ТҮРКІСТАН: "Халық банкінің" ғимараты жуырда салынып бітеді

0
540

Электр энергиясы, су және кәріз жүйелері толық жұмыс істеп тұр.


ТҮРКІСТАН:

Түркістандағы «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ы Түркістан облыстық филиалы ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістанда құрылысы жүріп жатқан бірнеше нысанды аралап, жай-күйімен, жұмыс барысымен танысты. Өңір басшысы алдымен халықаралық талапқа сай ескек есу базасының құрылыс аумағында болды.


Облыс орталығында «Түркістан қаласында спорт кешендері бар есу каналын салу» жобасының 1-кезеңі жүріп жатыр. 2021 жылғы мамыр айында басталған құрылыс 2022 жылы аяқталады. Құрылыс-монтаж жұмыстары барысында ескек есу базасының топырағы қайта нығыздалып, төселген. Резервуарларын бетондау жұмыстары жүргізілуде.


Облыс әкімі сонымен бірге халықаралық теннис орталығы мен мұз сарайының құрылысын да тексерді. Мұз сарайының іргетасы қаланып, енді бағандар бетондалып жатыр. Ал халықаралық теннис орталығының әкімшілік ғимаратында бетондау жұмыстары толығымен аяқталып, 1 мен 2-ші қабаттың электр желілері тартылған. Қос нысан да келесі жылы ел игілігіне берілмек.


Түркістанда «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ы Түркістан облыстық филиалы ғимаратының құрылысы да аяқталуға жақын. Бүгінде құрылыс монтаждау жұмыстары 95 пайызға аяқталған. Барлық қабаттарда жиһаздар жинақталып, электр шамдары орнатылуда. Нысанның қабылдау актісі дайындалуда, ішкі және сыртқы инженерлік жүйелері қалалық жүйелерге қосылған. Электр энергиясы, су және кәріз жүйелері толық жұмыс істеп тұр.


Аталған нысандарды аралап шыққан Өмірзақ Шөкеев әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында салынып жатқан 9 және 12 қабаттық 15 үйдің «А» және «Б» блогындағы инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын көрді. Бүгінде мұнда байланыс, жарық, сумен қамту және кәріз жүйесі, жалпы тұрғындарға жағдай жасау бағытында жұмыстар жүріп жатыр. 2022 жылы үйлердің маңы толық реттеліп, заман талабына сай болмақ.


Түркістан қаласындағы әкімшілік-іскерлік орталығындағы №9 көшесіндегі 9-12 қабатты 32 үйдің де инфрақұрылымын жақсарту, абаттандыру, ауыз су, кәріз, байланыс және электр қуатымен қамту жобалары қолға алынған. Сонымен бірге әкімшілік-іскерлік орталығында көпқабатты тұрғын үйлер салынып жатыр.


Өмірзақ Шөкеев мердігер компания өкілдерімен және құрылысшылармен тілдесіп, нысандарды уақтылы әрі заман талабына сай салып, елге тапсыру міндеті тұрғанына тоқталды. Әкімшілік тарапынан өзекті мәселелерді шешуге қолдау көрсетілетінін айта келе құрылысқа жауапты басшыларға бірқатар тапсырма берді.