​Жетісайлықтар қос бірдей мерекені атап өтті

0
2 185

Биыл жетісайлықтар үшін өте табысты жыл болып отыр.


​Жетісайлықтар қос бірдей мерекені атап өтті

Түркістан облысы, Жетісай ауданында жыл қорытындыланып, «Алтын күз - 2018» мерекесіне орай жәрмеңке болып өтті, деп хабарлайды осы өңірдегі ERNUR.KZ тілшісі.

Мәдениет пен ғылымның ортақ мекеніне айналған Жетісай қаласының 49 жылдық мерекесі аясында аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің ауыл шаруашылық өнімдерінің «Алтын күз - 2018» жәрмеңкесі ұйымдастырылып өткізілді. Шараға Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев арнайы қатысып, жұртшылықты айтулы мерекелерімен құттықтады.

Биылғы жыл табиғаттың қолайсыздығына қарамастан жетісайлықтар үшін табысты жыл болды. Егістік алқаптарындағы өнім ысырапталмай дер кезінде жиналып алынды, қамба астыққа толды. Нәтижесінде үстіміздегі жылы 48226,8 гектар мақта алқабына егілген ақ алтынның түсімділігі гектарына 26,2 центнерді құрап, қамбаға 130 мың тоннаға жуық шитті мақта жиналған. Жиналған мақтаның 75 пайызы комбайнмен терілген. Ауданға қарасты Ж.Ералиев, Атамекен, Мақталы, Қарақай ауылдық округтері ақ алтын жинауда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Десек те, ауданда күзгі жиын-терім жұмыстары әлі де жалғасуда.

Жыл санап көркіне көрік қосып келе жатқан Жетісай қаласы соңғы жылдары адам танымастай өзгерді. Елбасының жолдауында айтылған шағын қалаларды көркейту, дамыту тапсырмасына байланысты аудан әкімі Жамантай Қанайұлының тікелей қолдауымен қазір қалада көркейту, көріктендіру шаралары қызу жүріп жатыр. Айтар болсақ, қалада аяқ жолдар салынып, субұрқақтар атқылап, әкімшілік ғимаратының айналасы гүлзар орынға айналған. Аудан орталығы Жетісай қаласының 49 жылдық торқалы тойында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен мәдени іс-шара болып, қаланың дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды.

Шара барысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі, түрлі салалық көрмелер, бауырсақ, палау фестивалдері, көкөніс пирамидалары орналастырылып, түрлі спорттық сайыстары және аудан өнерпаздарының қатысуымен кең көлемдегі концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, «Алтын күз - 2018» мерекесімен қатар келген Жетісай қаласының 49 жылдық торқалы тойында жыл бойына еткен еңбектің нәтижесінде үлкен жетістікке жеткен диқан-шаруалар мен түрлі сала мамандары түрлі номинациялар бойынша облыс, аудан әкімінің, аудандық мәслихат пен қала әкімдігінің марапаттарына ие болды.

Мерекелік шарада қаланың кешегісі мен бүгіні айтылып, тарих беттеріне есімдері алтын әріптермен жазылған азаматтардың істері үлгі етілді.