ТҮРКІСТАН: Кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссия отырысы өтті

0
79

Кәмелетке толмаған балалардың арасындағы құқықбұзушылықтары деректері төмендеген.


ТҮРКІСТАН: Кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі комиссия отырысы өтті

Түркістан облысында кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыка мектебінде Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясының отырысы өтті. Мәжілісті облыс әкімінің орынбасары, кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Бейсенбай Тәжібаев ашып, жүргізіп отырды.


Аталған басқосуға комиссия мүшелері, аудан, қала комиссия төрағалары мен хатшылары, қоғамдық ұйым өкілдері, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі-бала құқығы жөніндегі өңірлік уәкіл қатысты.


«Биылғы 10 айды қорытып, комиссия отырысын өткізіп отырмыз. Кәмелетке толмаған балалардың арасындағы құқықбұзушылықтары деректері төмендеген. Дегенмен оларға қатысты жасалған қылмыстар тіркелуде. Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіз болуы мемлекеттің назарында. Арнайы Заң да бар. Кейбір аудандар бұл мәселеге бей-жай қарап, бас ауыртпай отыр. Өңірімізде белсенді жастар баршылық. «Жастар орталығының» мамандарын да комиссия құрамына қосып, бірлескен іс-шара жоспарын құрыңыздар. Барлық ықпал ету тетіктерін қайта қарауларыңыз қажет. Түркістан мен Сарыағаш, сонымен қатар Жетісай ауданында психологиялық топ құрып, жұмысты күшейтіңіздер», – деді облыс әкімінің орынбасары.


Күн тәртібінде бірқатар өзекті мәселе талқыланды. Жиын барысында облыстық полиция департаментінің ЖПҚБ бастығы, полиция полковнигі Ермек Өсербаев баяндама жасады. Ол кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылықтардың және оларға қарсы орын алған қылмыстарды алдын алу бойынша есепті мерзімде атқарылған жұмыстарды атап көрсетті. Балалар түнгі уақытта ата-ананың бақылауынсыз, заңды өкілдерінсіз жүрсе шара көріледі. 22:00-ден кейін балаларды қабылдаған мекеме мен кәсіпкерлік нысандарының иелеріне де айыппұл салынған. Сонымен қатар тұрақты түрде кездесулер өткізіліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілген.


Кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар жөнінде Сайрам, Сарыағаш, Жетісай ауданының полиция және білім бөлімдерінің басшылары қосымша хабарлама жасады.


Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалды кәмелетке толмағандар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау және ерте жүктіліктің алдын алу жұмыстары туралы баяндады. Баланы қорғау тек білім беру ұйымдары немесе денсаулық сақтау мекемелері ғана емес, үйдегі ата-ана мен заңды өкілінің негізгі міндеті болуы тиіс.


Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова есепті мерзімдегі көрсеткіштермен бөлісті. Содан соң Ордабасы, Төлеби аудандарының кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөнінідегі комиссия төрағалары пікірлерін ортаға салды. Жиында мәселелер талқыланып, ұсыныстар айтылды.


Бейсенбай Дәулетұлы мәжілісте айтылған мәселелер бойынша құзырлы органдарға тиісті жұмыстарды жандандыруды тапсырып, қатаң бақылауда ұстау қажеттігін жеткізді.

Бөлісу