Жетісай ауданының шаруалары алдағы жылы ағын судан тапшылық көрмейді

0
2 357

Аталған қайта құрылымдау жұмыстарының бірінші кезеңі алдағы жылы іске асқалы отыр. Ол үшін мемлекет тарапынан 1,2 млрд теңге бөлінетін болады. Ал, екінші кезекте аудан аумағындағы мемлекеттік меншікке өткен барлық каналдарды күтіп-баптап ұстау үшін аудандық «Қазсушар» мекемесіне қажетті техникалар сатып алынбақ.


Жетісай ауданының шаруалары алдағы жылы ағын судан тапшылық көрмейді

Келешекте Жетісай ауданындағы Елбасының тікелей қолдауымен салынған «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы машиналық канал үш кезеңде қайта құрылымдаудан өтетін болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 6,5 млрд теңге бағытталмақ. Егер жоба толық іске асса, 120 мың гектар егістік алқапты ағын сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады.

Аталған қайта құрылымдау жұмыстарының бірінші кезеңі алдағы жылы іске асқалы отыр. Ол үшін мемлекет тарапынан 1,2 млрд теңге бөлінетін болады. Ал, екінші кезекте аудан аумағындағы мемлекеттік меншікке өткен барлық каналдарды күтіп-баптап ұстау үшін аудандық «Қазсушар» мекемесіне қажетті техникалар сатып алынбақ. Бұдан бөлек, құрылысы 10 жылға созылған К-30 және К-26 каналдарының ішкі тармақтарын қалпына келтіру мақсатында арнайы мемлекеттік бағдарлама бекітілмек. Бұл туралы Жетісай ауданына жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-министрінің орынбасары-ауылшаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев мәлім етті.
Министр ауданға жасаған сапары барысында Ш. Ділдәбеков ауылдық округінде орналасқан «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» атындағы машиналық каналдың бүгінгі жай-күйімен танысқан болатын. Аудан басшысы Жамантай Бейсенбаев министрге биыл жетісайлық шаруалар аталған каналдың игілігін көргенін және «Достық» каналынан келетін ағын судың тапшы бөлігін осы канал арқылы толтырылып отырғандығын жеткізді. Алайда 2011 жылы пайдалануға берілген каналдың №1,№2 су тартқыш насостық станциясы аралығындағы 9 шақырымдық габионды бөлігінің бүгінгі жай-күйі сын көтермейді.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары-ауылшаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев сапары барысында мақта бағасын көтеру туралы да өз ойын ашық жеткізді. Оның айтуынша, алдағы уақытта тиісті сала мамандары тарапынан мақта бағасы бойынша арнайы сараптама және зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Сондай-ақ, министр мақта зиянкестерімен күрес жұмыстарына нақтырақ айтсақ, биологиялық әдіске бөлінетін субсидия көлемін арттыруға ықпал ететінін жеткізді.