​ӨТІРІК айтқан ЕРКЕКТІ екі жағдайда КЕШІРУГЕ болады

0
7 689

Кей жағдайларда өтірікті де кешіруге болады, оның бәрі сатқындық емес.


​ӨТІРІК айтқан ЕРКЕКТІ екі жағдайда КЕШІРУГЕ болады

Мысалы, досыңыздың әзілі қызық болмаса да көңілі үшін өтірік күле саласыз... Бірақ өтірікті әркім әрқалай пайдаланады. Бұл біреулер үшін амалсыздан туындаған қажеттілік болса, біреулер үшін негізгі мақсатқа жету амалы.

Әрине, кішкентайымыздан өтіріктің дұрыс емес екенін құлаққа құйып өсеміз. Бірақ бәрібір кейде осындай қадамға барып қалып жатамыз. Ал оны кешіруге бола ма? Әсіресе ерлі зайыптылар арасындағы өтірікті?!


Көпшілік ерлі-зайыптылар арасындағы өтірік айтуды сатқындыққа теңеп жатады және оны ешқашан кешіруге болмайды деп санайды. Сүйікті жарыңның өтірік айтқанын білу, тіпті сіз одан зорын күтсеңіз де оңайға соқпайтыны анық. Өтірік айтып алдаған жолдасын кешіре алмаған әйелдерді де сынауға болмас. Себебі кейбір жандар әйелінің кешірімін алған соң түзеліп, қорытынды шығарудың орнына, керісінше бұрынғыдан да көп өтірік айтуға көшеді. Яғни қанша алдасам да кешіре алады деген ойға беріледі. Бірақ соған қарамастан өтірік айтқан күйеуіңізді кешіру қажет себептер бар.


Шындықты айту үшін әйеліне толықтай сенім білдіре алмаған жағдайда...

Соңғы шешімді қабылдамай тұрып, жолдасыңыздың не үшін өтірік айтқанының себебін ойланып көріңіз. Менен жасырып қалды, өтірік айтты деген ойдан сәл алыстап, не үшін бұлай істегенін түсінуге тырысыңыз. Мүмкін жолдасыңыз шындықты айту үшін сізге толықтай сенім білдіре алмаған шығар. Әрине, ерлі-зайыптылар арасында толықтай сенім болуы қажет. Онсыз отбасының берекесі кетеді. Сондықтан мәселені жан-жақты қарастырып, осыған өз кінәңіздің де бар жоғын зерделеп көруіңіз қажет. Жолдасыңызбен арадағы сенімді арттыруға күш салыңыз.



Шындық әйелінің жанын қатты жаралайтын болғандықтан...

«Тәтті өтіріктен ащы шындық жақсы» деп жатамыз. Әрине, бұл дұрыс. Алайда кей жағдайларда шындық еңсеңді көтеріп тұра алмастай етіп тастайды. Сондықтан кейбір жандар сүйгенінің жанын жараламас үшін, өмір бойы шындықты білмейтін болады деген үмітпен өтірік айтады.

Сондықтан бұл жағдайды өтірік айтты деп емес, «менің жағдайымды ойлағаннан, қамқорлық танытқаны» деп қарастырып, жолдасыңызды өз алдыңызда ақтап алғаныңыз дұрыс. Бірақ мұндайды өз пайдасына асыратын ер азаматтар да кездеседі. Сол себепті жолдасыңыздың қаншалықты жиі өтірік айтатын, айтпайтынына, сізге деген қамқорлығына мән беріп, жақсылап ойланып барып шешім шығару керек.


Кейбір әйелдер әдейі кешірмейді

Ашу-ыза – жолдасыңыздың өтірік айтқанын білген кездегі ең алғашқы көрініс беретін эмоция. Бұл алғашқы сәтте түсінікті және қалыпты жағдай. Себебі жарының өтірік айтқанын сатқындық деп санайтындар жеткілікті. Сондықтан олар эмоциясын жасырып қала алмайды.

Кейбір жандар жолдасын кешірсе де сыртқа білдіртпеуі мүмкін. Себебі сол өтірік айтқаны үшін жақсылап сабақ берудің сәті деп ойлайды. Алайда мұндай қадамға барудың қажеті жоқ. Жұбайының жанында жүріп кешірімін ала алмаса, өзін кінәлі сезініп, бұл уақыт өте үлкен мәселе туғызуы мүмкін. Мысалы жүйкесі сыр береді, ішкілікке салынады т.б жағдайлар. Сондықтан кешірген жағдайда, енді бұлай алдамауы керектігін түсіндіріп, баса айтыңыз. Оның үстіне кешіре тұрып, оны сыртқа білдірмеу, ол да өтіріктің бір бөлігі, яғни сіз де жолдасыңызға өтірік айтып алдап тұрсыз.


Міне кей жағдайларда өтірікті де кешіруге болады, оның бәрі сатқындық емес. Тек егер жолдасыңыздың жиі өтірік айтатын әдеті пайда бола бастаса, онда мынаған назар аударыңыз: сіздің ер азаматыңыз жәймен нағыз өтірікшіге айналып бара жатыр немесе оның нағыз шынайы бет-бейнесі анді ашылуда.


Дайындаған: Э.Базарбаева,

ERNUR.KZ.