Ересек адамдардың сөйлескенін жақын маңда ойнап жүрген бала естиді деп ойлайсыз ба? Көпшілігі «Ол өз ойыншығымен әуре, естімейді» деп ойлайды және қателеседі. Балалар ойын үстінде келген ақпараттарды сорғышша сіңіріп алады. Тікелей өзіне айтылмаса да, құлақ түбіне келген әрбір сөзді естіп, түсінбесе де, түйсігіне жазып, ақпарат қоймасына сақтап алады.
Сөйтеді де бір күні сол әңгімені төбеден түскендей етіп сарт еткізіп айтып салады. Әке-шешесі болса «Мұны қайдан білесің? Қайдан шығардың? Тура біреу үйретіп қойғандай... Қазіргілер іштен біліп туа ма осы... Олай айтуға болмайды» деп қысылып, абыржып қалады.
Осындай ыңғайсыз жағдайға қалмау үшін, баланың таза санасын былғамау үшін, тәлім-тәрбиесіне кері әсер етпеуі үшін баланың көзінше мына тақырыптарды сөз етпеген дұрыс.
ТАЛҚЫЛАУ, СЫНАП-МІНЕУ
Ересек екі адамның басы қосылса, біреуді талқылап, сынап-мінемей отырулары қиын. Ерлі-зайыптылар, құрбылар, көршілер, әріптестер – бұл әдет бәрінен айналып өтпейді. Ол жерде кім туралы сөз болмайды дейсің, біраз жанның құлағын шулатады. Мұндай талқылау, сынаудың ең жақсы үлгісі – өзені емес, өз жайларын сөз ету. Қалай болғанда да, бұл әңгіме балаға жетпегені жақсы.
Әсіресе туыстар туралы айтылған негативті сөздер бала құлағына бір тисе болды, көп ұзамай-ақ біршама зиянын көретініңіз анық. Сіз үшін ол жаман адам шығар, ал бала үшін жақсы көретін жақыны болуы мүмкін. Сондықтан, әлемін бұзбаңыз.
Көбінесе қасымызда баланың тұрғанын ұмытып, оның тәрбиешілерін немесе мұғалімдерін талқылаймыз. Сол кезде мұқият тыңдаған бала алдында ұстазының беделі бір тиынға түседі. Осыдан кейін ол баладан тәрбиешіге бағыну, мұғалімге мойынсұну, жақсы баға мен үлгілі мінез-құлық күтпеңіз.
Мұның барлығы негативті пікірлер жайлы. Егер өзге біреу туралы жағымды пікір, жақсы ойыңыз болса, жетістігі мен жақсылығын сөз етсеңіз, оны баланың көзінше айтуға әбден болады. Тіпті, өзіне тікелей баяндап, үлгі-өнеге етсеңіз, екі есе жақсы.
САЯСАТ ПЕН СПОРТ
Бала алдында «Үкімет басындағылар ақымақ! Бәрі жемқор. Халықтың жағдайы нашар. Заң бізді қорғамайды. Біздің елде әділеттілік жоқ» дегендей ойыңызды айтып, көкейіне болашағына күдік-күмән дәнін екпеңіз. Басқа да саяси жағдайларды талқылап, басын қатырмаңыз. Мемлекет үшін өзінің құндылығын, өзі үшін Отанының құндылығын өшіріп алмасын.
Спорт жайлы да осыны айтуға болады. Себебі спорттық сайыстардың астары сіз анық-қанығын білмейтін саяси ойындармен өріліп жатуы әбден мүмкін. Көп жағдайда саясат, спорт тақырыбында білімі де, тәжірибесі де жоқ жеткіншектер ересектердің пікірін көшіріп алып, өз пікірі ретінде түрлі ортаға тарқату арқылы жаңсақ ақпараттарға жол береді.
Жасөспірім өсіп, тұлға ретінде танылып, өзінің жеке көзқарасын қалыптастырмайынша, оған саяси көзқарастарды таңуға болмайды.
АҚЫРЗАМАН ЗАРЫ
«Ақырзаман жақындады, заман өзгерді, адамдар айуанға айналып барады, Алланың қаһары, жазасы...» деген сарындағы зар ғасырдан ғасырға, жылдан жылға жалғасып кете беретіндей. Өйткені қай уақытта болмасын актуалды, жағымсыз жайлар бола қалса, қосарласа жүреді.
Ғаламдық жылыну, адамзаттың ақыры, жақындап келе жатқан кометалар, цунами және т.б. апаттармен, алапаттармен баланы қорқытудың қажеті қанша? Сіздер әңгіме қылып айтасыздар да қоясыздар, ары қарай өз тіршілігіңізді жасап кете бересіз. Ал бала ше? Оның қиялының қанаты ересек адамдыкіндей қырқыла қоймаған, шексіз. Ары қарай дамытып, үдетіп, өз ойында одан да қорқынышты нәрселерді шығарып, соның шырмауына түсіп қалмауына, салдарынан ауруға душар болмауына кім кепіл? Сіз үшін жай ғана әңгіме болған ақпараттың кесірінен өзіне сенімсіздік, келешегіне деген күмән ұлғайса, өмір сруге құлшынысы өшсе, кім айыпты?
Бұл тақырыптарды баланың қауіпсіздігі, сақтығы үшін ескерту ретінде ғана қозғауға болады. Мұндай жағдайлардың өмірде бар екенін, алайда көп еместігін ұғындырып, қорықпауға, өзіне сенімді, сақтық шараларын ұмытпауға шақырған жөн.
ЖЕКЕ ӨМІР ЖЫРЫ
Үлкендердің өмірі қызық пен шыжыққа толы. Қанша жерден «айтуға болмайды» деп тыйым салынса да, жеке өмірінің жырымен бөліседі. Құрбылар күйеуін, енесін сөз етеді. Ерлі-зайыптылар қарым-қатынастарын қызу талқылайды, түсініспеушіліктерді шешуге тырысады. Одан қалды түрлі «жасырын код», жұмбақ сөздермен жатын бөлмедегі «жеке шаруаны» айтып жымыңдасатыны бар. Осының барлығы – жақын маңда ойнап жүрген не көрші бөлмеде өз шаруасымен айналысып отырса да, әңгіменің тыңдарманы болып қалған бала үшін отбасы туралы теріс түсініктер қалыптастыратын өте артық ақпарат.
ТӘРБИЕ ТУРАЛЫ
Баланың көзінше бала тәрбиесіндегі әрекеттеріңіз жайлы бір ғана жағдайда айтуға болады: екі адамның да көзқарасы бір болған кезде. Ал біріңіздің тәрбие берудегі әрекеттеріңіз екіншіңізге ұнамаса, дұрыс емес деп санасаңыз, бір-біріңізге ескерту айту қажет болса, баланың қандай да бір әрекеттерін талқылау керек болса, мұны бала мүлде естімейтіндей жағдайда сөз еткен жөн.
Дайындаған: А. Мейірханқызы,
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: