Жуынатын бөлменің қабырғасын қаптауға арналған пайдалы кеңес.
Кафель – жуынатын бөлмені безендірудегі оңтайлы, ең көп пайдаланылатын заттардың бірі. Алайда бұл басты және жалғыз ғана материал емес. Бұдан бөлек жуынатын бөлмені керамикалық тақтайшадан басқа жабындауға болатын құрылыс заттары бар және олардың оң және кем тұстары жөнінде білгеніңіз артық болмас.
Алдымен қабырғаға арналған балама нұсқалар:
Пластик панелдер
Ең бірінші үнемді нұсқадан бастаймыз. Пластик панелдің жалпақ және тақтайша түрі бар. Жалпақ түрі көлемді болғандықтан қабырғаға жапсыру жұмыстары жылдам жүреді. Ал тақтайша түрі әдемі, сәнді көрінеді. Алайда оны жапсыру біршама уақыт алады.
Пластик панелдің оң тұстары:
- Сатылымда өте көп түрі кездеседі
- Дыбысоқшаулауға қосымша
- Су өткізбейді, жуып, тазарту оңай
- Бекітер алдында қабырғаны тегістеудің қажеті жоқ
Кемшілігі: Пластик панелдің басты кемшілігі – әлсіз, сынғыш келеді. Олар майысқақ және қатты қысымға сынып кетеді. Сондықтан жұмыс істеген кезде абай болу керек. Сонымен қатар пластик панел аса сәнді көрінбейді және ол үнемді әрі қарапайым дизайнға жатады. Пластик панелді арнайы желіммен немесе алюминді профилге бекітуге болады.
Егер жуынатын бөлме кішірек болса онда пластик панелдің тек бір түстісін таңдаған жөн, ал кең әрі үлкен болса түрлі түспен қиыстырып жасауға болады. Қабырғадан бөлек пластик панелмен ваннаның астын жабуға, шұңғылша (раковина) астына жабын істеуге болады.
Бояу
Бұл өте көп еңбекті қажет етеді. Бірақ оның екі ерекшелігі бар. Біріншісі – бояуды кез-келген интерьер стиліне пайдалануға болады. Екіншісі – бағасы. Бояу мен оны жағатын құралдар кафельге қарағанда әлдеқайда арзан жүреді. Сондай-ақ бояуды жағу үшін арнайы маманның да қажеті жоқ. Алайда жуынатын бөлмеге толықтай бояу жағуды көп жандар қолдамайды. Ваннаның, жуынатын жердің айналасын кафельмен әрлеп, өзге жеріне бояу жағып үйлестіреді.
Бояу жағудың басты кемшілігі – қабырға тегіс болуы қажет. Жуынатын бөлмеге жағатын бояудың 3 түрі бар:
- Акрил – кез-келген бетке жағуға болатын экологиялық материал. Ол өзінің жарқын түсін ұзақ уақыт сақтайды.
- Латекс – ең танымал нұсқалардың бірі. Будан қорықпайды, тез кебеді.
- Силиконды бояу – су мен смол, органикалық бөлшектерден тұрады. Денсаулыққа ешқандай зияны жоқ, ұзақ қызмет етеді. Кез-келген түске өзгертуге болады.
Ылғалға арналған бояу түріне алкидті және майлы эмал бояулары да жатады. Алайда олардың жағымсыз иіс қалдырады және ұзақ кебеді.
Суға төзімді бояу жылтыр және жылтырсыз, күңгірт (матовой) болып бөлінеді. Жылтыр бояу әдемі көрінеді және жарықпен шағылысып бөлмені кең етіп көрсетеді. Оның бар кемшілігі қабырғаның барлық тегіс емес жерін айқын көрсетеді. Ал жылтырсыз бояу сәнді көрінеді, бірақ кір және саусақ, су тамшысының іздері қатты білініп тұрады.
Сәнді сылақ
Жуынатын бөлмедегі сәндік сылақ суға төзімді болу керек. Демек қоспасында гипс бар материалдар жарамайды. Суға төзімді сәндік сылақ жасауға арналған материалдардың 3 нұсқасы бар:
- Минералды. Қалтаға салмақ салмайды, отқа төзімді, буды жақсы өткізеді. Кемшілігі – мұқият жасауды және қабырғаның тегіс болуын қажет етеді.
