ОСЫ арқылы өміріңізді қиындатқан ПЕРФЕКЦИОНИЗМНЕН арыласыз

0
1 848

Әрбір екінші әйел перфекционист, олармен отбасы болу оңай емес.


ОСЫ арқылы өміріңізді қиындатқан ПЕРФЕКЦИОНИЗМНЕН арыласыз

Перфекционизм – адамның үнемі мінсіздікке ұмтылуы. Перфекционист өзін қателесуге, кемшілігімді көрсетуге құқығым жоқ деп санайды. Сондықтан әрбір ісін, сырт келбетін, көрінісін, айтар сөзін, бұйымын, қарым-қатынасын идеалды етіп көрсетуге барын салады. Оның талабы өте жоғары және үнемі өзіне сын көзбен қарап, үздіксіз бағалап отырады. Соның арқасында бір орында тоқтап қалмай, даму үстінде болады. Перфекционистердің басым көпшілігі жетістігі көп, мансап баспалдағында жоғары лауазымдарды иеленеді. Оның әрбір әрекеті мақтауға лайық, қай ортада болмасын адамдардың қошеметіне бөленіп жүреді.


Мұның бәрі жақсы-ақ. Алайда перфекционизм – кейде зияны да бар қасиет.

Әсіресе, күнделікті тіршілікте оңайды қиындатып, жеңілді ауырлатып жіберетіні жаман. Ол жүйке мен физикалық жай-күйге көп күш түсіреді.

Перфекционист бәрінің мінсіз болғанын қалайтындықтан, кемшілікті қабылдай алмайды. Кішкене қателік жіберсе, сол үшін өзін жазғырып, тіпті өзі өзіне жаза кесіп, соны өтеп шығуы да таң қаларлық нәрсе емес.

Біреудің жасағанына көңілі толмайтындықтан, барлық істі өзі жасап, бәрін өз мойнына іліп алады. Бір шаруаның өзін нәтижесі ұнамағандықтан, бірнеше қайтара жасайды. Содан келіп бір мезгілде бірнеше жұмысты істеуге тура келеді, бос уақыты болмайды, шаршау, қажу орын алады.

Үнемі қате жасап қоюдан қауіптеніп, кемшілігін көрсетіп қоюдан қорқып жүреді. Соның себебінен батылдық, тәуекелшілдік, еркіндік, шығармашылық қабілет сынды қырлары басылып қалады.

Қанша жерден мінсіз болып тұрса да, өз-өзіне қанағат қылмай, көңілі бір жайланбай жүреді.

Өзіне ғана сола қараса бір жөн ғой, айналасындағы адамдардың да мазасын қашыратыны бөлек әңгіме.

Перфекционист болу немесе перфекционистпен өмір сүру – бұл күнделікті жүйкені жұқарту, көңілі толмау, разы болмау, тынымсыздық, т.с.с.

Бір сөзбен айқтанда, азапқа толы өмір. Себебі, олар өзіне қандай жоғары талап қойса, басқа адамдардан да дәл солай талап етеді. Отбасындағы жайттарды айтсақ, жұбайының сырт келбетіне көңілі толмай, көп сынайды. Баласының, ата-анасының бауырының бойындағы өзіне ұнамайтын қырларын қабылдай алмайды. Әрбір істен мін тауып, қайта жасауды, дұрыс істеп үйренуді талап етеді. Киім-кешектің, шұлыққа дейін түп-түзу болып бүктелмегені; заттардың бой-бойымен қатарласа орналаспағаны; ешқандай маңызды шаруасы болмаса да, отбасы мүшелерінің күнделікті бір уақытта ұйықтап, бір уақытта оянбағаны; тостағанның өз орнына емес, шкафтың басқа есігіне қойыла салғаны; қабырғадағы сағаттың қисаюы; шаңсорғыштың тұтқасын нұсқаулықта көрсетілгендей ұстамауы – осындай бітпейтін ұсақ-түйектердің өзі олар үшін үлкен мәселе. Осындай болмашы нәрселер үшін де дау шығарып, өз айтқанындай бола қоймағаны үшін кешіре алмай жатады. Адамның ынта-ықыласын, ниетін, талпынысын бағаламайды, тек нәтижеге қарап баға береді. Мұның бәрі отбасылық қарым-қатынастың жайлы болуына үлкен кедергі және көптеген ұрыс-керістердің орнауына себеп. Егер өзіңіз немесе жақын адамыңыз перфекционист болса осы айтылғандардың бәрі сізге таныс болатыны анық.

Өмірдің, қарым-қатынастың жақсы да жайлы болуына кедергі келтірмесін десеңіз, перфекционизмнен арылу керек немесе үлесін азайту керек.

