Амалбек Өміртай: "Нағыз волонтерлар жылы енді басталатындай..."

0
3 150

​Жақында ғана «Волонтерлар жылын» қортындыладық. Өткен жылы еріктілер көрсеткен ерліктердің қаншалықты екеніне сіз бен біз куәміз. Аймақтағы, елдегі, әлемдегі жағдайлар адамдарға қашықтықты сақтауға мәжбүрлеумен қатар, жүректердегі мейірім отының ұшқындауына әсер етті.


Амалбек Өміртай:

Бұл үрдістің келер жылы да жалғасарын естіп, еріктілікті тағы да дәріптей түсуді жөн көрдік. Осы мақсатта Түркістан облысы еріктілер жұмысының үйлестіруші, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» басшысы Амалбек Өміртайға бірнеше сұрақтар қойып, жауап алған едік.


- Амалбек мырза, «Волонтер жылында» өзіңізді еріктілер жанынан көп көрдік. Осы кезде қандай тәжірбие жинап, ой түйдіңіз?


- «Волонтер жылы» аясында Түркістан облысы бойынша 10 мыңға жуық жас волонтер қызметке тартылып, жыл бойы үздіксіз жұмыс жүргізді. Бұл үрдіс 2021 жылы да өз жалғасын табатын болады. Ерікті болу тек жылдар арасында қалып қоятын, жалғасын таппай қалатын жұмыс емес. Бұл бағзыдан келе жатқан, «жетімді жылатпа, жесірді құлатпа» деген ата-бабаларымыз аманаттаған үрдістің жалғасы деп білемін. Біз тек біріккен, жұдырықтай жұмылған кезде ғана «біз» болып, өзімізді көрсете алатанымызды түйдім.


- Жыл бойы жұмыс атқарылған 7 бағыт бойынша облыс волонтерларының үйлестірушісі болғанда, неге жіті мән бердіңіз?


- «Волонтер жылына» орай, Түркістан облысында аймақтық фронт-кеңсе ашылып, фронт-кеңсенің жылдық жоспарына сәйкес, волонтер жылының 7 жалпыұлттық жобасы аясында «Bilim», «Sabaqtastyq», «Asyl mura», «Qamqor», «Taza alem», «Umit», «Saylyq» бағыттарында көптеген іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылды.

Атап айтар болсақ, «Asyl mura» бағыты бойынша өскелең ұрпаққа үлгі боларлық көп дүниелер жасадық. Онда біздің аймақтағы тарихи-мәдени орындарды қалыпқа келтіру және насихаттау жұмыстары жүрді. Нәтижесінде республика бойынша Түркістан облысы оқ бойы озық тұрғанын мақтанышпен айта аламыз.

«Saylyq» бағыты бойынша Түркістан қалалық қан орталығында «Мен-донормын, өзгеге үміт сыйлаймын!»атты қайырымдылық акциясы өтті. Одан кейін, «Birgemiz: Taza Alem» жалпыұлттық жобасы аясында жастар арасындағы экологиялық қозғалысты дамыту мақсатында, «Экологиялық мәдениет – біздің таңдау!» атты іс–шара өткізілді. Тағы бір ерекше шара – облысымызда алғаш рет «Жастар таза қала үшін!» атты плоггинг өткізілді. Мұндай тазалық акциялары облыс бойынша барлық аудан, қалаларда жыл бойы үздіксіз жүргізіліп отырды. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» атты шағын гранттар аясында Кентау, Түркістан қалаларында және Қазығұрт, Отырар аудандарында көшет ағаш отырғызылды.

«Sabaqtastyq» бағыты аясында жыл басында Түркістан қаласындағы көмекші мектеп-интернатының ерекше күтімді қажет ететін тәрбиеленушілеріне арналған «Жүректен-жүрекке!» акция-челленджі ұйымдастырылды. Ал «Qamqor» бағыты аясында облыстық Жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған волонтерлар тобы «Ардагерге құрмет!» атты қайырымдылық акциясын жүргізді.


Ең бір ауқымды жоба, «Bilim» бағыты бойынша қолға алынды десек болады. Түркістан қаласында «OPEN ENGLISH» жобасы бастау алып, курста 30 оқушы екі кезеңге бөлініп тіл үйренді. Волонтер жастардың шет тілдерін меңгеру дәрежесін көтеру мақсатында жоба екінші рет бастау алып, жоба аясында волонтер жастар жалпы 4 аптаны құрайтын арнайы әзірленген бағдарлама бойынша ағылшын тілінде дәріс алды. Әріқарай жоба қатысушылары волонтерлық тұрғыда өздерінің алған білімдері арқылы өңірдің басқа да жастарының ағылшын тілін меңгеруіне ықпал жасап келеді. «Birgemiz: Úmit» жобасы аясында Түркістан қаласында волонтер жастарға арналған алғашқы медициналық көмек көрсету сабақтары өткізілді.

Еліміздегі төтенше жағдай кезінде облыс көлемінде 1700 акция ұйымдастырылып, бұл акцияларға 10 мыңға жуық волонтер көмек көрсеткенін де айта кетуіміз керек.

Мұның барлығы да еріктілікті бір ғана бағытта емес, барынша жан-жақты насихаттауға тырысқанымыздың дәлелі.


- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Волентерлар жылын» келесі жылы да жалғасын табатынын атап айтты. Осы орайда нақты жоспарларыңызбен бөліссеңіз?


- Иә, қазір осы бойынша өз жоспарларымызды кеңейтіп, облыстағы барлың аудан, қала жастарын еріктілікке тарту, сонымен қатар еріктілер мәдениет қалыптастыруды көздеп отырмыз. Міндетті түрде бағдарламаны іске асыру нәтижесінде облысымызда волонтерлік қызметке тартылатын жастар саны артады, волонтер жастарды қолдау, облысымызды дамыту, рухани және мәдени-тарихи мұраларды сақтау, т.б. бағыттағы жобалар мен іс-шаралар жүзеге асырылады. Сондай-ақ, волонтерлерді даярлау бойынша онлайн яғни, әлеуметтік желі арқылы және оффлайн курстар ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында «30 қайырымды іс» жалпыұлттық марафоны аясында облыс көлемінде іс-шара ұйымдастыруды қолға аламыз.



- Сіздің ойыңызша, волонтер болу үшін жастарда қандай қасиет болу керек?


- Мақтааралдың басына күн түскенде, әлемде ковид басталып, әр қазақстандық үйде отыруы керек болған жағдайларда біз небір қорқыныштың бәрін артқа тастап қиындыққа қарсы тұрдық. Дәл осы тұста түсінгенім, ерікті болам деген жастың бойында Мағжан сенген жалын мінез, арыстан айбат, Абай айтқан нұрлы жүрек, ыстық қайрат болуы керек екен. Өзінің тарихынан, әдебиетінен, мәдениетінен нәр алып, білім алып өскен кез келген қазақтың баласы біз мақтанатын волонтер бола алады!