Ата-ананың өз дайындығы да маңызды.
Жаңа оқу жылының басталуына аз ғана қалды. Әсіресе, бірінші сынып оқушылары мен олардың ата-аналары үшін жаңа кестеге үйрену қиынға соғады. Мектеп ережелері, күнделікті сабақ, қала берді үй тапсырмалары шаршатады.
Педагог-психологтардың айтуынша, балабақша түлектері мектептегі алғашқы айларды жаңа жағдайға бейімделумен өткізеді. Оған қоса-қабат сабақ оқу қажеттілігі талап етілгенде, ата-ананың көмегінсіз, қолдауынсыз әрі қарай аяқ алып кету өте қиын. Сондықтан мамандар бірінші сыныпқа баратын балаға әріптер мен сандарды үйренуден бөлек, психологиялық дайындық та ауадай қажет екенін айтады. Ата-ананың өз дайындығы да маңызды.
Есіңізде болсын! Ешқашан баланың көзінше мектеп, ұстаздар, сабақ, үй тапсырмалары туралы негатвиті сөз айтпаңыз. «Ой, жақында басталады ми ашу. Қазіргі мектеп бұрынғыдай емес. Мұғалімі ұнамай жатыр, басқа сыныпқа ауыстырамын ба?» дегендей ой-пікірлеріңізбен балаға теріс ой салып, мектепке баруға, сабақ оқуға деген ынтасын су сепкендей басасыз.
Күн тәртібін реттеңіз. Сабақ әлі басталмаса да, осы күндерден белгілі бір уақытта ұйқыдан тұруды, уақытылы ұйқыға жатуды, уақытпен санасуды, күн тәртібіне сай әрекет етуді, т.б. орындатып үйрете беріңіз.
Бірге барыңыз! Балаңыз осыған дейін дайындық шараларында аға-әпкесімен бірге мектепке барып-келіп жүрген болуы мүмкін. Алайда, бірінші қыркүйекте міндетті түрде қол ұстасып бірге барыңыз. Бала мектеп қабырғасында да ата-анасының жанынан табыла алатынын біліп, өзін қауіпсіз сезінсін. Бұл үшін бірнеше күн қажет болуы да мүмкін. Уақытыңызды бөліңіз. Кейін бала үйренісе бастағанда түрлі жағдайларды, уақыт тапшылығын, шаруаларды сылтауратып, мектептен өзі қайтуына не баруына баланың келісімін сұрауға болады.
Үйде сабақ оқуға құлықсыз отырмаңыз. Өзіңізге ұнамай тұрғанын, шаршағаннан зауқыңыз болмай тұрғанын білдірмеңіз. Мектепке, сабаққа қатыстының бәрін қуанышпен, ықыласпен қабылдаңыз. «Үй тапсырмасын орындауымыз керек» деп қабақты түйіп, барынша байсалды бола қалып немесе «Әлі орындамадың ба? Бар, сабағыңды оқы!» деп айқаймен міндеттеп баланы үркітіп алмаңыз. Оның орнына қызықты ойынның тапсырмалары түрінде таныстыруды үйреніңіз.
Сыныптастарымен таныстырыңыз. Кез келген ортада басқа да өзі танитын адамдар болса, балаға өзін еркін, сенімді сезіну оңайырық болады. Сондықтан, мұғалімімен жеке жолығып, балаңызды бетпе-бет таныстырыңыз. Орайын тауып, мектепте болсын, мектептен тыс жерде болсын сыныптас балалардың бір-екеуімен болса да таныстыруға, достастыруға тырысыңыз.
Күн тәртібін түзгенде ескеріңіз
Жаңа өмірге, жаңа тәртіпке көшу, бой үйрету ыңғайлы болуы үшін күн тәртібін дұрыс түзу маңызды.
- Бастауыш сынып жасындағы балаларда ой еңбегі үшін ең тиімді уақыт: таңғы 8.00 мен 11.00 аралығы және түстен кейінгі 16.00 мен 17.00 аралығы. Осыған сәйкес, егер балаңыз бірінші ауыымда оқыса, үй тапсырмаларын орындауды 16.00-17.00 аралығына, екінші ауысымда оқыса, таңғы 8.00-11.00 аралығына бекіткен жөн.
