Жеміс ағаштарының түбін КӨКТЕМДЕ ЕМЕС КҮЗДЕ ӘКТЕЙДІ

0
6 203

Жеміс ағаштары келер жылы мол өнім берсін десеңіз, күзде біршама шаруаны атқарып тастаңыз.


Жеміс ағаштарының түбін КӨКТЕМДЕ ЕМЕС КҮЗДЕ ӘКТЕЙДІ

Көктем мен жазда қыруар жұмыс атқарылатын бау-бақшаның жұмыстары күз келе саябырсығанымен тоқтамайды. Әрине бау-бақшаны баптап, қыр сырын меңгерген жандар бақшасын қысқа дайындауды бастап та кеткен болар. Алайда қазіргі кезде есігінің алдындағы кішкентай жердің өзін көгалдандырып, бақшасына түрлі жеміс ағаштарын өсіруге құмар жандар көп. Ендеше бақша өсіруді жаңадан қолға алған жандарға жеміс ағаштары келесі жылы мол өнім салуы үшін, олардың күзгі күтімі, қырқу т.б жұмыстары туралы біршама кеңестер ұсынамыз.


Жеміс ағаштары өте нәзік келеді. Сондықтан олар қысты жақсы өткізіп, келер жылы жеміс беру үшін күзде атқарылатын бірнеше жұмысты уақытында жасап тастау керек.


Тазарту

Күзде ең алдымен жеміс ағаштары үшін жасалатын жұмыстардың бірі – оны тазарту. Ол үшін ағаштағы бар өнімді жинап болған соң шіріген немесе жарамсыз болған бар жемісті толық түсіріп, жинап алысқа тастау керек. Яғни, ағаштың айналасында және өзінде ешқандай шіріген, бүлінген жеміс пен жапырақтар қалмауы тиіс.


Бұтау

Күзде міндетті түрде жеміс ағаштарының бұталарын кесіп, ретке келтіріледі. Ағаштың барлық әлсіз және бір-біріне кедергі келтіретін өскіндері мен қураған, сынған бұталарын толықтай кесіп тастау керек. Мұндай бұталардың астында, арасында зиянкестер немесе ауру тудыратын бактериялар болады.


Жеміс ағаштарының бұталарын алғашқы үсікке дейін кесіп үлгеру керек. Қараша айында күн салқындағандықтан ағаштарды кесудің қажеті жоқ. Егер үлгермесеңіз, келесі жылы көктемге қалдырған жөн. Себебі салқын ауа райында кесілген ағаш өзіне келе алмай қыстан шықпай шіріп кетуі мүмкін.

Бұталарды дұрыс кесу үшін, ағашты мұқият қарап шығыңыз. Ешқандай бұтақ, өскін бір біріне кедергі келтіріп, айқасып қалмауы тиіс. Кедергі келтіріп тұрғанның барлығын өткір арнайы қайшымен кесіп алыңыз.


Сондай-ақ ірі жаңадан өскен бұталарды (волчки) да кесу керек. Ірі бұта (волчки) – бұл мықты, жуан өскіндер. Ондағы жапырақтар үлкен болады, бірақ бұтадағы бүртіктер дамымайды. Мұндай бұталар көп ретте ескі бұталардың жанынан өседі. Мұндай өскіндер жеміс ағашы үшін қауіпті. Себебі олар ағаштың бар күшін өзіне тартып алады. Соның салдарынан ағаштың жоғарғы жағы қурай бастайды және бұл ағаш жеміс беруін доғарады.

Мұндай өскін жас жеміс ағаштарында да болады. Оған басты себеп ағаштағы үлкен бұтаның кеслуі немесе түрлі себептермен сынып қалуы. Ал ескі жеміс ағаштарында мұндай өскін көп ретте ағашты бұтаған соң пайда болады. Сондай-ақ қауіпті өскіннің өсуіне тағы бір себеп – шектен тыс суғару немесе азотты тыңайтқыштың мол берілуі. Бұл қауіпті өскіннен тек қырқып құтыла аласыз. Ал қырыққан бұталардың орнын міндетті түрде бақ нұмын (садовый вар) жағып өңдеу керек.

суретте ірі бұта (волчки). Қызыл белгімен көрсетілген өскіндерді қырқып тастау керек.


Ағаштың ұшын күнге күю мен үсіктен сақтау

Ауа райының ыстықтан салқынға ауысуы салдарынан жеміс ағашының ұшында жарық, сызат пайда болады. Мұндай сызаттар ағашқа әжептеуір зиянын тигізеді. Сонымен қатар ағаш ұшындағы сызаттар тек ауа райынан ған емес, қатты желден немесе қатты ыстықтан, зиянкестер салдарынан да болады.

Мұны болдырмас үшін ағаштың діңгегіне, сабағына әк жағу керек. Ол үшін 10 литр суға 2,5кг әк, 0,5 кг тотяйын (медный купорос), залалсыздандыру үшн 0,1кг ағаш желімін (ағашқа жақсы жабысу үшін) араластырып жағу қажет.


Жеміс ағаштарын күздік қоректендіру

Қоректендіру жұмыстары жеміс ағаштарындағы өнім толық жиналған соң басталуы қажет. Бұл жаз бойынәрінен айрылған топырақты қалпына келтіріп, жақсарту үшін жасалады. Күзде жеміс ағаштарын мейлінше азотсыз, фосфорлы калий тыңайтқышымен қоректендірген дұрыс.

  • Фосфорлы тыңайтқыш. Фосфорлы тыңайтыш ішінде сатылымда ең көп болатыны суперфосфат және аммофос. Суперфосфат қарапайым және екеулік болып бөлінеді. Негізі мұның екеулігін алып пайдаланған жөн.Онда фосфор оксиді екі есе көп және гипс мейлінше аз болады.
  • Аммофос – мұның құрамында азоттың мөлшері көп болғандықтан, күзде емес, көктемде пайдаланған дұрыс.
  • Негізі күзгі мезгілде мейлінше құрғақ тыңайтқыш пайдалану керек. ағаштың тамыры жайылған деген шамада (ағаштың түбіне емес) айналдыра топырақтың беткі қабаты алынады. Құрғақ тыңайтқыш (ағаштың күлі, көң, қарашірік) салып, бетін қайта топырақпен жауып қою керек. Күзгі жаңбыр мен қыстағы қармен тыңайтқыш біртіндеп ағаш тамырына жақсылап сіңеді.
  • Сондай-ақ құрғақ тыңайтқыш ретінде суперфосфат 100г 1кв.м жерге немесе калий тыңайтқышын 50г 1кв.м жерге есебімен пайдалануға болады. тек мұндай тыңайтқыштың бетін топырақпен емес, қураған шөп, сабанмен жапқан дұрыс.

Жеміс ағаштарының күзгі күтімі аса қиын шаруа емес. Бастысы уақтылы жасалса болғаны.

Кеңестеріміз қажеттеріңізге жарайды деген үміттеміз.


Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ.


Тағы оқыңыз: "Қолдан құралатын құрақтың бағасы қымбат болуы керек" - тігінші келіншек.