ТҮРКІСТАН: Қазығұрт ауданына 36 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған

0
47

Туризмді дамыту мақсатында жалпы құны 3,3 млрд теңге болатын 6 жобаны іске асыру жоспарлануда.


ТҮРКІСТАН: Қазығұрт ауданына 36 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған

Қазығұрт ауданында биыл 36 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазығұрт ауданында 2024 жылдың 10 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 96,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14,2 пайызға артық орындалған. Оның ішінде, ауыл шаруашылығында - 58,4 млрд теңге, құрылыс саласында - 9,3 млрд теңге, өнеркәсіпте - 12,1 млрд теңге, сауда көлемі - 16,6 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ, ауданға 2024 жылдың 10 айында 36,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл жайында Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.


«Қазығұрт ауданында 2024-2030 жылдар аралығында инвестициялық құны 55,1 млрд теңге болатын 45 жоба іске асырылып, 1 364 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Сонымен қатар, өнеркәсіп саласында құны 30,8 млрд теңгеге 15 жоба іске асырылып, 390 адам жұмыспен қамтылмақ. Ал, ауыл шаруашылығы саласында құны 18,9 млрд теңге болатын 18 жобаны іске асыру көзделуде, нәтижесінде 784 адам жұмыспен қамтылмақ. Бүгінде аудандағы Тұрбат ауылында ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің өнім көлемін арттыру үшін 60 гектар жер аумағына «Тұрбат» агроиндустриалды аймағын құру жоспарлануда. Аталған аймақта 3,8 млрд теңгеге жылыжайлар салынып, 416 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, ауданда биыл мал шаруашылығында 35,6 млрд теңгенің өнімі өндірілсе, егін шаруашылығында 22,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген»,- деді аудан басшысы.


Бұдан бөлек, ауданда 2025-2030 жылдары туризмді дамыту мақсатында жалпы құны 3,3 млрд теңге болатын 6 жобаны іске асыру жоспарлануда. Жобалар іске асқан жағдайда аудандағы туристік аймақтың әлеуеті артып, туристер саны екі есеге артпақ. Сонымен қатар, ауданда 2024-2030 жылдары тамақтану және сауда саласынды 2,1 млрд. теңгеге 6 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.


Инфрақұрылыммен қамту бойынша аудандағы 61 елді мекенің 59-ы ауыз сумен қамтылып, қамту көрсеткіші - 96,7%-ға жеткен. Сондай-ақ, 61 елді мекеннің 60-ы орталықтандырылған электр жүйесімен қамтылып, көрсеткіш 98,4 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар, 61 елді мекеннің 49-ы орталықтандырылған табиғи газға қосылып, қамту көрсеткіші 80,3 пайыз көлемінде.

Бөлісу