ТҮРКІСТАН: Рамазан айында екпе салдыру оразаны бұзбайды

0
1 895

Мешіттерде уағыз айтылмайды, Құран хатым етілмейді.


ТҮРКІСТАН: Рамазан айында екпе салдыру оразаны бұзбайды

Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты екпе салдырсаңыз, тұтқан оразаңыз бұзылмайды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Биыл қасиеті Рамазан айы сәуірдің 13-не басталып, мамырдың 12-не дейін жалғасады. Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты екпе салдырсаңыз, тұтқан оразаңыз бұзылмайды. Бұл туралы Түркістан облысының бас имамы Еркебұлан Қарақұлов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Жалпы 30 күн ораза бойы республика көлемінде Call-орталықтар жұмыс істейді. Тиісінше Түркістан облысында 8(707)740-40-72 нөмірлі ақпарат орталығына қоңырау шалуға болады. Қосымша телеграмда «Сұрақ-жауап ҚМДБ Түркістан облысы» тобы облыс тұрғындарына қызмет көрсетеді.

«ҚМДБ ұйғарымымен мешіттерде атқарылатын діни амалдар карантин режиміне сәйкестендірілді. Мешіттерде уағыз айтылмайды, Құран хатым етілмейді. Екеуі де онлайн түрде жүзеге асырылады. Ол үшін еліміз бойынша «Отыз күнге отыз уағыз» жобасының жоспары түзіліп, облыс, қала, аудан, ауыл имамдары онлайн форматта уағыз айтатын болады. Алғашқы «Тарауық» намазы өңірдегі мешіттерде бүгіннен бастап ара-қашықтықты сақтай отырып оқылады. Ауа райы қолайлы болса жамағаттың мешіт ауласында ғибадат қылғаны абзалырақ»,-деді Еркебұлан Ыбрайымұлы.

Қасиетті «Қадыр түні» 8-мамырдан 9-мамырға қараған түніне келіп отыр. Ораза айт мейрамы - 13-мамыр. Биылғы пітір-садақа жан басына шаққанда 420 теңгеден. Ал, фидия (ораза қазасының бір күндік ақысы) – 2 500 теңге болып бекітілді.

Түркістан облысы бойынша Рамазанға дайындық дін өкілдерінің көмегімен жүзеге асырылуда. Мешіттер антисептик, дене қызуын өлшейтін құралдар, медициналық бетпердемен қамтамасыз етілді.