ТҮРКІСТАН: Жол саласын дамытуға 20 млрд. теңгеге жуық қаржы қаралды

0
2 492

828 нысан пайдалануға берілді.


ТҮРКІСТАН: Жол саласын дамытуға 20 млрд. теңгеге жуық қаржы қаралды

Түркістан облысында жол жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жыл қорытындысымен Түркістан облысында 828 нысан не 1,5 мың шақырымнан астам жол мен көшелерде құрылыс-жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді. Ауқымды жұмыстар биыл да жалғасуда. 2021 жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 81,4%-ға арттыру көзделіп отыр. Бұл туралы облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен аппарат отырысында айтылды.

Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 637 шақырымды құрайды. Былтыр автомобиль жолдарын дамытуға бюджеттен 54,8 млрд. теңге бөлінген. Облыс жолдары жайлы баяндаған Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтың айтуынша, биыл жол саласын дамытуға бюджеттен 19,9 млрд. теңге қаралуда. 156 нысан немесе 538 шақырым жолдар мен елді мекен көшелері қамтылады деп жоспарланған.

Биыл Түркістан қаласындағы әуежайға баратын автомобиль жолын, Түркістан-Кентау, Түркістан-Балтакөл, Кентау-Ащысай, Шымкент-Ақсукент, Ақсукент-Қарамұрт, Шымкент-Сайрам, Шарапхана-Жаңабазар бағыттарындағы жолдар пайдалануға берілмек. Бұдан өзге, Мақтаарал, Жетісай, Келес аудандарындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын жаңарту жұмыстарын аяқтау көзделуде.

Сәуір айында Түркістан қаласындағы жаңадан салынған әуежайға баратын 16,3 шақырым жол пайдалануға беріледі. Түркістан-Кентау бағытындағы ұзындығы 19 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде аяқжол, веложол, жарықтандыру қарастырылған. Бұдан басқа Түркістан қаласына Кентау қаласынан кіреберіс 26,6 шақырым жолды жөндеу жұмыстары басталды.

Ал, Түркістан-Балтакөл, Түркістан-Қарнақ-Кентау, Кентау-Ащысай бағыттарындағы 113,2 шақырым автомобиль жолдары күрделі және орташа жөндеуден өткізілуде. Жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталатын болады. Шардара-Темірлан бағытындағы жалпы ұзындығы 162,6 шақырым жолдарға күрделі және орташа жөндеуден өтіп жатыр.

Шымкент-Ақсукент, Ақсукент-Қарамұрт, Шымкент-Көксәйек бағыттарындағы 50 шақырымнан асатын күре жолдар жөндеуден өткізілуде. Жыл соңына дейін жұмыстар толық аяқталып, халық игілігіне беріледі. Ал, Мақтаарал, Жетісай, Келес аудандары аумағында ұзындығы 50 шақырымға жуық жолдар жөнделуде. Одан бөлек, осы ауданда жалпы ұзындығы 184,6 шақырымды құрайтын 11 облыстық маңызы бар автомобиль жолдары жаңартылып жатыр. Бұл жолдар қыркүйек айында пайдалануға беріледі.