Түркістан облысында минералды су көздері зерттеледі

0
811

Облыс көлемінде 12 минералды су көзі орналасқан.


Түркістан облысында минералды су көздері зерттеледі

Түркістан облысындағы минералды су көздері зерттеледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Сарығаштағы шипажайлар орналасқан Көктерек кентіндегі заңсыз құрылыстарға тосқауыл қойылып, кентті дамытудың жаңа жоспары әзірленеді. Аталған мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында талқыланды. Сонымен бірге Түркістан өңірінде туристік саланы дамыту жолдары да сараланып, салаға жауапты басшыларға тапсырмалар берілді.


«Өңірде туризмді дамытуда жүйелі және әр жылға индикаторлар көрсетілген нақты даму жоспары қабылдануы керек. Таулы аймақтарда әр кәсіпкер өз қалауынша әрекет етіп, нысандар салып жатыр. Ретсіз, жүйесіз ғимараттар көп. Не жоспары, не дизайны жоқ. Осыны реттеңіздер. Туризмнің әр бағыты бойынша жоспар жасаған жөн. Екіншіден, облыстағы шипалы су көздеріне түгел зерттеу жүргізіп, нақты мәліметін ұсыну керек. Адам денсаулығына пайдалы су қоры табылса, сол аумаққа шипажай, туристік кешен салайық. Сарыағаш ауданындағы шипажайлар аумағына зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Заңсыздықтарға тосқауыл қойылады. Ол аумақты дамыту бойынша да көп жылды қамтитын жүйелі даму жоспарын әзірлеу қажет», – деген Дархан Сатыбалды туризмді дамытуда шетелдің озық тәжірибелерін зерттеуді тапсырды.


Жиында Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев облысқа келуші туристер санын арттыру және туристердің болу ұзақтығын арттыру бағытында жұмыстар мен талдаулар жүргізіліп, ұсыныстар жинақталғанын айтты. Облыстағы экологиялық туризмнің келелі мәселелері: ретсіз демалыс орындары, қызмет сапасының төмендігі, статистикалық деректердің жүргізілмеуі және таулы аймақтардағы демалыс орындарының өзге әкімшілік аумақтарда тіркелуі. Мәселен, Төлеби ауданында орналасқан 76 демалыс аймағының статистика органдарында 39-ы тіркелген. Ал, Түлкібас ауданында орналасқан 27 демалыс аймағының 20-сы тіркелген.


Қордаланған мәселелерді шешу мақсатында жалпы «Түркістан облысының туризм саласын дамытудың 2024 - 2028 жылдарға арналған бағдарламасы» әзірленді. Бағдарламада орналастыру орындарын статистика органдарына тіркеу, әлеуетті инвесторларды тарту, инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қамтылған. Сонымен бірге балалар туризмін дамыту, спорттық туризмді дамыту, туристер санын көбейту және өзге де бағыттар бойынша ұсыныстар әзірленген. Биыл мәдениет және туризм басқармасы арқылы 25 республикалық және халықаралық іс-шара өткізілді.


2024 жылы Түркістан қаласы Түркі әлемінің туристік астанасы атанды. Осы орайда, келер жылы басқарма тарапынан 30-дан астам ауқымды іс-шара өткізу жоспарлануда. Мамандар еліміздің өзге облыстары мен шетелдерге іссапарға шығып, туризмді дамыту тәжірибелерін жинақтап жатыр.


Көктерек кенті маңында туризмді дамытуға бағытталған арнайы экономикалық аймақ құру көзделген. Облыс көлемінде 12 минералды су көзі орналасқан. Аталған минералды су көздерінде 56 ұңғыма пайдаланылуда.


Мәжілісте «Сарыағаш» емдеу-оңалту кешені» ЖШС-нің бас директоры Төлеген Байсейітовтің атқарған жұмыстары туралы баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, аталған шипажай Көктерек кенті және көршілес ауылдардың 416 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.


Білікті дәрігерлері, мамандары елге қызмет көрсетуде. 18 гектарда 28 ғимарат пен қосалқы нысандар орналасқан. Бұл ғимараттар ішінде жалпы 674 орындық 8 жатын корпусы бар. Қалғандары әкімшілік және асхана, емдеу корпусы және тағы басқа қосалқы шаруашылық нысандарынан тұрады. Шипажайлар санының артуы және демалушылардың көбеюі жаңа минералды су ұңғымасын қазуды талап етуде.


Облыс әкімі шипажайды дамыту жұмысын жандандыруды, ғимараттарды реттеу, қызмет сапасын көтеру бағытында нақты істер атқаруды тапсырды. Сарыағаштағы шипажайлардың жай-күйі тұрақты бақылауда болады.