Су шығынын үнемдеу мақсатында.
Түркістанда су шығынын реттегіш «Ақылды технологиялар» енгізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласының аумағында ағын су шығыны реттеліп, суару жүйелері жаңаруда. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев су шаруашылығы жұмысымен танысты. Ағын суды Түркістан қаласына жеткізу бойынша жауапты тұлғаларға тапсырмалар берді. Су шығынын үнемдеу мақсатында «Түркістан» магистралды каналын темір бетонмен қаптау жұмыстары жүргізілуде. Барлық шлюздардағы су өлшегіштер есепке алынып, су балансын сақтау жұмыстары жүйеге қойылды.
Облыс әкімінің бастамасымен 2019 жылы Түркістан қаласына және аумағына ағын суды тиімді жеткізу және бір жерден басқару мақсатында Үкімет қаулысымен республикалық меншіктегі 6 су нысандары облыстық меншікке қабылданды. «Бөген» су қоймасы, «Қосқорған» су қоймасы, «Түркістан» магистралды каналы, «Арыс» магистралды каналы, «Қараспан» магистралды каналы және «Қараспан» су торабы облыс иелігіне өтті.
Су нысандарын жергілікті деңгейде тиімді пайдалану Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Сауран аудандары және Арыс, Кентау қаласы өңірлерінің 80 мың геатарға жуық суармалы жерлерін және Түркістан қаласын көгалдандыру жұмыстарын ағын сумен тұрақты түрде уақытылы қамтамасыз етуге мүмкіндіктер беріп отыр. Осы жұмыстарды жандандырып, су нысандарында бір қолдан басқаруды жүргізу мақсатында, былтыр Түркістан, Арыс, Қараспан магистралды каналдарынан су алатын аудандардағы (иесіз, жеке және аудандық меншіктегі) 750 шақырымнан асатын барлық 161 ішкі каналдар облыстық меншікке өткізілді.
Осы тұста, бұрын шаруалар қажеттіліктен артық пайдаланылатын ағын су ысырабына жол бермеу және су беру тәртібін реттеу үшін, облыста алғаш рет тариф бектілді. Нәтижесінде, шаруаларға ағын суды тек қажеттілікке сәйкес бөлу тәртібі енгізілді. Магистралды каналдардан таралатын жалпы 157 шаруааралық каналдардың 100-ден астамы «Тұран су» МКК меншігіне қабылданды. Шаруалардың талап, ұсыныстары бойынша арнайы диспетчерлік қызмет жұмыс істейді.