Кешіріммен қараңыз

Өзіңізден де, басқалардың бойынан да кемшіліктерді, дұрыс емес қырларын тез байқап қоясыз. Сол сәтте «Ол зиянды ма әлде зиянсыз кемшілік пе?» деген сұрақ қойыңыз. Алып бара жатқан залалы болмаса, өзіңізді мәжбүрлеп болса да, кешіріммен қараңыз. Бірнеше рет осылай мәжбүрлі түрде жасасаңыз, бірте-бірте бойыңыз үйреніп, дағдыға айналады. «Мінсіз болуға тиісті емес, міндетті емес» деген шаруалар, әрекеттер, заттардың тізімін жасап алсаңыз да болады. Мәселен, үй-жайды реттегенде, сөредегі кітаптардың бой-бойымен немесе алфавит ретімен орналасуы міндетті емес. Киім-кешекті түстеріне қарай бөліп жинау міндетті емес. таңертең тығыз шаруасы болмаса, балалардың күнделікті таңғы сағат 7:00-де тұруы міндетті емес, т.с.с.


«Ештеңе етпес» деп айтуды үйреніңіз

Өмірге жеңіл қарап, кей нәрселерге «ештеңе етпес» деп айтуды үйретіңіз өзіңізге. Өзіңіз не жақыныңыз қателік жіберіп қойса, оны әзілге айналдырып күліп қарай салуға әбден болады. «Ештеңе етпес, келесіде дұрыстаймыз» деуге, «ештеңе етпес, ол соншалықты маңызды емес еді» деп қарауға болатын кездерде перфекционзмді аздап әрі ысыра тұрыңыз.


Жоспар құрыңыз

Мінсіздікке ұмтылу сіздің көп уақтыңызды ұрлайды. Сондықтан, әр күнгі шаруаларыңызды жоспарлап, қайсысына қанша уақыт жұмсайтыныңызды белгілеп алыңыз. Сол жоспардан ауытқымауға тырысыңыз. Тайм-менеджмент заңдылықтарын игеріп, парктикаға енгізіңіз. Перфекционистік қасиетіңіздің күшін «жоспардан ауытқымау», «уақытында аяқтау» деген тапсырмаларды мінсіз орындауға бағыттаңыз. Сонда бір істі қалай жасаймын деп ұзақ ойлану, ойымнан шықпай қалды деп қайта-қайта жасау болмайды.


Тиімділігін бағамдаңыз

Егер бәр нәрсе көңіліңізден шықпай, соны дұрыстау үшін бекерден-бекер артық күш, уақыт, жүйке жұмсап жатқаныңызды байқасаңыз, дереу оның маңздыығын, тиімділігін бағамдаңыз. Мәселен балаңыздың жасаған бір ісі ойыңыздан шықпайды, нәтижесі ұнамайды. Күнделікті қайталап қанша айтсаңыз да, көрсетсеңіз де, ұрыссаңыз да, үйренер емес. Ол соншалықты екі адамның да жүйкесін, уақыты мен энергиясын шығындай беруге, қарым-қатынасты бұзуға тұрарлық нәрсе ме? Қайсысы тиімді, маңызды – осы істі мінсіз етіп жасап шығу ма әлде уақыт, күш, жүйкенің артық шығынынан сақтану ма? Көп жағдада екінші нұсқа жеңіп кетіп жатады.


Керісінше жасап көріңіз

Ойыңыздағы нәтижені, көріністі керісінше жасап көріңіз. Мінсіз болуға тиіс шаруаны кемшілікпен атқарыңыз. Қымбат, сәнді киім киіп бару керек жерге қарапайым джинсы мен футболка киіп барыңыз. Үйдегі реттілік жүйесін бұзып, заттардың орнын ауыстырып қоя салыңыз. Бір істі бірінші рет жасағанда қалай шықты, тура солай ел назарына ұсыныңыз. Сосын нәтижесін бақылаңыз. Осылайша өзіңізге мінсіз болмаса да дүние күйреп қалмайтынын дәлелдейсіз.


Сенім артуды үйреніңіз

Перфекционистің көп жағдайда көңілі толмайтындықтан, жақсы нәтижені, шын жетістікті байқай бермейді. Өзгелердің «керемет, тамаша, өте жақсы» деген бағаларына да сенбейді. Осы нәрсемен жұмыс жасап, басқалардың бағалауына, пікіріне сенім артуды үйрену керек. Кез келген нәтижені жақындарыңызға көрсетіп, пікірлерін сұрап отырыңыз. Сіздің ойыңызбен сәйкес келмесе де, олардың ойына көбірек иланыңыз. Уақыт өте келе өз пікіріңізді де, басқалардың пікірін де ескере отырып, шынайы деңгейді салмақтай алатын таразы пайда болады.


Әр нәрсені жақсартуға тырысу, идеалдыққа ұмтылу дұрыс емес демейміз. Адам өмірін, ісін мүмкіндігі жеткенше жақсартуға үнемі талпынуға тиіс. Алайда, шама-шарқына қарамай, өзіне де өзгеге де дамыл бермей, тынымсыз талпына беріп, жайлылықтан айыруға тағы болмайды. Әлемде ештеңе де мінсіз емес. Әрқашан алтын ортаны ұстану ережесін осы тұста да ұмытпау – ең абзалы.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Жасөспірім балаңыз ЖАЛҚАУ болса, МЫНА әрекеттерді жасаңыз