ТҮРКІСТАН: Ерікті жастар Саурандағы тазалық жұмыстарына үлес қосты

0
1 465

XIV ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған.


ТҮРКІСТАН: Ерікті жастар Саурандағы тазалық жұмыстарына үлес қосты

Түркістан қаласындағы ерікті жастар Сауран қалашығындағы тазалық жұмыстарына үлес қосты, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің қызметкерлері мен Түркістан қаласындағы ерікті жастар ортағасырлық Сауран қалашығында сенбілік жұмыстарын жүргізді. «Birgemiz» жалпыұлттық жобасының Асыл мұра және Таза әлем қозғалыстары аясында ежелгі Сауран қаласын қалпына келтіру мақсатында волонтер жастардың жеңіп алған гранты бойынша тарихи нысанның жай-күйі, тыныс-тіршілігімен танысуға келген 20-ға жуық ерікті жастар "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің Дәулетияр Адеевтің экскурсиясына қатысып, тарихқа бай өлкенің өткенімен таныса жүріп тарихи қала орнындағы тазалық жұмыстарына белсене үлес қосты.

Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 46 шақырым жерде орналасқан, республикалық маңызы бар ескерткіш саналатын Сауран қалашығы – Сырдария алабындағы маңызды стратегиялық және сауда орталығы ретінде белгілі болған. XIII ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болды. XIV ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған.

Айта кетсек, 2020 - волонтерлар жылына орай, "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Қадырұлы Түркістан облысы және қала әкімдігінің Жастар ресурстық орталығының басшыларымен меморандумға қол қойған. Бірлескен келісімнің нәтижесінде жастар мен еріктілерге туризм, музей ісі және мәдени-көпшілік шараларға қатысуға, гид ретінде танытуға мүмкіндік беріледі.

Сонымен қатар, семинар, лекция, форумдар, қайырымдылық акциялары мен кездесулерге ерікті түрде қатысып, аталған сала бойынша тегін оқыту курстарына да қатыса алады.

Тарихи орындарда жүргізіліп жатқан археологиялық қазбалар мен қайта жаңғырту, өзге де жұмыстарға ерікті жастарды көптеп тарта отырып, музей ісін жастар бойына терең сіңіру жұмыстары алдағы уақытта жалғасын табатын болады.