Жетісайдағы орталық базар маңындағы қызыл сызықтың үстіне шығып кеткен жайма базарлары жойылады
Түркістан облысы, Жетісай қаласында орталық базар маңында жайма саудамен айналысып жүрген саудагерлердің жұмысы тоқтайды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Жетісай ауданы әкімдігінің Facebook парақшасына сілтеме жасап.
Саудагерлерге бүгінге дейін аудан және қала әкімшілігі тарапынан бірнеше рет ескерту жасалған. Түсіндірме жұмыстары да жүргізіліп, базар ішінен арнайы орындар ұсынылған. Алайда олар базар ішіндегі заңды сауда қатарларының тым қымбат екенін алға тартты. Барлық өтініш-тілектерді тыңдаған аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев ретсіз сауда қатарларының заң шеңберінде бұзылатынын айтты.
«Орталық базар маңындағы сіздер орналасқан аймақ қызыл сызық үстінде. Кезінде бұл жер жүргіншілерге арналған жол болса, қазір нағыз сауда қыз-қыз қайнайтын орынға айналып үлгерген. Мұнда тазалық мүлде сақталмайды. Сондықтан бұл ретсіз сауда қатары толығымен заң аясында бұзылатын болады. Сіздерге қала әкімшілігі тарапынан сауда жасауға ыңғайлы орындар ұсынылады», - деді Жамантай Қанайұлы.
Сондай-ақ, саудагерлер аудан әкімінен заңсыз сауда қатарларын 1 қыркүйекке дейін бұзбай тұруды сұрады. Олар бұл ретте мектеп оқушыларына қажетті тауарларын қарызданыпалғанын, қысқа мерзімде тиімді сауда орындарын таба алмайтынын айтып шағымданды. Мұны ескерген басшысы ретсіз сауда қатарының 1 қыркүйекке дейін бұзылмайтынын айтып,осы уақыт аралығында өздеріне тиімді заңды сауда орындарына орналасып алуға кеңес берді.