ТҮРКІСТАН: Еріктілер дәріханалардың қызметін бақылауға алды

0
984

Ақпарат алмасып отыратын еріктілердің ортақ чаты ашылған.


ТҮРКІСТАН: Еріктілер дәріханалардың қызметін бақылауға алды

Мақтааралда дәріханалардың сапалы қызмет көрсетуін бақылау үшін әрбір дәріханаға еріктілер бекітілді, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы Мақтарал ауданына дәрілердің келуін және тиісті мекемелерге дұрыс таратылуын, дәріханаларда белгіленген бағада сатылуын қадағалау мақсатында Мақтаарал ауданы әкімдігінің жанынан құрылған “Мақтаарал – адалдық алаңы” кеңсесі тынымсыз жұмыс жасап жатыр.

Осы орайда кеңсе тарапынан аудандағы 20 дәріхананың әрбіріне еріктілер бекітіліп, дәріханалардың сапалы қызмет көрсетуін бақылауға алды.

Еріктілер тарапынан дәрілердің сатылу бағасы, егу бөлмелерінің санитарлық тазалығы, жұмыс жүргізуге берілген рұқсат қағаздарын бақылауға алынған. Сондай-ақ, тауарға берілетін фискальды чек, арақашықтықты сақтау, маскалық тәртіп, залалсыздандыруға арналған антисептик құралдарының болуын қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ, волонтерлар ақпараттық қызметті де қоса атқарады. Мәселен, дәріханада жоқ дәрінің екінші бір дәріханада бар екені туралы тұтынушыларға ақпарат береді. Ол үшін ватсап желісінен бір-бірімен ақпарат алмасып отыратын еріктілердің ортақ чаты ашылған.

Айта кетейік, күнделікті аудандағы дәріханаларда дәрі-дәрмектерді шектік бағадан асырмау мақсатында "Мақтаарал – адалдық алаңы" кеңсесінің мүшелері дәріханалар мен дүкендерге рейдтік шараларды жүргізіп келеді.

Құрамына санитарлық қызмет мамандары қосылған топ Мырзакент пен Атакент кентіндегі дәріханаларда белгіленген кесте бойынша рейдтер жасауда. Күні кеше болған рейд жұмыстарының барысында 3 дәріханаға ескерту берілген. Атап айтқанда, 2 дәріхананың сатушысы бетперде мен медициналық қолғапты пайдаланбаған, ал 1 дәріхана рұқсат етілмеген егу бөлмесіне пациент қабылдаған.