Кез келген ортада КӨШБАСШЫ БОЛ: коучтан 8 кеңес

0
2 681

Қабілеттерін дұрыс дамытса, кез келген адам көшбасшы бола алады


Кез келген ортада КӨШБАСШЫ БОЛ: коучтан 8 кеңес

Көшбасшылық қабілет біреулерге туабітті беріледі. Алайда оны ашып, шыңдамаса, «күл астында қалады». Тура сол сияқты, табиғатыңа берілмесе де, өзіңді дұрыс тәрбиелеу арқылы бойда көшбасшылық қабілеттерді қалыптастыруға болады.


Не үшін көшбасшы болу қажет?

Қай ортада болмасын көптің бірі болмай, үздіктер қатарынан көрінгіңіз келе ме? Жақсы өмір сүруді қалайсыз ба? Жетістікке жетуді, мол табысты армандап, басшылық қызметті көздейсіз бе? Ендеше, көшбасшылық – бірінші кезекте керек болатын қабілеттер қатарында. Оның маңызы білім мен тәжірибеден кем емес.

Көшбасшылық қабілеттеріңіз көзге ұрып тұрса, жетістікке, басшылық қызметке барар жолыңыз жылдамдайды. Ол қызмет, мансап жолында ғана емес, жеке өмірде, қоғамдық ортада, жалпы адамдармен кез келген қарым-қатынаста жетістікке жетелейді.


Көшбасшыға керек қасиеттер:

  • Адамдарға мотивация бере алу, сөзіне сендіре алу, соңынан ерте алу
  • Артықшылықтар мен басымдықтарды айқындай алу
  • Көрегенділік, алдағы жасайтын қадамдарының нәтижесін болжай алу
  • Тәуекел деңгейін шынайы бағамдай алу, қажет жерде тәуекелге бас тігіп, орынсыз жерде тыйылу
  • Адамдарды түсіне алу, тыңдай алу, басқалардың пікірін ескере отырып оңтайлы шешім қабылдау
  • Ескіліктің ең тиімді тұстарын сақтап қалу, жаңашылдықты қабылдай алу
  • Адамдармен тіл табысу, ойын жеткізе алу, коммуникация құру
  • Стресске төзімділік
  • Ерік-жігер күші
  • Тапқырлық, төтеннен жол табу


Қалай қалыптастыруға болады?

Көшбасшыға тән осындай қасиет-қабілеттер бойыңнан табылуы үшін оларды үнемі ашып, шыңдап, жетілдіріп отыру қажет.


1. Өз стиліңді қалыптастыр

Мұнда бәрі маңызды: сырт келбет, киім үлгісі, сөйлеу мәнері, әдеттер мен қылықтар. Осының бәрі бірігіп келіп ішкі мазмұнды одан әрі байыта түседі. Өз стилі айқын қалыптасқан жанды қабілеттері мен біліміне көз жеткізбей тұрып та нағыз көшбасшы ретінде қабылдау, оған сену оңайырақ.

Мысалы, сары түс көшбасшылардың түсі болып саналады. Егер командада көшбасшылық позицияны алғыңыз келсе, киім-кешек пен аксессуарларда сары, қызғылт сары, тоқсары, ақшыл сары реңктерді көбірек қолданыңыз.


2. Адамның жан-дүниесін таны

Бұған басқаларды мұқият тыңдау, ұғыну, жағдайына түсіністікпен қарау, айтқандарын ой елегінен өткізу көмектеседі. Адамның эмоцияларын, сезімдерін, ым-ишара мен мимикасын түсінуге тырысыңыз. Ойша оның аяқкиімін киіп, жолымен жүріп көруге талпыныңыз. Осылайша басқаларды түсіну оңайырақ бола түседі. Адамның жан-дүниесін жақсы түсінгенде оның тілін табу, келісімге келу де оңайырақ.


