Бірақ, бүгінгі сән әлемі жабық киінгісі келетін нәзік жандыларға көптеген мүмкіндіктер ұсына алады.
Мәселен...
- Тоқыма кардиганның орнына қатты маталы жейде, сәнді пішімдегі костюм, блейзер, джинсы күртеше, худи, свитшот – түр-түрін киюге болады. Тек, түсі мен пішімін үйлестіре алсаңыз болғаны.
- Көйлек таңдағанда минимализмді ұстаныңыз. Біртүсті, пішімі де қарапайым болса, оны түрлі сәнді, стильді аксессуарлармен, киімдермен үйлестіру оңай. Тек, матасы сапалы болсын.
- Басты құпия – аксессуардың сәндісін қосыңыз: браслет, сағат секілді аксессуарларды ұзын жеңнің сыртынан тағамыз (сәнді фишка); мойынға тағатын аксессуарды да ұмытпаймыз; кей орамалды арулар тіпті имек ілгекті сырғаны құлақ тұсынан орамалға іліп алады, сізге не кедергі?
- Сөмке таңдауда сізде толықтай еркіндік бар, осыны ұтымды пайдалана біліңіз. Соңғы сән үлгілері көрініс тапқан стильді сөмке қарапайым, жұтаң, жалықтыратын образды бірден өзгертіп жібере алады.
- Бірсарындылығымен жалықтырған балеткиді сәнді аяқ киімге батыл алмастыруға болады. Кроссы, кеды, лоферы, мюли, т.б. аяқкиім түрлерімен танысып, гардеробыңыздан орын берсеңіз, оңай достасып кетесіздер.
- Тек көйлекпен шектелмей, гардеробты шалбармен, комбинезонмен толықтыруға әбден болады. Жоғарыда айтқанымыздай, қазіргі сән әлемінде бұған мүмкіндік көп. Кең-мол пішілген, сонымен қатар стиль жағынан да қалыспайтын банан, палаццо сынды шалбар түрлері, комбинезон, жейделі шалбарларды табу қиынға түспейді.
- Орамалдың фактурасы сіздің үстіңіздегі киімнен (бетіңізге жақын орналасқан жоғарғы бөлік фактурасынан) жұқа болуы шарт. Ол қалың боп мойныңызға оралып тұрмағаны абзал.
- Орамалдың біртүсті болғаны көйлекпен үйлеструде тәуір көмек. Көп қателесуге әкеліп соқтырмайды. Түсіне қатысты сұрақ туындаса, ақ, ақсарының барлық реңктері, яғни табиғи түстерді көп қолданыңыз. Әрине, басқа түсті қолданбаңыз деген шектеу жоқ. Тек, түстер үйлесімін жасауға ең ұтымды әрі оңай жолдардың бірі.
- Егер қандай да бір принтті орамал таққыңыз келсе, көйлегіңіз біртүсті болсын. Көйлектің түсі орамал принтінің ішінен табылу керек. Керісінше, көйлек принтті болса, орамал біртүсті.
- Орамалды тағу әдісін таңдағанда бет пішінін ескерген артық болмайды: Шаршы бет – жақ, иек, маңдай тұстарын кішкене ашыңқырап, бостау етіп тағыңыз; Дөңгелек жүз – маңдайды ашыңқырап, жақ, бет бөліктерін жабықтау етіп тағу керек; Ұзынша сопақ бетті не атжақты арулар – маңдайды барынша жауып, орамалды қасқа жақын орналастыру арқылы бет пішінін «қысқартуға» болады;
Қалай болғанда да, киімнің басты қызметі – өзіңізге ыңғайлы, жайлы болуы.
Дайындаған: А.Мейірханқызы,