Аудан әкімі мердігерлерге бірқатар тапсырма берді.
Созақ ауданында ауқымды жобалардың құрылысы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында ауқымды жобалардың құрылыс жұмыстары бастады. Атқарылып жатқан жұмыстарды аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы бақылап, мердігерлерге бірқатар тапсырмалар берді.
Атап айтқанда, С.Қожанов және Жібек жолы көшелеріндегі жаяу жүргіншілер жолдарының құрылысы жүргізілуде. Бұл жоба тұрғындардың жүріп-тұруын жеңілдетіп, көшенің көркін арттырады. С.Қожанов көшесіне Шымкент бағытынан кірер тұстағы Ерімбетов көшесінен «Мыңжылқы» мәдениет үйіне дейін 7 шақырымға үлкен жолдың екі бетінен аяқ жол салынуда. Аяқ жолға 235 дана жарықшам, 4 аялдама, 60 қоқыс жәшігі мен орындықтар орнатылатын болады. Бұған қоса үлкен жолға 352 дана көше жарықшамдары орнатылады.
Жібек жолы көшесінде де Шолаққорған-Түркістан бағытындағы айналма жолдан «Мыңжылқы» мәдениет үйіне дейінгі 6 шақырым үлкен жолдың екі бетінен аяқ жол салынады. Жалпы 2,5 шақырымды құрайтын арықтар жаңартылады. Бұдан бөлек, Ш.Оқшиев көшесінен бастап, Шолаққорған-Түркістан бағытындағы айналма жолға дейін 1,5 шақырымды құрайтын велосипед жолы салынады. Бұл көшенің де әсемдігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп, жарықшамдар, қоқыс жәшіктері мен орындықтар орнатылады.
Сонымен қатар, “Достар” стадионының да күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жаңартылған стадионда 450 орындық көрермендер алаңы, жүгіру жолағы мен талапқа сай үлкен футбол алаңы салынады. Ал, «Жасыл белдеу» аумағында ағаш отырғызу жұмыстары белсенді түрде жалғасуда.