ТҮРКІСТАН: Жетісайда спорт алаңшаларының саны артуда

0
2 304

Жетісай ауданына жұмыс сапарымен Түркістан облысының бас спортшысы Қырықбаев Полат Наурызбайұлы келді.


ТҮРКІСТАН: Жетісайда спорт алаңшаларының саны артуда

Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев Жетісай ауданында болып, спортшылармен кездесті деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Жетісай ауданына жұмыс сапарымен келген Түркістан облысының бас спортшысы Қырықбаев Полат Наурызбайұлы Жетісай қаласындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің мәжіліс залында жиын өткізді.

Кездесуге Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Жолдасбеков, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев және аудандық №1, №2, №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің директорлары, қызметкерлері мен бапкерлері қатысты.
Басқосуда бөлім басшысы аудандағы бұқаралық спорттың дамуы, №1, №2 және №3 балалар мен жасөспірдер спорт мектептерінің атқарып жатқан жұмыстары жайлы баяндады.
“Бүгін аудандағы спорт мектептерінде спорттың 11 түрі жақсы дамып келеді. Спорт мектептеріне қатынайтын 1534 жасөспірімге 103 топта 39 жаттықтырушы жұмылдырылған. Көрсеткіштеріміз де жаман емес” - дейді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев.
Сонымен қатар, ауданда 10 айда атқарылған жұмыстарға оң бағасын берген басқарма басшысы Полат Қырықбаев жалпы Жетісайда ғана емес Түркістан облысында бұқаралық спортты дамытуға барлық жағдайлардың жасалып жатқандығын айтады.
“Жалпы біздің облысымызда спортқа ерекше көңіл бөлініп, жұртшылықтың, әсіресе, жасөспірімдердің салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортты дамытуларына барлық жағдай жасалған. Осыған орай сіздер, жаттықтырушылар, мүмкіндікті барынша пайдаланып, еңбектеріңіздің жемісін бұдан да биік деңгейде көрсетулеріңіз керек” - деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, бүгінде аудандағы қала, кент, ауылдық округтерден арнайы жерлер қарастырылып, спорт алаңшаларын салу қолға алынған. Бұл өз кезегінде жасөспірімдердің бос уақыттарын тиімді пайдаланып, қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алуға септігін тигізеді дейді мамандар.