Жауапты басшыларға, мердігерге нақты тапсырмалар берді.
Түркістан облысында мектеп тапшылығы мәселесін шешу мақсатында биыл 50 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Оның ішінде 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынуда. Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданында бой көтеріп жатқан жайлы мектептердің жай-күйімен танысты. Жауапты басшыларға, мердігерге нақты тапсырмалар берді.
– «Жайлы мектеп» жобасы – Президентіміздің тікелей қолдауымен және тапсырмасымен жүзеге асып жатыр. Жұмысты жауапкершілікпен атқарыңыздар. Құрылыс материалдары, оқу құралдары, парталар мен жиһаздары түгел талапқа сай болуы тиіс. Жергілікті өндірушілердің өнімдері қолданылуы қажет. Жұмысты жылдамдатыңыздар, – деген Дархан Сатыбалды бірқатар түйткіл бойынша сын-ескертпелерін айтты. Олар бақылауға алынады.
Сарыағаш қаласы, «Телемұнара» шағынауданында салынып жатқан жайлы мектептің құрылысы биыл сәуірде басталған. Оның конкурстық құны – 5,1 млрд теңге. Мердігер – «АРТ-Құрылыс» ЖШС. Бүгінде 900 орындық жайлы мектептің құрылыс алаңында 45 адам жұмыс істеп жатыр. Қазір нысанның шатырын жабу жұмыстары атқарылуда. Ғимараттың ішкі сылақ жұмыстары аяқталып, әрлеу жұмыстары басталған. Ішкі электр, жылу, ауыз су, ішкі желдету жүйелерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Еденнің бетон құю жұмыстары аяқталған. Нысанның 1, 2, 3 қабаттарының терезелері орнатылған.
Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданы, Дербісек ауылдық округіндегі 900 орындық мектептің де құрылысын қадағалады. «Жайлы мектеп» жобасы арқылы бой көтерген білім ұясының құрылыс нысанында 155 адам жұмыс істеуде. Бүгінде нысанның ішкі әрлеу, сантехникалық және электр желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Нысанның 1-ші қабатының сыныптарына жарықшамдары орнатылуда, сыртқы фасад, ішкі бояу, едендеріне линолиум төсеу, сыртқы қоршауын орнату жұмыстары қарқынды. Мектептің шатырын жабу жұмыстары толығымен аяқталып, сыртқы абаттандыру жұмыстары атқарылуда. Балалар ойын алаңшасы салынуда. Нысанды осы жылдың соңына тапсыру жоспарланып отыр.
Облыс әкімі бұл ғимаратты да аралап көріп, мердігермен пікір алмасты.
Жауаптыларға анықталған кемшіліктерді реттеу, құрылыс қарқынын бәсеңдетпеу, нысанды уақтылы тапсыру жөнінде тапсырма берді. Жергілікті әкімдік пен басқарма басшыларына инфрақұрылымға қатысты мәселелер туындамауы керек екенін ескерттті. Мектептердің құрылысы қатаң бақылауда болады.