Жоба аясында жұмыс жүргізуге жалпы аудандағы 399 шаруа қожалығы ниет білдіріп, егіс көлемі 917,6 га болатын инновациялық жобалар іске асырылуда.
Ө.Шөкеевтің төрағалығымен онлайн өткен лездемелік мәжілісте Сарыағаш ауданының әкімі М.Отаршиев ауыл шаруашылығы саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндама жасады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Өңір басшысы Сарыағаш ауданында 1 алқаптан 2-3 өнім алу жобасы бойынша атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді. Айта кетсек, Өмірзақ Естайұлының тапсырмасына сәйкес, 2020 жылы аудан бойынша 92 бірлік шаруа қожалықтың 910 гектар егістік жерінен жылына 2-3 өнім алу жоспарын іске асыру межесі бекітілген болатын.
Бүгінгі таңда жоспарға сәйкес 36704 тонна бірінші өнім (картоп, орамжапырақ, қызанақ, қияр) жинап алынған. Осылайша, шаруалардың қажырлы еңбегінің арқасында аталған аудан облыс көлемінде жылына 1 алқаптан 2-3 өнім алу жобасын іске асыру бойынша көш бастады.
Ендігі кезекте сарыағаштық 379 шаруа қожалық иелері 860 га жерге 2-өнімді егу жұмыстарын жүргізіп жатса, қалғандары осы науқанға қызу дайындық жасауда. Атап айтсақ, жоба аясында жұмыс жүргізуге жалпы аудандағы 399 шаруа қожалығы ниет білдіріп, егіс көлемі 917,6 га болатын инновациялық жобалар іске асырылуда.