- Кешкі 9-дан қалмай ұйқыға жатып, таңертең сағат 7-де ұйқыдан тұруын қадағалаңыз. Сонда баланың ұйқысы қанық, күндіз ойы да, бойы да сергек болады. Мүмкіндігінше, күндізгі уақытта бір көз шырымын алғаны жақсы.
- Жас жеткіншектер күніне кем дегенде 40 минут, ұзағы 3 сағат таза ауамен тыныстауы қажет. Сондықтан, сабаққа дейін немесе сабақтан кейін кішігірім болса да серуен ұйымдастырыңыз.
- «Тез тамағыңды іш те, сабағыңы оқы» демеңіз. Өйткені, тамақтан кейінгі тоқтық кезінде дене болсын, ақыл-ой еңбегіне болсын зауқы болмайды, өнімділік төмендейді. Араға кішкене бос уақыт салыңыз. Ол уақытта бала өзі қалаған іспен айналыссын. Содан соң барып үй тапырмаларын орындауға отырғызыңыз.
- Бірінші сыныпта баланы үйірме, спорт секцияларына беріп, жүктемені шектен тыс көбейтпеген жөн. Тым болмаса алғашқы айларда қосымша сабақтарды қоя тұрыңыз.
- Балаға ұйқыға жатар алдында уайым, негатив сыйлайтын әңгімелерді айтпаңыз. Бүгінгі күннің сәтсіздіктері, сабақты дұрыс оқымағаны, басқа да жасап қойған бұзықтығы, ертең ерте тұра алмай қалатыны, сабағынан қалып қоятыны, т.с.с. ойламай, алаңсыз ұйықтағаны жақсы. Ол үшін «Бүгінгі күн өте жақсы болды. Сәтті өтті. Былай жасағанымыз дұрыс болды» дегендей позитивті түрде қорытындылап, «Ертең бұдан да керемет болады. Мынадай жақсылықтар күтіп тұр» деген сынды сөздермен үміт сыйлаңыз.
«Бармаймын» деп байбалам салса...
Баланың бәрі бірден мектепті жақсы көріп кетпейді. Бәрі бірдей оқуда озат бола салмайды. Кей балалар сәл күннен соң-ақ «Бармаймын да, бармаймын!» деп байбалам салуы мүмкін. Оған ата-анасы кінәлі болуы әбден ықтимал.
- Ата-анасының өзі мектепті ұнатпайды, бұл туралы балаға білдірген;
- Оқи алмағаны не қателескені үшін айыптап, жазғырады –
- Қосымша жүктеме, жауапкершілік көбейіп кеткеніне наразы
- Ата-анасы мұғалімі туралы нашар пікірде болып, жағымсыз сөздер айтқан;
- Ата-ананың өзінде білім алуға деген құлшыныс жоқ;
- Балаға лайықты қолдауды білдіре алмайды;
Осындай жағдайларда бала «мектепке барғым келмейді, қызық емес, біреу ұрды, апай ұрысты, ауырып тұрмын» дегендей түрлі сылтаулар ойлап табады.
Олай болмауы үшін бірінші кезекте өзіңіздің білім алуға, мектепке, мұғалімге деген көзқарасыңыз оң болуға тиіс. Үнемі ізденіс үстінде жүретініңізді, білімнің адамға керек екенін көрсетіп, үлгі болыңыз.
Ең бастысы, баланың бетінен қақпай, «Жарайсың! Саған сенемін! Қолыңнан келеді! Ештеңе етпейді, келесіде бәрі жақсы болады!» дегендей сөздермен қолдау білдіріп, белін буып отырыңыз.
Дайындаған: А. Мейірханқызы,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:
Балаңыз жұрт көзінше БОҒАУЫЗ СӨЗ айтса, НЕ ІСТЕЙСІЗ?