Төсекте сөйлей бергенше... сүйіп алыңыз!

0
7 051

Оның мойныңыздан, тамағыңыздан сүйгенін қалайсыз ба, демек оны сөзбен айтып жеткізгенше, өзіңіз жасап көрсетіп беріңіз!


Төсекте сөйлей бергенше... сүйіп алыңыз!

фото: meduk.net.ua

Тақырыпқа қайта айналып соғамыз. Себебі, көп жағдайда әйел мен еркектің (ерлі-зайыптының) арасындағы түсініспеу, ұрыс-керістің түйіні төсек қатынасындағы қателіктерден басталады.

Төсек болған соң одан еркек те, әйел де бірдей ләззат алуы керек. Онсыз болмайды. Өзімшілдігіміз артып, соның кесірінен қателіктерге орын беріп аламыз да, оны жою үшін ойланбаймыз да.

«Еркек кінәлі болса ше?» деген ой сумаң ете қалды ма? Олай болса, әйел емессіз бе? Тігісін жатқызып айтыңыз, білдіріңіз. Оның не сөкеттігі бар? Бұл басқа біреудің проблемасы емес, өздеріңіздікі емес пе?

Әйел мен еркектің арасындағы мамыражай қарым-қатынас тікелей төсектегі көңіл-күйлеріне байланысты. Сондықтан оған немқұрайлы қарай алмайсыз. Әрине, сыртта ұрысып жүріп, жатын бөлмеге кіре салысымен өзгере салмайсыз ғой. Ерлі-зайыптының «ойыны» жатын бөлмеге кіргенге дейін, одан бөлек кез келген жерде басталады. Қытықтап өту, байқамағансып жанасып өту, шай құйылған кесені бергенде немесе алғанда білдіртпей саусақ ұшынан сипап қалу және қиялыңызға келген кез келген қылықты іске асыруға болады. Ол көз қысу мен қабақ қағу, тікелей көзіне қарап тұрып тайқытып әкетуден бөлек... Бұларды кез келген әйел білсе керек.

Бірақ мұның барлығы да отбасының басқа мүшелеріне байқалмайтын, олардың назарын аудартпайтын болсын. Ол сонысымен де жұмбақ болып сезімді қытықтай түседі. Тәрбие мен сыйластық шекарасынан асып кетпеу керек.

«Махаббат ойынында» «әрі жатшы», «былай жатшы», «бұлай ұнамайды», «түүуу...» деген төсек иелерінің ешбіріне ұнамайды. Соған қатысты 3 кеңесті қабыл алыңыз.

  • Жатын бөлмеде еркекке тізгінді түгелдей тапсырыңыз. Табиғатында басшылық ету бар еркектер оны төсекте де қолданғысы келеді. Бұл сөз таластыруды қажет етпейтін жайт. Әйелдің жиі ескерту айта беретіні еркекке, бір сөзбен айтқанда, ұнамайды. Басқа жерде-ақ айтқаныңызды орындата беріңіз, тек төсекте емес.
  • Бұйырудан абай болыңыз, тек мақтауын жеткізіңіз. «Сүйші», «олай емес...» дегеннен гөрі «маған сенің сүйіп бастағаның ұнайды...», «сенің осылай еткеніңді ұнатамын» дегеннің маңызы жоғары. Соңынан ашық мақтап қойсаңыз, ол қашанда ойыңыздан шығуды көздеп жүреді.
  • Төсекте сөйлей бергенше... сүйіп алыңыз! Оның мойныңыздан, тамағыңыздан сүйгенін қалайсыз ба, демек оны сөзбен айтып жеткізгенше, өзіңіз жасап көрсетіп беріңіз!

Қысқа ғана осы бір кеңес нәтижесін береді. Жалпы, жатын бөлмеде көп сөйлеудің қажеті жоқ.

Жайнаған Байтұрым.