Көктемде қырқылған ағаштың жемісі үлкен әрі дәмді болады

0
6 245

Ағаштың ұшын кесіп тұру көшетті еккеннен кейінгі алғашқы 7 жылда үздіксіз жасалып тұруы тиіс.


Көктемде қырқылған ағаштың жемісі үлкен әрі дәмді болады

фотолар: ғаламтордан

Жеміс ағаштарынан мол өнім алу үшін оны дұрыс қырқып, баптай білу керек. Бұл шараны ең дұрысы көктемде, ағаштар бөрітпей тұрып жасау қажет. Төмендегі кеңестер бау-бақшаны жаңа егіп бастағандарға жақсы көмектеседі деген сенімдеміз.


Жеміс ағаштарын кесу жолдары

Көктемгі қырқу, кесу жұмыстары ағашқа тек әдемі сән беріп қана қоймай, сонымен бірге жемістің дәмін жақсарта түседі, пісу уақытын тездетеді, көлемін ұлғайтып, мол өнім алуға көмектеседі.

Көктемгі кесу кезінде ең бірінші кезекте ағаштың ұштарын сиретіп алу керек. Күн сәулесінің толық түсуіне кедергі келтіретін артық бұтақтар кесіледі. Яғни қалың бұталар мен тым ұзындары қырқылуы керек.

Қырқу жұмыстары әсіресе жас жеміс ағаштарына жасалуы тиіс. Қырқылмаған жас ағаштар бей-берекет өсіп, діңінің қисаюы мүмкін.


Көктемгі қырқу жұмыстарын жүргізген кезде мына ережелер сақталуы тиіс:

  • Ағаштың діңіне тисуге болмайды
  • Жас бұтақтардың ұзына бойынан үштен бірін ғана қырқу керек
  • Ортадан өскен бұтақ қасындағы басқа бұтақтарға қарағанда 30-40см биік болғаны дұрыс
  • Ортадағы бұтақтан басқа бұтақтар біркелкі биіктікте қырқылғаны жөн.
  • Кесілген жердің барлығы тегіс болуы қажет. Ол үшін бұта кесетін пышақ немесе қайшыны жақсылап өткірлеп алу керек.
  • Ағаш ауырып қалмас үшін кесілген жерді залалсыздандырғышпен өңдеу немесе майлы бояумен бояп қояды

Ағаштың ұшын қалпына келтіру

Ағаштың ұшын кесіп тұру көшетті еккеннен кейінгі алғашқы 7 жылда үздіксіз жасалып тұруы тиіс. Жақсы нәтижеге жету үшін ағаштың ұшын қырқып қана қоймай, уақтылы суғару, тыңайту және зиянкестермен күресіп отыру керек. Ағаштың ұшын қырқып үнемі қалыпқа келтіріп отырған жағдайда:

  • Өнім көлемі артады
  • Жемістер нәрлі және хош иістене түседі
  • Ағаш жасарады
  • Ағаш ауруларының алдын алады


Тәжерибелі бағбаншылар төмендегідей ережелерді сақтауға кеңес береді

  • Ағашты қырқуды аязды күндер аяқталған соң бірден жасау керек. Кесілген жерлер ағаш бойына нәр жүре бастағанға дейін жазылып үлгереді.
  • Ағаш діңінің жалғасы секілді өскен бұтақтар өзге бұтақтардан ұзын болып тұруы керек
  • Егер ағаш қатты әлсіз болса, онда екінші немесе үшінші көзшесінен қырқып, қысқартып тастау қажет
  • Діңнен өсіп шыққан жаңа өскіндер кесіп тасталады
  • Төменге қарап тұрған бұтақтарды түгелдей қырқып тастау керек
  • Бір-біріне тым жақын орналасқан бұтақтардың бірін кескен жөн
  • Көшетті отырғызғаннан кейін келесі жылы бұтақтарын 7см, ал діңін 20см шамасында қысқарту керек.
  • Көп немесе ауыр бұтақтарды кескен кезде алдымен төменгі жақтағы бұталардан бастап қырққан дұрыс
  • Егер ағаштың үсіп қалғаны байқалса, онда оны қырқуды келесі жылғы көктемге қалдырған жөн
  • Бір-біріне айқасып қалған бұтақтарды да кесіп тастаймыз
  • Бір жыл бұрын өскен бұтақты мықты болуы үшін бас жағын шамалы қысқартып қою қажет.


Ағашты көктемде қырқудың пайдалы және кем тұстары

Пайдасы:

  • Ағашты қырыққан жылы мол өнім алуға мүмкіндік мол
  • Ағаш арасында ауа айналымы жақсарып, көптеген аурудың алдын алады
  • Ағаштың өмірін ұзартып, тез қартаймауына көмектеседі
  • Ағашқа ерекше сән береді

Егер қырқу жұмыстары уақтылы және дұрыс жасалса оның ешқандай кемшілігі болмайды. Керек кеңес қажеттеріңізге жарасын!


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