Мектептегі БУЛЛИНГ жайлы ата-ананың 5 ҚАТЕСІ

0
1 016

Осы қате ойлар буллингке көз жұма салуға жол ашады


Мектептегі БУЛЛИНГ жайлы ата-ананың 5 ҚАТЕСІ

Балалардың бір-біріне әлімжеттік көрсетуі өршімесе, кемімей тұр. Буллингті білім ордасы қабырғасында жүріп-ақ еш жасқанбай жүзеге асырады. Мәселенің өзектілігі мемлекеттік дейгейде мойындалған. Буллингке қарсы күрес аясында тиісті ережелер орнатылып, қағидалар қабылданып, іске асыратын мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар бекітіліп, шаралар іске асырылуда. Сонда да кішкентайлардың үлкен проблемасы неге тоқтамай тұр?

Ата-аналардың білместігі немесе қате түсінігі балалар буллингіне көз жұма салуға апарады. Байбалам салатындай соншалықты үлкен мәселе емес деп ойлайды. Соңы неге соқтыратынын болжауға бас қатырмайды.


«Бастысы, менің балам емес»

Мектептегі буллингте негізінен үш кейіпкер бар: буллер, оның құрбаны сонымен қатар, «көрермендер». Үшіншісі – өзі ешкімге буллинг жасамайды, оған да ешкім тиіспейді, дегенмен әлімжеттікті шетте тұрып бақылайды, онымен күреспейді, еш кедергісіз орын алуына жол береді. Шын мәнінде, буллинг жағдайында тек құрбан ғана жәбірленуші емес, одан үш кейіпкер де зардап шегеді. Буллер қазір күшті, беделді боп көрінгенмен, тұлғалық қалыптасуында үлкен ақаулар орын алады. Оның зардабы келешекте, ересек өмірде анық көрінеді. Буллингке ұшырайтын бала туралы айтпаса да түсінікті. Шетте қарап тұрумен шектелген «көрермен» де көз алдында болған буллингтің әсерінен күйзеліске түседі. Қазір болмаса, кейін. «Сол кезде неге араласпадым? Неге қорғамадым?» деген сияқты ойлар жандүниесінен өшпейтін сызат қалдырады.


«Ұрып-соқпаса болды»

Буллингті тек ұрып-соғу, одан басқалары жай ғана кофнликт деп ойлайтындар бар. Олар күлкі ету, төмендету, келемеджеу, елемеу, ортадан бөлектеу, ешкімнің сөйлеспеуі, ортақ іс-шараларға шақырмау, ақша бопсалау, заттарын алып қою, тығып қою сынды әрекеттерді әлімжеттікке санамайды. Бірақ, ұрып-соғудан адам физикалық жарақат алса, кейінгі айтылғандардан жан жарақатын алады. Тән жарақатына қарағанда, жан жарақаты қаттырақ батады, ауырсыну сезімі эмоционалды фонда жылдар бойы сақталады.


«Кінә өзінен де бар шығар»

Баланы дұрыс қорғауға білімі жетпейтін, уақыт бөле алмайтын немесе мәселенің маңыздылығын жете түсінбейтін ата-ананың буллингпен күресуге ықыласы болмайды. себебі ол мұны болмашы нәрсе деп санайды, ол үшін ізденуге ерінеді, т.б. Оның орнына балаға «Өзіңнен де кінә бар шығар, сен бүйтпеуің керек еді, сонда олар үйтпейтін еді» деп айыпты өзіне аудара салған оңай.

Екінші жағынан, кейбір балалардың буллинг құрбаны болуы заңды деп санайтындар да бар. Мәселен, рең-басы ұсқынсыз, әлсіз, мақтаншақ, тым ақылды, қызуқанды, өзін дұрыс ұстамайтын не дұрыс сөйлесе білмейтін, мұғалімді тыңдамайтын, т.с.с. «Осындай жұғымсыздығы бар балалар кез келген ортада «ұсқынсыз үйрек» болып, үнемі шеттету көреді, оны қорлықтан қорғау мүмкін емес» деп ойлайды.