- Силикон. Өте мықты, ауаөткізгіш және 50-60жыл қызмет етеді. Кемшілігі – бағасы қымбат.
- Акрил. Басты артықшылығы – иілгіш, суға төзімді және ұзақ қызмет етеді.
Түсқағаз
Түсқағазды жуынатын бөлмеге көп пайдаланбайды. Әдетте онымен жуынатын бөлменің жартысын ғана безендіреді, ал қалған бөлігіне кафель немесе бояу, сылақ жағылады. Негізінен түсқағазды жуынатын бөлменің тікелей су тиетін жерінен басқа жердің барлығына толықтай жапсыруға болады. Жуынатын бөлмеге жапсыруға болатын түсқағаз түрлері:
- Флизелин және винилді – түсқағаздың бұл түрлері ылғалдан қорықпайды, қабырғадағы кемшіліктерді жасырып кетеді, аса қатты күтімді қажет етпейді. Дүкендерден бұл түсқағаздардың көптеген түрін табуға болады.
- Сұйық түсқағаз – құрғақ қоспа немесе дайын құрамда сатылады. Бұл түсқағаз кәдімгі түсқағаз секілді жапсырылмайды. Оны сылақ секілді жағады. Ылғалға жақсы шыдас береді. Әртүрлі түсті етіп араластырып ерекше дизайн шығаруға да қолайлы.
- Шыныталшық - заманауи шыны жіптерден жасалған қаптауға арналған материал. Көгеріп, зең баспайды. Жалғыз кемшілігі – бағасы өзгелеріне қарағанда қымбат.
Жуынатын бөлмеге түсқағаз жапсырғанда ескерілетін басты нәрсе, бөлмеде желдеткіштің болуы. Сол кезде түсқағаз ұзақ тұратын болады.
Өздігінен желімделетін түсқағаз
Егер қаражат үнемдегіңіз келсе, онда осы нұсқаны таңдағаныңыз абзал. Ол орамада сатылады. Түсқағаздың келесі бетінде қалың желім болады. Ол кез-келген бетке: ағаш, кафель, фанер, шыны, гипсокартон, сылаққа жабыса береді.Жапсыру жұмыстары өте оңай жасалады. Таңдау мүмкіндігі өте мол.
Микроцемент
Бұл заманауи материал кафелге балама ретінде қолданылады.Бір қарағанда сәндік сылақ немесе бояумен боялғандай әсер береді. Алайда микроцементтің бірнеше артықшылығы бар.
- Ылғалға төзімді, сондықтан көп ретте жуынатын жерге пайдаланылады
- Түсін өте ұзақ сақтайды
- Кез-келген бетке жағуға болады, тіпті ескі кафелдің бетіне де
- Құрамы органикалық болмағандықтан зең тұрмайды
Ағаш
Ағаш – кез-келген жерде ерекше сән беретіні сөзсіз. Алайда оның басты кемшілігі суға ісініп, шіріп кететіні. Сондықтан дәл су мол пайдаланылатын жерге көп қойыла бермейді. Ал егер қымбат көрініс береді деп жуынатын бөлмені ағашпен қаптағыңыз келсе, онда ылғалға төзімді, балқарағай, шамшат секілді ағаштарды пайдалану керек. Бұл ағаштар ылғалға төзімді болғанмен де бетін сырлап, бояп қойған артық болмайды.
МДФ
МДФ – табиғи ағашқа ұқсайды. Одан қымбат емес, бірақ ұзақ қызмет ететін панелдер жасайды. МДФ – қысымдалған ағаш жаңқаларынан тұрады. Жуынатын бөлмеге ылғалға төзімді МДФ қажет. Экологиялық таза және табиғи ағашқа қарағанда ылғалдан, будан қорықпайды және бағасы да шамалы төмен жүреді.
Дайындаған: Эльмира Базарбаева,
Тағы оқыңыз: Қасына РАЙХАН ГҮЛІН ексеңіз ҚЫЗАНАҚ ТӘТТІ БОЛАДЫ