3. Ойыңды еркін жеткіз

Ойыңды ашық, еркін жеткізе алу, сөздік қордың бай болуы, сондай-ақ анық, нық сөйлеу сіз туралы тек жақсы пікір қалыптастырады. Сөйлей алатын адамға басқалар тез сенім артады, идеясын қолдайды, соңынан ереді. Ойды дөп сөздермен жақсы жеткізе алу үшін көбірек оқып, көбірек сөйлеу керек. Ал сөздерді анық, дұрыс дыбыстау үшін артикуляциялық гимнастика, диафрагма жаттығуларын жасау қажет.


4. Бірінші бол

Сіздің өміріңізді басқа біреу ұйымдастырады, бірдеңені жасап береді деп күтпеңіз. Сіздің ойыңыздағы жолмен бірінші өзге біреу жүрсін, қауіпсіз болса, мен де жүріп өтем демеңіз. Белсенді болып, басқаларды басып озуға, жол бастаушы болуға тырысыңыз. Идеяларды ұсыныңыз, айналаңыздағы адамдарды қызықтырыңыз. Ең бастысы, жауапкершілікті толықтай өз мойныңызға алуға дайын болыңыз. Нәтиже жақсы болса – жетістік сіздікі, нашар болса – тәжірибеңіз толығады.


5. Ерік-жігеріңді шыңда

Адамдарға басшылық жасау – тапсырманы беріп қойып, өзің бос жүру емес. Бірінші кезекте өзің орнатқан ережеге, тәртіпке өзің бағынуға тиіссің. Сондықтан сізді ешкім бақылап тұрмаса да, ешкім жауап алуға қақысыз болса да, тәртіпке бағынбауға, кешігуге, жұмыс уақытында басқа шаруамен айналысуға өзіңізге рұқсат бермеңіз. Ерік-жігерді, мінез-құлықты барынша шыңдап, командадағы ең тәртіпті, ең еңбекқор, ең жауапкершілігі мол тұлға өзіңіз болыңыз.


6. Өз үлгіңді тап

Атақты адамдар, жетістікке жеткен көшбасшылар арасынан өзіңізге ұнайтын, көзқарастарыңыз ұқсас тұлғаны табыңыз. Оның өмірбаянымен, еңбек жолымен танысыңыз. Өмірде бар жан болса, парақшаларына жазылып, бақылаңыз, жазбаларын оқыңыз. Үлгі алыңыз, энаргиясын сезініп, күш алыңыз.


7. Мақсат қой, соған жет

Өзіңізге бір мақсат межелеп алыңыз. Оның үлкен не кіші болуы маңызды емес. Дәл қазіргі шама-шарқыңызға қараңыз, сіз үшін қол жеткізу қиынға түсетін мақсат болмасын. Көздегеніңізге жету үшін бәрін жасаңыз да, жетіңіз. Келесіде мұратты одан үлкенірек қойып, соған ұмтылыңыз. Осылайша өзіңізді «мақсат қою – мақсатқа жету» жолындағы әрекеттер мен әдеттерге дағдыландырасыз. Мұнда ұсақ-түйектен басталған нысананы бірте-бірте үлкейтіп отыру маңызды. Сонда ғана сізде өсу, даму орын алады. Мақсат неғұрлым биік болса, жетістік те соғұрлым биік.


8. Білім мен тәжірибені үздіксіз жина

Әрқашан өзіңді дамытып, жетілдіріп отыру маңызды. Білім алуды, тәжірибе жинауды тоқтатқан сәттен бастап, көп ұзамай-ақ өсу де тоқтайды. Сондықтан, жаңа нәрсені игеруді, түрлі жобалар мен шараларға қатысу арқылы тәжірибе қорын ұлғайтуды үздіксіз процесске айналдырыңыз.

Нағыз көшбасшы өзі ғана алға жылжымайды, айналасындағыларды да алға ұмтылуға ынталандырады. Осылайша тұтас қоғамның дамуына, жақсаруына үлесін қосады. Көшбасшылық дағдыларды дамытудың ең маңызды себептерінің бірі де осы.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

ӘЙЕЛДЕРДІҢ күйеуіне ЖАҚПАЙТЫН 7 әдеті