Қазтамақ гүлі ыдысын ауыстырған соң 4 тәуліктен кейін ғана суғарылады.
Герань немесе пеларгония – бөлме гүлдерінің ішіндегі танымал гүлдердің бірі. Сондай-ақ бұл гүлмен ауланы, балконды да безендіруге болады. Герань гүлі өте сәнді және ол тұрған жерге маса жоламайтыны бар. Бір қарағанға өнуі, өсуі оңай көрінетін бұл гүлдің де күтіп баптау, тамырлатуда бірқатар қиындықтар кездеседі.
Герань гүлін өсіруге қызыққандар мен өсіріп жатқандарға осы гүл туралы қажетті кеңестерді ұсынамыз.
Герань немесе пеларгония гүлінің түрлері
Бұл гүлдің 250-ге тарта түрі бар. Ал бөлме ішіне қоятын түрі бірнеше топтан тұрады.
- Шырмауық жапырақты герань – нәзік өскіндері бар, жапырақтары қанық жасыл түсті болып келеді. Гүлдері түкті және түксіз болады. Жаздың басынан күздің аяғына дейін гүлдейді.
- Зональді – герань гүлінің бұл сұрыпы бөлме гүлдері арасында кең таралған. Өзге сұрыптарға қарағанда мол гүлдейді. Тағы бір өзгешелігі жапырақтарында ерекше исі бар. Сабағы түзу өседі.
- "Королевский" – бұл герань гүлі сұрыптарының ішіндегі ең әдемісі саналады. Гүлдері ірі және түрлі түстері бар. Бұл сұрыптың ерекшелігі кез-келген түстегі гүлінде қара сызық немесе дақ болады. Жапырақтары үйеңкінің жапырақтарына ұқсас келеді. Геранның бұл сұрпы күй талғағыш келеді. Уақтылы күтіп баптауды қажет етеді.
- Хош иісті – аты айтып тұрғандай бұл сұрып хош исімен ерекшеленеді. Гүлдері ірі емес. Көп ретте гүлгін және алқызыл түсте болады. Жапырағы түкті бірнеше тілікке бөлінген болып келеді. Аталған сұрыпты медицинада, иссу жасау үшін және асханада қолданады.
- Періште (ангел) – гүлдері көбелек секілді болып келеді. Аса күтіп баптауды, қарауды қажет етпейді. Бұталары мол болады.
- Суккулентті – геран гүлінің ерекшіи сұрпы саналады. Сабағы жуан келеді. Егер ауа құрғап немесе аз суғарылатын болса бірден жапырақтары түсіп қалады. Бұталарында тікенектері бар.
- Лимонды – бұл сұрыптың жапырақтарында лионның иісі бар. Жапырақтары ақшыл жасыл болып келеді.
Герань гүлін үйде өсіру үшін нені білу керек?
Жарық – Үйдің оңтүстік бөлігі жағына қойған жөн. Гүл жарықты, жылуды жақсы көргенімен күннің ыстығында терезе алдынан алып қойған дұрыс. Қысқы мезгілде гүлге 12 сағат жарық түсіп тұрғаны жөн.
Температура – герань гүлі үшін бөлме температурасы +12 градустан төмен болмауы тиіс. Егер температура шамалы төмендесе гүлдің өліп қалу қаупі артады.
Ылғал - Тәжірибелі гүл өсіріп жүрген жандар герань гүлі кез-келген ылғалды ауада жақсы өсе береді дейді. Мұнда маңызды нәрсе гүлді жаңадан отырғызып, өсіп жатқан уақытында оған су бүркудің қажеті жоқ. Бұл гүлдің өсуіне кері әсер етеді. Гүлдің өте жақсы өсуі үшіноған таза ауа қажет. Сондықтан герань гүлін жазда далаға шығарып қойған жөн.
Суғару – жаз айларында кез-келген гүл молынан суғарылады. Алайда герань гүлінің жапырақтарында көгерген іздер немесе сабақтарында қара дақтар пайда болса онда суғаруды мейлінше азайту керек. Бұл тамырдың шіри бастауының алғашқы белгілері. Ал қысқы мезгілде топырақ құрғаған соң суғару ұсынылады. Айына екі рет қана.
Өсіп тұрған герань гүлінің ыдысын қалай дұрыс ауыстыру керек
Көп жағдайда сыйлыққа келген, сатып алған гүлдер үйге келген соң ыдысын ауыстырғаннан кейін өліп қалып жатады немесе солып, бұрынғы қалпынан айрылады.
Мұны болдырмас үшін мына кеңестерді орындап көріңіз.
- Ыдыстың ең астына дренаж (күйген қыштың кесектері, пенопласттың бөліктері) салынады.
- Ауыстырып отырғызардан алдын гүлге мол етіп су құю қажет. Бұл гүлдің тамырын зақымдамай оңай алу үшін қажет.
- Ақырын алып дайындап қойған екінші ыдысқа тамырындағы топырағымен бірге салу керек.
- Үстінен тағы ылғалды топырақ салынады.
- Осыдан кейін жаңа қондырылған гүлді күн көзі тікелей түспейтін, бірақ жарық жерге қойылады.
- Тек төрт тәуліктен кейін ғана суғару қажет.
- Негізінен гүлді қайта отырғызуға ең қолайлы кезең наурыз айы.
Дайындаған: Эльмира Базарбаева,
Тағы оқыңыз: "Қазақ жігіттерінің қолынан бәрі келеді, жалқау емес!" - шымкенттік құрылысшы көпшіліктің айтқанымен келіспейді.
Ұқсас материалдар: КҮЗ ПАТШАЙЫМЫ гүлінің күтімі қандай?