ТҮРКІСТАН: 50-ге жуық отбасы Шығыс Қазақстанға жол тартты

0
350

Мемлекеттік қолдау көрсететін 7 облыс белгеленді.


ТҮРКІСТАН: 50-ге жуық отбасы Шығыс Қазақстанға жол тартты

Оңтүстік өңірінен 50-ге жуық отбасы Шығыс Қазақстанға жол тартты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Көші-қон саласындағы мелекеттік саясатты жүргізудің және еңбек ресурстарының теңгерімділігін арттырудың негізгі бағыты – халқы тығыз орналасқан өңірлерден, еңбек ресурстары аз, халқы сирек орналасқан өңірлерге халықты қоныстандырып, ішкі көші-қонды реттеу. Бүгінде Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылға республика бойынша 7050 квота бөліп, қандастар мен қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін 7 облыс белгеленді.


Бөлінген квота негізінде биылғы төрт айда Түркістан облысынан 107 отбасы құрамында 372 адам қоныс аударды. Айта өтейік, ШҚО – 9 отбасы (28 адам), Қостанай облысына – 3 отбасы (7 адам), Павлодар облысына 49 отбасы (225 адам), СҚО – 40 отбасы (93 адам), Қарағанды облысына – 1 отбасы (2 адам), Абай облысына – 4 отбасы (12 адам), Ұлытау облысына – 1 отбасы (5 адам).


Аталған бағдарламаны қолдау мақсатында жеке азаматтар да өз үлесін қосуда. Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ұйымдастыруымен "Ұлы көш" қозғалысының басшысы, облыстық мәслихат депутаты Жаңабай Ағабековтың қолдауымен Шығыс Қазақстан және Абай облыстарына арнайы автобус сапарға шықты.


Мемлекет солтүстік облыстарға қоныс аударғандардың отбасы мүшелеріне бір рет 70 АЕК (258 440 теңге) мөлшерінде ақша, алғашқы уақытта үй жалдауға қаржы береді. Бұдан бөлек билік оларды қысқа уақытқа кәсіби оқуға жіберіп, жұмысқа орналасуға жағдай жасай отырып, жеңілдікпен баспана алуға көмектеседі.


Ал қоныс аударғандарға жұмыс ұсынған жұмыс берушілерге 400 АЕК (1 476 800 теңге) субсидия беріледі.