Құтырма жұқтырды делінген баланың видеосына қатысты дәрігерлер пікір білдірді

0
2 963

Әлеуметтік желілерде ауруханада құтырма ауруы диагнозымен жатқан баланың видеосы таралған


Құтырма жұқтырды делінген баланың видеосына қатысты дәрігерлер пікір білдірді

ERNUR.KZ. Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері аурухана палатасында жатқан баланың видеосына қатысты пікір білдірді, деп жазады Tengrinews.

Осыған дейін әлеуметтік желілерде ауруханада жатқан баланың видеосы таралған болатын. Желі қолданушылары бала құтырма ауруына шалдыққан деп болжады. Қазақстандықтар бұл видеоны әлі күнге дейін таратып жатыр.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіндегілер баланың расында да құтырма ауруын жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жеткізілгенін, алайда ол диагноздың расталмағанын айтты.

"9 қазанда жедел жәрдем бригадасы Жетісай қалалық орталық ауруханасына кәмелетке толмаған баланы жеткізді. Науқасты балалар невропатологы, рабиолог, психиатр және реаниматолог қарап шықты. Оған симптомдық психоз, елесті синдром диагнозы қойылды. Бірақ кейінірек бұл диагноз расталмады", - деп хабарлады баспасөз қызметіндегілер.

Айтуларынша, біраз уақыт ем алған соң баланың жағдайы жақсарған. "Біраз уақыт ем алу керек болды. Алайда баланың ата-анасы стационардан бас тартып, баланың денсаулығына өздері жауапты болатыны жайлы қолхат жазып, баланы үйге алып кетті", - деді ведомстводағылар.

Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері мен баланың ата-анасы құқық қорғау органдарының өкілдерінен видео авторын тауып, оны таратқаны үшін жазалап, моральдық шығын өтеп беруін сұрады.