ТҮРКІСТАН: "Жауынгерлік өнер қауымдастығының" президенті тағайындалды

0
868

Әкімдік тарапынан қолдау болады.


ТҮРКІСТАН:

Түркістан облысы бойынша "Жауынгерлік өнер қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің президенті тағайындалды, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Түркістан облысы бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің Президенті тағайындалды. Бұл лауазымға ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Әбілсейіт Дүйсебаев ие болды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қазметінде өткен брифингте Облыстық жауынгерлік өнер қауымдастығының басшысы Дәурен Тәңірбергенов мәлімдеді.

Оның айтуынша, өңірімізде жаңадан ғана құрылған аталған мекеме бұқаралық спортты дамытып, жастар мен жасөспірімдерді салауатты өмірсалтын ұстануға шақырады, сондай-ақ олимпиадалық емес спорт түрлерінің халықаралық имиджін көтеруге зор үлес қосады.

«Түркістан облысында Ассоциация 2020 жылдың 28 қаңтарынан ашылып жұмыс жүргізіп келеді. Негізгі мақсаты облыстағы спорт федерацияларына Ассоциацияны қолдау көрсетіп, жастар мен жасөспірімдерді спортқа баулу. Бүгінде осынау мекеменің тізгінін қолға алып отырған Әбілсейіт Оразақынұлын шын жүректен құттықтап, сәттілік тілегім келеді»,– деді Д.Рахымұлы.

Сондай-ақ, жиынға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов жаңа басшыны қызметімен құттықтап, алдағы жұмыстарына әкімдік тарапынан да қолдау болатынын жеткізді.

«Жаңа облыста спорттың ерекше түріне жататын жауынгерлік өнердің дамуына бет бұрып жатқанына қуаныштымын. Өздеріңіз білесіздер аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевтің спорт саласына деген көзқарасы ерекше. Әрдайым спортшыларға қолдау білдіреді. Қазіргі таңда Түркістан қаласында ондаған спорттық нысан салынуда. Жаңадан ашылатын спорт кешендерін пайдалана отырып, өз салаларыңызды дамыта түсуге шақырамын», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Өз кезегінде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы, генерал-майор Әбілсейіт Дүйсебаев сенім артқан әріптестеріне алғысын білдірді.

«Қазіргі таңда жауынгерлік жекпе-жектерді лицензиясы жоқ азаматтар да ұйымдастыра беретін болған. Жекелеген азаматтар өткізген мұндай спорттық шараларда тиісті талаптар сақтала бермейді. Осындай олқылықтарды болдырмау біздің негізгі мақсатымыз. Сондықтан спорт федерацияларына қолдау көрсетіп, жауынгерлік өнердің дамуына аянбай қызмет ететін боламыз», – деді Ә.Оразақынұлы.

Жалпы «Қазақстанның Жауынгерлік Өнер Ассоциациясы 2018 жылдың 26 қарашасында құрылды. Ұйым құрамына олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша аккредитациядан өткен 25 федерация енді, Түркістан облысы, бойынша аккредиттелген 34 спорт түрі бар, соның ішінде 8 спорт түрі жауынгерлік өнер қауымдастығының құрамына кіреді. Олардың қатарында «Түркістан облысының ММА аралас жауынгерлік жекпе-жек федерациясы», «Ушу Кунг-фу федерациясы», «Муайтай федерациясы», «KARATE федерациясы», «Таеквандо ITF федерациясы», «Кикбоксинг федерациясы», «Панкратион және греплинг (AIGA нұсқасы) федерациясы», «Самбо күресі федерациясы» бар. Ассоциация төрт бағыт бойынша жұмыс істейді. Атап айтқанда, карате, жекпе-жек түрлері, толықконтактілі спорт түрлері, ММА аралас жекпе-жек түрі.