​Макарон қайнатқан судан ыдыс-аяқ жуатын сұйықтық дайындауға болады

0
4 010

Макарон қайнатылған соң суда қалатын крахмалды сұйықтық ғажайып жасай алады.


​Макарон қайнатқан судан ыдыс-аяқ жуатын сұйықтық дайындауға болады

Макарон қайнатылған суды "сұйық алтын" деп атайтынын білесіз бе? Бұл бекер емес. Білетін жандар бұл суды төкпей түрлі керегіне жаратып жатады. Себебі макарон қайнатылған суды тек ас үйге ғана емес өзге де тұрмыстық қажеттіліктерге пайдалануға болады.


Пастаға арналған тұздық

Макарон қайнатылған судан керемет тұздық дайындауға болады. Оның құрамында тұз бен крахмал бар. Ал енді соған аз ғана сұйық май, дәмдеуіштер мен ірімшік қосатын болсаңыз онда кереметтей тұздық шығады. Мұндай тұздық қосылып жасалған паста мейрамхана тағамынан ешбір кем түспейді.


Ыдыс жууға арналған сұйықтық

Әрине макарон қайнатылған судың түсі кір секілді көрінеді. Бірақ бұл тек көрініс. Шын мәнінде макарон суындағы крахмалдың тазартқыш қасиеті бар. Ол тәрелке мен ыдыстардағы кірді ерітіп жібереді. Ол үшін макарон суын ыдысқа құйып 4-5 минутқа қалдыру керек. Одан кейін тек ыдыстарды таза жылы сумен шайып алу керек.


Гүлдерге арналған тыңайтқыш

Табиғи крахмалда дәрумендер мен минералдар өте көп. Сондықтан макарон суы бөлме гүлдері үшін өте пайдалы. Әрине гүлдерді суғарудан алдын суды салқындатып алу керек. Сондай-ақ суда тұз болмағаны дұрыс. Тұз өсімдіктерге ешқандай пайда әкелмесі анық.


Шашқа арналған маска

Егер шашыңыз жансыз, жылтырамайтын болса, онда макарон суынан маска жасасаңыз болады. Маска дегенде макарон суына артық ештеңе қосудың қажеті жоқ. Бар болғаны макарон суын жылы күйінде басқа жағып 10-15 минут ұстап, артынан сусабынмен жуып шаю керек. Шаш бірден жылтырап шыға келеді. Сондай-ақ шашты жуып болған соң да макарон суын жағып қоюға болады.


Қамыр илеу үшін

Көптеген аспаздар макарон суын қамыр илеуге пайдалануды ұсынады. Мейлі ол ашытылған немесе ашытылмаған қамыр болса да. Ашытылған қамырдан керемет нан пісіруге болса, ашытылмағанынан пицца пісіруге болады. Макарон суының құрамындағы крахмал қамырға ерекше дәм беріп, оның жұмсақ болуына әсер етеді.



Песто тұздығы

Хош иісті, атақты, италяндық песто тұздығын да макарон суынан жасауға болады. Бірақ бұл тұздықты жасау үшін қосымша заттар қажет болады. Ол үшін жаңғақты, сарымсақ, насыбайгүл (базилик) блендрге салып езу керек. Оған пармезан ірімшігі мен азғана тұз, май және макарон суын қосу қажет. Мұндай тұздық өте қарапайым жасалғанымен қою, біртекті ерекше дәмді болып шығады.


Бұршақ тұқымдастарды пісіру

Асбұршақ немесе кез-келген бұршақтұқымдастарды даярлаудан алдын жібітіп алатынымыз бар. Ал егер оны макарон суына жібітіп қойса, онда крахмалды сұйықтық бұршақтың дәмін ерекшелендіріп, жұмсарта түседі. Ал дайындау уақыты жылдамдайды.


Бетке арналған маска

Макароннан қалған сумен бетке спа-салондағыдай маска да жасауға болады. Ол үшін алдымен бетті тазартып, буға булап аламыз. Артынан жаққышпен макарон суын жағып шығу керек. 10 минуттан соң жылы сумен шайып тастайсыз. Біріншіден мұндай тәсіл теріні ультракүлгін сәуледен сақтаса, екіншіден майлы жылтырдан арылтады, үшіншіден тері жұмсарады.


Аяқтың шаршағанын басады

Қазіргі кезде жас кәрі демей көптеген адамның аяғы ауыратыны белгілі. Әсіресе күні бойы аяғынан тік тұрып немесе орындықта көп отырып аяғы ісіп кететіндерге макарон суының тигізер көмегі мол. Судың құрамындағы минералдар мен дәрумендер аяқтың ауырғаны мен ісігенін басады. Ол үшін макарон суын өзіңізге ұнайтындай жағдайда ысытып алып, соған аяқты салып отыру керек. Бірнеше минуттан соң аяқтағы ауырлыдқ басылып өзіңізді жайлылық сезіне бастайсыз.


Біле жүріңіз! Егер макаронның тұзы көп болып кетсе, онда жағдайды бірнеше әдіспен түзетуге болады.

  • Егер макарон пісіп үлгермей жатып оның тұзы ащы болып кеткенін байқасаңыз, онда бірден суын төгіп, қайта су құйыңыз. Тек макарондар жабысып немесе езіліп кетпес үшін қайнап тұрған су құйған дұрыс.
  • Егер макарон пісіп қойған болса, онда оны 15 минутқа салқын суға салып қою керек. Тұздың ащылығы кетеді, бірақ макаронның дәмі шамалы су татып тұрады. Дегенмен жеуге болады.
  • Сондай-ақ егер салқын суға салған макаронның дәмі кетіп қалмасын десеңіз, онда тағы шамалы макарон қайнатыңыз. Бірақ тұз салмайсыз. Кейін екеуін араластырып 5 минутқа бетін жауып қою керек. Дәмі қалпына келеді.
  • Макаронның тұзының ащылығын тұз салынбаған қатық, тұздық құйып басуға болады.

Біздің кеңестер қажеттеріңізге жарайды деген сенімдеміз.


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ.

Тағы оқыңыз: Терезе терлемес үшін тіс пастасын қолдану керек.