Салтанатты марапаттау рәсімінде қатысушылардың өнері бағаланып, жүзден жүйрік шыққан жеңімпаз марапатталды.
Республикалық «Түркістан дауысы-2024» байқауының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Республикалық «Түркістан дауысы-2024» жас орындаушылар байқауы өз мәресіне жетті. Екі күн бойы еліміздің әр өңірінен келген 18 үміткер бақ сынады. Салтанатты марапаттау рәсімінде қатысушылардың өнері бағаланып, жүзден жүйрік шыққан жеңімпаз марапатталды.
Әділ қазылар шешімімен Қостанай облысынан келген Айдар Жазықпаев Гран-при иегері атанды. Жүлделі І орын Маңғыстау облысының қатысушысы Луиза Нұрқуатқызына, жүлделі ІІ орын Алматы облысынан келген Үби Досжанға, жүлделі ІІІ орын Солтүстік Қазақстан облысының үміткері Әбілдә Махамбетәлиге бұйырды. Ал Түркістан облысынан қатысқан Ерік Төленов пен Мейірімхан Назарханов, қарағандылық Қуандық Шалқарұлы, Жетісу облысынан Ақбота Сабыржанова байқау дипломаттары атанды.
Ән додасында 18-35 жас аралығындағы эстрадалық жанрдағы орындаушылар, үлкен концерттік қойылымдарда тәжірибесі бар, басқа республикалық, ұлттық ән байқауларында жетістікке жеткен таланттар екі музыкалық шығарма орындады. Алғашқысы Қазақстанның танымал композиторларының әнін авторлық аранжировкада, екіншісі өзі таңдаған вокалды аспаптық ансамбльдің сүймелдеуімен орындады.
Түркістанның өз қолтаңбасына айналған байқауға Маржан Арапбаева, Бағлан Омаров, Қайрат Баекенов, Мархаба Сәби, Қайрат Мырзахан және Baitanat, Мейіржан Алиакбаров қазылық етті. Жүлделі орындарды анықтау барысында қазылар алқасы үміткерлердің орындаушылық шеберлігіне, дауыс диапазонына, әннің байқау шартына сәйкестігіне, музыкалық өңдеуіне, ән мәтіні мен әуенінің мазмұндылығына, орындаушылардың сахна мәдениеті мен киім үлгілеріне, музыкалық сүйемелдеудің жазылу сапасына баса назар аударды.
Айта кетейік, биыл ән додасы Түркістан облысының мәдениет басқармасы, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Түркі әлемінің туристік астанасына айналған киелі өңірдің рухани-туристік әлеуетін одан әрі танытатын байқаудың негізгі мақсаты – шығармашыл, дарынды жастарды анықтау, олардың өнеріне қолдау көрсету, рухани және мәдени құндылықтар алмасу, қазақ музыкасын насихаттау. Осы бағыттағы мәдени іс-шаралар қатары әрі қарай жалғасады.