No-till технологиясы – нөлдік өңдеу жүйесі, сүр танапсыз тікелей себу бойынша алғашқы сынағы өңірде осыдан 5 жыл бұрын басталған.
Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстарының барысы мен озық технологияларды пайдаланудың тиімділігі талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Өңірдегі көктемгі дала жұмыстарының барысы мен озық технологияларды пайдаланудың тиімділігі Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен Қазығұрт ауданында өткен семинар-кеңесте талқыланды. Оған агробизнес өкілдері мен ғылыми қызметкерлер, аудан, қала әкімдері қатысты. Басқосуда малазықтық және масақты дақылдарды тікелей егу әдісі таныстырылып, әлемдік тәжірибенің тиімділігі кеңінен талқыланды.
No-till технологиясы – нөлдік өңдеу жүйесі, сүр танапсыз тікелей себу бойынша алғашқы сынағы өңірде осыдан 5 жыл бұрын басталған.
Бразилиядан алынған дән сепкіш құрылғының көмегімен, масақты дақылдардың түсімділігі 2 есе артқан. Ашық аспан астында өткен басқосуға аймақ басшысы жемісті қалдықсыз өңдеуге басымдық беріп, заманауи озық технологияны пайдалануға бет бұрудың маңыздылығын айтты. Егістікті әртараптандырудың тиімділігіне тоқталды. Өңірдегі ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақты дамыту мен әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті ету бағытында жұмыстардың күшейтілетінін атап өтті.
«Халқымыздың 80 пайызы ауылда тұратындықтан, ауыл шаруашылығы саласын дамыту - аса маңызды. Түркістан облысында қарқынды бау шаруашылығы, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу», су үнемдеу технологияларын енгізу және жылыжай шаруашылығын дамыту жүйелі жолға қойылған. Облысымызда аграрлық секторда 74,2 мың агроқұрылым бар. Республикадағы көрсеткіші - 31%-ды құрайды. 2024 жылдан бастап 4 ғылыми мекеме облыс әкімдігінің теңгеріміне қабылданады деп жоспарлануда. Бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы орайда, біз ғылыми мекемелер мен ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері арасында тығыз байланыстар орнатып, шетелдік инновациялық заманауи агротехнологияларды өндіріске шығару, аграрлық ғылымды, білікті кадрлар даярлауды тікелей қолға аламыз. Өйткені еліміз азық-түлік импорттаушы елден экспорттау бойынша әлемдік көшбасшы мемлекетке айналуына мүмкіндігі бар. Жаңа технологияларға көшуіміз керек. Ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті, жалпы өніммен қатар еңбек өнімділігін арттыру бойынша жұмыстар жалғасады», – деді Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі сапар барысында ауданда өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі және Шанақ ауылдық округінде орналасқан «Тілеуберді» шаруа қожалығында жоңышқа дақылын тікелей себу барысымен танысты.
Қазығұрт ауданы өзіндік тарихы және тұмса табиғаты ғана емес, ауыл шаруашылығы өнімдерімен де әйгілі. Оған мысал, 2022 жылы ауданда 66,7 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Осы жылдың көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет тарапынан ауданға төмендетілген бағамен 3500 тонна дизель отыны бөлінді. Ал дала жұмыстарына техникалардың дайындығы 95%-ды құрап отыр.