ТҮРКІСТАН: Тұрғындардың 87 млн теңгеден астам өсімпұлы кешірілген

0
847

Қарызды төлеуден елімізде көшбасшы болып отыр.


ТҮРКІСТАН: Тұрғындардың 87 млн теңгеден астам өсімпұлы кешірілген

Салықтық рақымшылық аясында Түркістан облысы тұрғындарының 87 млн теңгеден астам өсімпұлдары кешірілген, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында салық бойынша 118 839 борышкердің 77 215-сі (65,5%) 995 миллион теңге төлеп, негізгі қарызды төлеуден елімізде көшбасшы болып отыр. Өңірде есептен шығарылған өсімпұл мөлшері 87,6 млн теңгені құраған.

Айта кетейік, өсімпұлдарды есептен шығару акциясы басталған кезде 1,5 млн жеке тұлға бойынша жалпы қарыз 24,6 млрд теңгені құрады. Оның ішінде негізгі қарыз сомасы 20,3 млрд теңге, өсімпұл 4,3 млрд. теңге.

Мемлекеттік кірістер комитеті жыл соңына дейін салықтар бойынша негізгі қарызды төлеген жағдайда өсімпұлды есептен шығару бойынша рақымшылық қолданылатынын еске салады.

Салықтық рақымшылық жүргізу мерзімі - 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін. Өсімпұлды есептен шығару үшін азаматтардың ешқайда баруының қажеті жоқ. Қарыздың негізгі сомасын төлеу жеткілікті. Өсімпұл автоматты түрде есептен шығарылады. Мемлекеттік кірістер органдарының барлық аумақтық бөлімшелерінде өсімпұлдарды есептен шығару жөніндегі комиссиялар құрылған.

Салықтар бойынша берешектің бар/жоқ екендігі туралы мәліметтерді ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында http://kgd.gov.kz/ru/app/culs-taxarrear-search-web сілтемесі бойынша, сондай-ақ eSalyq mobile (AppStore, PlayMarket) мобильді қосымшасы арқылы тексеруге болады.