Тиісті сараптамалар тағайындалып, күдіктілердің ісі сотқа жіберілді.
ERNUR.KZ. Түркістан облысы Келес ауданында 4 балабақшаның тәрбиешілеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп жазады 24KZ.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымының қызметкерлеріне балаларды ұрып-соқты деген айып тағылды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, күдіктілердің ісі сотқа жіберілді. Бұл туралы аудан прокурорлары мәлімдеді.
Қазір өңірдегі білім және тәрбие беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігіне қатысты тексеріс жүріп жатыр. Арнайы құрылған комиссия өрт қауіпсіздігі, санитариялық талаптардың орындалуы мен тамақтың сапасын тексереді.
"Бұл жерде тек қана балаларды ұрып-соғу емес, оларда қаржының жұмсалуы бар. Жалпы айтқанда балабақшада бала құқығының сақталуына толық көзіміз жетуі үшін барлық іс-шараны жасап жатырмыз. Қазір 97 балабақшаның алтауы ғана тексерілді. Бұл тексеруді тағы 20 күнде аяқтауымыз керек. 3 топ құрылған. Барлығына мамандар бөлінді. Тексеру жұмыстары жүріп жатыр", - дейді Келес ауданының прокуроры Нұрлан Ешенқұлов.