​ЖАРАСЫМДЫ киіну өмірге құштар етеді

0
3 326

Стильді киіну жасқа қарамайды.


​ЖАРАСЫМДЫ киіну өмірге құштар етеді

фото: in.pinterest.com

«Адам көркі-шүберек» деп бекер айтылмаған. Әр адам өзіне жарасатын киім кисе, көркі ашылып, көңіл-күйге де әсер ететіні сөзсіз. Дүкеннен немесе қарапайым базардан киінсеңіз де «осы жылдың сәні» деп емес, дене бітіміңізге сай киімді таңдап алғаныңыз жөн. Әрине стилист мамандармен бірігіп, өзіңіздің киіну стиліңізді қалыптастыру да қалтаңызға айтарлықтай шығын келтіруі мүмкін. Ал өз бетіңізше киіну көп адамның қолынан келмей жатады. Киім көп, таңдау да еркін. Дегенмен, қалай киінуді білмей, қолға түскенін немесе «сыйғанын» кию, соның әсерінен күні бойы өзін ыңғайсыз сезініп, өзіне көңілі толмау әлбетте адамды күйзеліске алып келеді.

Күйзеліске түсу әп-сәтте, күлкілі көрінсе де, адам дұрыс киіне алмаса да күйзеліске түседі екен. Ал аса қымбат болмаса да, дене бітіміңізге қонымды, жарасымды киіну адамға стимул, энергия сыйлайды.


СТИЛЬ деген не?

Адам дұрыс киінуі үшін стиль деген ұғыммен таныс болуы керек. Стиль дегеніміз – киім арқылы қоғамға өзіңіздің қандай адам екендігіңіз туралы әсер қалдыра білу. Киім киюі, шаш үлгісі арқылы адамның қандай екенін, қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын білуге болады.

Кейде қара түстен басқа ештеңе кигің келмей қалатын сәттер болады, бұл да адамның жан-дүниесінің көрінісі. Қара түстен жарқын, ашық түстерге ауысу да жан-дүниенің көрінісі.

Әрбір адамның өзінше стилі болады, бұл да өмір сүру барысында қалыптаса бастайды. Өмірінде, санасында қуаныш, шаттық көбірек болса, бұл да әлбетте киімнен көрініс табады. Адам оны өзі байқамауы да мүмкін.

Өзінің стилін қалыптастырып, өзіне не жарасатынын тап басып, анықтай алған адамның бойында энергия күшейе түседі. Мұндай адамдармен әрине кез келген адам араласқысы келеді, сөйлесіп, достасқысы келеді.

Қарапайым ғана киім болғанымен, оның қандай күшке ие екенін байқаған боларсыз?

Киім сырттан қарайтын адамдарға ғана емес, адамның өзіне де жағымды көңіл-күй сыйлайды. Өмір сүруге ынтаны оятады, қызығушылықты арттырады. Нәтижесінде ол адамның көңіл-күйі көтеріліп, айналасына да шуақ шашып, бақытты болып жүреді.

фото: vstolovke.com


ОРТА ЖАСтағылар да стилді киіне алады

Негізі киім тек жастарға құйып қойғандай жарасымды деп ойлауыңыз қате. Біздің жасымыз өтіп кетті, киім жараспайды деп өзіңізді шектемеңіз. 50 жасқа келіп, өзіңізді «қартайтпаңыз». «Келін алдым, немере сүйдім. Олармен жарыспайын, солардың дәуірі» деп артқа шегіну қазақ әйелдерінің көпшілігіне тән. «Жасыма лайықты киінейін» деп жасыңызға жас қосып беретін шаш үлгісін таңдап, кең етек, қолтық-жеңі мол ұзын көйлектерді таңдап, шаштың ағын жасыру үшін орамал байлай салып жүре беру сүреңсіз өміріңіздің бір көрінісі. Сондықтан, өміріңізге жарқын бояу қосу үшін жасыңыз үлкен болса да стилді киімдерден қашпаңыз. Байқап көріңіз, мүмкін сізге бұл ұнайтын шығар. Содан кейін «Ел не дейді? Ұят қой» деген жалаң ойдан да арылыңыз. Әрине, әр адамның жасына сай киінгені дұрыс, бірақ стилді киім көзге түрпідей тиіп, ерсі көрінбесе болғаны.

Жасыңыз ұлғайса да ұқыпты көрінетіндей жүруге болады.


Қалай?

Біріншіден, жасартып көрсететін шаш үлгісін таңдаңыз. Үстіңгі жағы ұзындау, асты жұқа алынған шаш үлгісі жас көрсетеді, бірақ осы шаш үлгісіне лайықты кежуал стилінде киінуге тура келеді.

Бір түстегі (однотонная) киімдер де жасартып көрсетеді. Егер гүлді немесе суреті бар көйлек кисеңіз, бір түстегі аксессуарлармен (сөмке, орамал, аяқ киім) үйлестіріңіз.

Бұл біздің менталитемізге сай келмейтін шығар, бірақ сән әлемінде жасы жетпіске таяған әйел рюкзак асылып, басына шляпа немесе кепка киіп алса, өмірді мейлінше сүйетін, көңілі жас әйел деп қабылданады.

Негізі қай жаста да спортпен шұғылданып, кем дегенде таза ауада көбірек жаяу жүру де дене бітіміңізді жақсартады, денсаулығыңызды нығайтып, ауру-сырқаудан жеңіл өтесіз.

Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:

Қолтық, тізе, шынтақ не үшін қараяды?

ЖАС КӨРІНГІҢІЗ келсе ЗӘЙТҮН МАЙЫН қолданыңыз