Түркістандық боксшылар Әлем чемпионатынан туған жерге оралды

0
202

Ұлттық құрама сапында түркістандық 5 спортшы қатысып, 1 алтын, 3 қола медаль қанжығалады.


Түркістандық боксшылар Әлем чемпионатынан туған жерге оралды

Түркістандық былғары қолғап шеберлері Әлем чемпионатынан туған жерге оралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Черногория Республикасы, Будва қаласында 21 қазан мен 3 қараша күндері бокстан жастар арасында әлем чемпионаты өтті. Жаһандық бокс бәсекесіне 73 мемлекеттен 598 спортшы қатысып, шаршы алаң төрінде тартысты жекпе-жектер өткізді. Ұлттық құрама сапында түркістандық 5 спортшы қатысып, 1 алтын, 3 қола медаль қанжығалады.


Осындай аламанда жүлде салған Түркістан облысының былғары қолғап шеберлері туған жерге оралды. Оларды спорт саласының майталмандары мен туған-туыстары және дос-жарандары құрметпен қарсы алып, зор ықыластарын білдірді. Жиында Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмасбек Нақыпбеков әлемдік додадан олжалы оралған жерлестерімізді құттықтап, жаңа жетістіктер тіледі.


Бокстан жастар арасындағы Әлем чемпионатында 67 келіде қолғап түйістіріп, барлық қарсыласын тізе бүктіріп, «Үздік боксшы» атанған Төрехан Сабырхан мен оның жаттықтырушысы Илияс Оралбеков те қарсы алған жанашырларына алғыс білдіріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Енді алдағы уақытта Төрехан 67 келіде ересектер арасында ел біріншілігіне қатысып, бағын сынайды. Ол бұған дейін жасөспірімдер арасында 4 дүркін Азия чемпионы және жастар арасында Әлем чемпионы атанды.


Ал қыздар арасындағы жекпе-жекте үш бірдей ару қола медаль иегері атанды. Атап айтсақ, 52 келіде Бағжан Отынбай, 63 келіде Аружан Жаңабаева және Шұғыла Нәлібайлар қола медальді қанағат етті.


Айта кетейік, бұл біріншілікке Қазақстан құрамасынан 25 боксшы (13 ер, 12 қыз) барған. Мәресіне жеткен Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша, 17 отандасымыз жүлде алды. Тарқатып айтсақ, 6 алтын, 1 күміс және 10 қола. Осылайша Қазақстан құрамасы бірінші рет жастар арасындағы әлем чемпионатында командалық бірінші орынға ие болды.


Әлем чемпионатының жеңімпазы Сабырхан Төрехан мен қола жүлдегерлері Бағжан Отынбай, Шұғыла Нәлібай Түркістан облыстық №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері болса, Аружан Жаңабаева «Түркістан» кәсіби бокс клубының шәкірті.

Бөлісу