Шын мәнінде, кез келген бала буллингтің құрбаны болуы мүмкін - әдемі де, сабырлы да, озат та, тілалғышы да... Одан бөлек, түр-ситпаты, мінез-құлқы, жағдайы қандай болса да, ешбір бала буллингке ұшырамауға тиіс. Оның қауіпсіздігін үлкендер – ата-аналар мен мұғалімдер қамтамасыз етуге міндетті. Қалай? Үйдегі, сыныптағы әрбір баланың тәрбиесімен айналусы, оларды тыңдау, түсінумен. Қандай адам болса да, ешкімнің ешкімді ренжітуге, қорлауға құқығы жоқ деген ойды балаларға жеткізу маңызды.


«Қорқасың ба не? Өзіне қарсы шықпайсың ба?»

Бүгінгі ата-аналардың басым көпшілігі ұл-қыздарын «Ешкімге тиіспе! Тиіссе – аяма!» деген қағидамен өсіреді. Баласы қатарластарынан жәбір көргенде бірінші айтатыны: «Солардан қорқасың ба не? Әлсізсің бе? Өзіне қарсы шықпайсың ба? Сені біреу бір ұрса, қарап тұрма, сен екі ұр. Жылама! Ешқашан жылаушы болма!» – осындай сөздермен баласын қолдау білдіріп, жігерлендіріп жатырмын, оған сенім артатынымды білдіріп тұрмын деп ойлайды. Шын мәнінде, ол балаға қатыгез болуды, конфликті тек ұрып-соғумен шешуді үйретіп жатыр.


«Балалардың арасына түспеймін»

Балалардың арасына түсу дұрыс емес, олар конфликттерін өздері шешуге тиіс деп ойлайтындар да бар. Иә, ойнап жатқан балалар таласып, жылап, әр келіспей қалған арасына түсіп, ақыл айта беру, бірін жақтап, екіншісін даттау дұрыс емес. Ондайда өздері шешуді үйренгені жақсы. Бірақ, бұл процесс ересектердің бақылаусыз болмауы керек. Балалар шектен шығып, жағдай ушығып, бір-біріне зиян келтірмеуі үшін. Ал буллинг – дәл осы шектен шыққан, ушыққан жағдай. Ол ата-ана мен ұстаздың араласуынсыз оңайлықпен шешілмейді. Мәселеге ересектердің араласуы және барынша заңды жолмен, естілікпен әрекет етуі маңызды.

Адам кез келген жасында өмір мектебінен сабақ алумен болады. Қиыншылықтармен бетпе-бет келу, оларды шешумен шыңдалады. Бірақ, солай екен деп баланың басындағы мәселені өзіне тапсырып қоя салуға болмайды. Ол – әлі қатаймаған, жас шыбық. Кез келген уақытта сынып, өмірі үзіліп кетуі мүмкін.

Көз жасы мен реніш ешкімге күш бермейді, керісінше әлсіретеді. Әсіресе, ең жақын адамдары оларды естімесе, түсінбесе, мәселелеріне мән бермесе, сенбесе, қорғамаса. Өкпе, реніш, ашу, агрессия ьбойында әбден жиналып, кез келген уақытта үлкен жарылыс туғызады. Дұрыс реакция беру, тыңдау, қолдау, қорғау, мәселе өзінде емес, ренжіткен адамда екенін түсіндіру ғана баланы дұрыс бағытқа сілтейді.

Мектептегі тәртіп пен психологиялық климатқа директор, тәрбие ісі мамандары, сынып жетекшісі, психолог жауапты. Көмек алу үшін оларға кез келген уақытта жүгінуге құқылысыз. Буллинг жайлы нақты, дәлелді фактілер жинаңыз (болған оқиға, орын алған күні, уақыты, қатысушылар, т.б.) Мектептегі жауапты мамандармен сөйлесіңіз. Әрі қарай ақылдаса отырып тиісті қадамдарды жасаңыз. Егер жай сөйлесу жолымен шешілмесе, оң шешім табуына қызығушылық танытпаған тұлғаның атына (ол ата-ана, мектеп директоры, мұғалім – кез келгені болуы мүмкін) арыз жазу – ұятты қадам емес. Мктеп басшылығының үстінен қарайтын жоғарырақ мекемелерге баруды ар санамаңыз. Балаңызды барынша қорғаңыз.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Қандай әңгімені ДАСТАРХАН БАСЫНДА айтуға болмайды?