​Киімде қалған үтік ізін ашыған сүтпен кетіруге болады

0
4 828

Киім мен маталарда қалған үтік ізін кетірудің бірнеше қарапайым жолы бар.


​Киімде қалған үтік ізін ашыған сүтпен кетіруге болады

Киім-кешекті, төсек жабдықтары мен перде секілді заттар жуғаннан кейін үтіктеуді қажет етеді. Алайда кейде асығыс кезде немесе матаның қандай екенін байқамай қалу салдарынан үтіктеп жатқан киімде із қалдырып алып жатамыз. Әрине бұл өте жағымсыз жағдай, бірақ киімде қалған үтік ізін кетірудің бірнеше қарапайым жолы бар.


Үтік ізінің қалу себептері

Үтікті пайдаланғанда оның табаны матамен тікелей жанасады. Сондықтан үтік табанының таза болмауы, температураның матаға сай таңдалмауы, киімдердің дұрыс шайылмауы, аяқ астынан телефон қоңырауы т.б ойды бірер секундқа бөлетін түрлі жайттар матада іздің қалуына себеп болып жатады.Үтіктеу ережелері бұзыл,ан кезде ақ, ашық түсті киімдерде сарғыш із қалса, қалың, қара түсті маталарда жылтыр із түседі.



Үтік ізін кетіру жолдары:

Салқын су

Ең бірінші кезекте киімге немесе матаға із түсе салысымен оны салқын суға салу керек. Салқын су дақтың матаға терең сіңіп кетуінен қорғайды. Салқын суға салып алған соң бірден аз ғана кір жуу ұнтағы мен суды араластырып қою ботқа жасап алу керек. Сол ботқаны дақтың бетіне жағып, ысқылау керек. Содан кейін жылы сумен шайып алу керек. Ыстық су болмайды. Ал егер дақ бұған кетпесе, онда өзге де амалдарды қолданып көріңіз.


Лимон сөлі

Бар болғаны 15-20 минутта киімде дақ қалмайды. Ол үшін жарты лимонның шырыны қажет. Тура сондай мөлшердегі суды шыны ыдысқа құямыз. Лимон шырынымен араластырып, сұйықтықты үтіктен қалған ізге құямыз. 20 минуттан соң салқын сумен жуып аламыз.


Ас содасы

Із қалған жерді салқын суға жібітіп, үстіне қалың етіп ас содасын сеуіп толық кепкенше күту керек. Кепкен соң жақсылап сорғымен (губка) қағып тастаймыз. Сарғыш із толық кеткенше бұл тәсілді 2-3 мәрте қайталау қажет.


Ас тұзы

Ұсақ ас тұзы аз ғана сумен араластырылып қоймалжың етіп дайындалады. Осы қоймалжыңды бүлінген жерге жағамыз. Толық кепкенше күтіп сорғы немесе киімге арналған шөткемен тазартып аламыз. Тазарған соң салқын сумен бір шайып алу керек. Тұздың әсері күштірек болуы үшін аз ғана мөлшерде қоймалжыңға ас содасын араластырып жіберуге болады.


Ашыған сүт немесе айран

Ашыған сүт немесе айранды 1:1 мөлшердегі сумен араластырып, сол қоспаға бүлінген киімді салып 2-3 сағат жібітіп қою керек. Кейін аз ғана кір жуатын ұнтақ салып жылы сумен жуып шайып аламыз.


Пияз

Ашық түсті белдемше, шалбар немесе кәстөмге үтік жылтыр із қалдырды ма? Онда оны пиязбен кетіруге болады. Бар болғаны үлкен бір бас пиязды екіге бөліп, кесілген жағымен жылтыраған жерді ысқылау керек. Ысқылауды із толық кеткенше жалғаастырамыз. Артынан киімді жуып шайып аламыз.

Қара түсті синтетикалық киімдегі үтіктен қалған ізді этил спирті мен сіркеқышқылы кетіреді.


Этил спирті

Этил спирті жасанды жібектен жасалған киімдердегі үтік салған ізді тез кетіреді. Ол үшін этил спиртіне 1 сағатқа бүлінген киімді салып қою керек. Осыдан кейін киімді салқын сумен шайып, кептіріп дәке қойып үтіктеу керек.


Сірке қышқылы

Сірке қышқылымен жұмыс жасағанда міндетті түрде қолғап киіп алу керек.

Сірке қышқылының аз ғана мөлшерін із түскен жерге құйып бетіне тұз сеуіп қоямыз. Күн көзіне қойып кептіріп аламыз. Кепкен соң тұзын қағып жуып шайып аламыз.

Кез-келген үлгідегі матадан жасалған қара түсті киімдердегі үтік ізін кетіру


Тұз бен мүсәтір спирті

Үтіктеуден кейін қалған жылтыр ізді 2ас қасық су, 1 шай қасық тұз және 1 шай қасық мүсәтір спиртінің қоспасы кетіреді. Қоспамен бүлінген жерді ысқылап сүртеміз. Кейін жылы сумен жуып шайып алу керек.


Кір сабын

72%-тік кір сабынның 4/1 бөлігін үккіштен өткізіп, ұнтақты аз мөлшердегі суға араластырып ерітіп аламыз. Сабынды ерітіндіге дәкені салып сығып алып жылтыраған жерге қойып, үстінен үтікпен басамыз. Артынан киімді жуып аламыз.


Қара шай

Демделген қою қара шайға дәкені батырып онымен жылтыраған үтік ізін ысқылаймыз. Із кеткенше бірнеше рет қайталау керек. Артынан киімді салқын суға шайып аламыз.

Керек кеңес, әрдайым қажеттеріңізге жарасын!


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз: Сыпырғы ТЕЗ ТОЗЫП КЕТПЕСІН десеңіз.