Ауылдарда нысандар көбірек салынып, көшелер жөнделіп, саябақтар саны жыл сайын артуы тиіс.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Қазығұрт ауданында жұмыс сапарымен болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Онда алдымен «Аманкелді» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Қожалықтың жер көлемі – 2322 гектар. Өндіретін өнім түрлері – I, II және III репродукциялы бидай тұқымы мен жеміс-жидек өнімдері. Онда 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тамшылатып суару әдісімен 405 гектар алқапқа жеміс-жидек егіп отыр. Атап айтқанда, 150 гектарға – алма, 88 гектар жерге – шабдалы, 31 га – шие, 94 га – алхоры, 25 га – өрік, 17 га – алмұрт, 120 га – тайфый сортындағы жүзім.
Қожалық жұмысымен танысқан аймақ басшысы өнімдерді экспорттауды қолға алу қажеттігін айтты.
Аудандағы сапар «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Қазығұрт ауданында іске асырылатын жобаларға арналған жиынмен жалғасты. Онда Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев бағдарлама аясында атқарылар жұмыстармен таныстырды.
«Қазығұрт ауданына Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 2019 жылы 608 млн. 757 мың. теңге жоспарлануда. Жолдарды орта жөндеуге 343 млн. 192 мың. теңге, ал білім саласы бойынша мектептерді ағымдағы жөндеуге 37 млн. 915 мың. теңге қаралды. Сондай-ақ, жоба аясында орталық футбол алаңы, балабақшалар, мәдениет үйі, орталық кітапхана ағымдағы жөндеуден өтеді», – деді аудан әкімі.
Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан басшылығына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын қолдап, ауылды, аймақты көркейту қажеттігін тапсырды.
«Жоба жүйелі түрде іске асуы қажет. Алдымен аудан орталығы, округ орталығы, кейін жыл сайын 5 ауылды көркейтіп, абаттандыру жұмыстары жүргізілу керек. Ауылдарда нысандар көбірек салынып, көшелер жөнделіп, саябақтар саны жыл сайын артуы тиіс», – деді Өмірзақ Естайұлы.
Дереккөз:Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі