Беларусьте қамауға алынған журналист Роман Протасевичтің бейнежазбасы пайда болды

0
545

Ол денсаулығы сыр берді деген ақпаратты да жоққа шығарып


Беларусьте қамауға алынған журналист Роман Протасевичтің бейнежазбасы пайда болды

ERNUR.KZ. Ол бейнеүндеуінде тергеу ісімен танысқанын және жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырғанын мойындады, деп хабарлайды Хабар24.

Денсаулығы сыр берді деген ақпаратты да жоққа шығарып, алаңдамауды сұрады.

– Мен қазір Минскіде қамауда отырмын. Денсаулығым нашарлады деген ақпарат жалған. Құқық қорғау органдары менің тарапыма қандай да бір қысым жасап жатқан жоқ, тергеу заңға сәйкес жүріп жатыр. Өз кінәмді мойындаймын, - дейді Роман Протасевич.

Александр Лукашенконың саясатына ашық қарсылығын білдірген «НЕХТА» телеграм каналының бұрынғы бас редакторы Вильнюске ұшып бара жатқан кезінде ұсталған еді. Жанында болған 23 жастағы бойжеткен де қамауға алынды. Ол Ресей азаматы болып шықты. Беларусь билігінің бұл әрекетін ондаған мемлекет пен халықаралық ұйым қатаң сынға алды.





NEXTA туралы
Бастапқыда NEXTA редакциясы төрт адамнан тұрған. Негізін қалаушы - Роман Протасевич. Редакциядағы журналистер Польшада жұмыс істейді. Ал былтыр 28 қыркүйекте Роман ұжымнан кететінін, бұл шешімді өзі қабылдағанын мәлімдеді.
Редакция елде болып жатқан жағдайлар туралы жедел әрі эксклюзив ақпарат таратып отыруымен танымал. Роман Дмитрий Гордонға берген сұхбатында арна журналистерінің Минск пен өзге де қалаларда болып жатқан жайттар туралы жедел хабар таратып отыруына түрлі ведомство мен министрліктегі инсайдерлер және жергілікті тұрғындар көмектесетінін айтқан.
Роман Протасевич Минскіде туған. Ол Беларусь мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. Алайда оны "саяси көзқарастарына" байланысты оқудан шығарып жіберген екен. Роман Беларусьте 8 жылдай тәуелсіз журналист ретінде жұмыс істеген. Ол Беларусьте жүргенде наразылық акцияларына қатысып тұрған, тіпті уақытша тергеу изоляторына қамалған кездер де болған.
Бастапқыда NEXTA YouTube платформасында ашылған: 2015 жылы Протасевич пен оның досы Степан Путило NEXTA YouTube-арнасын ашқан. Арна атауы ағылшынның next - яғни "келесі" деген сөзінен шыққан деген болжам болған. Алайда ол белорустың "нехта" - "әлдекім" (кто-то) сөзінен шыққан. Алғашқы кездері арна сатиралық бағыттағы музыкалар шығарып отырған.
Ал 2017 жылы NEXTA телеграмға өтті. Романның сөзінше, арна 22 жастағы ГАИ офицері Евгений Могилевтің өлімі туралы оқиғадан кейін таныла бастады: редакция болған жайтқа байланысты экслюзив материалдар беріп отырды. Оның ішінде, тәртіп сақшыларының әңгімесі мен оқиға орнынан суреттер таратып отырды. Артынша телеграм арна екіге бөлінді: NEXTA (586 484 оқырман) және NEXTA LIVE (1 225 236 оқырман). Роман Дмитрий Гордонға берген сұхбатында телеграм-арналарына ешкім қаржыландырмайтынын, бұған дейін ешқандай грант ұтып алмағанын айтқан. Арна жеке медиа ретінде жұмыс істейді: NEXTA әлемдегі ең ірі арнаның бірі ретінде арасында жарнама арқылы ақша тауып отырады екен.
Ал NEXTA Live арнасының таныла бастауына Александр Лукашенко алтыншы рет ел президенті болып сайлануы себеп болды. Бұл жаңалықтан кейін елде жаппай тәртіпсіздіктер басталды. Ол кездері NEXTA Live арнасында 315 мыңдай оқырман болған. Беларусьте болып жатқан оқиғаларға байланысты арнадағы оқырмандар саны 2 миллионға жуықтап кеткен.
Протасевич не үшін ұсталды?
Ресми себеп - Протасевичтің терроризмге қатысы болуы. Мина бар деген ұшақ тексеріліп, ешқандай жарылғыш зат табылмады. Ұшақтағы барлық жолаушы қайтадан тексерістен өтті. Оның ішінде "Беларусь головного мозга" телеграм-арнасының редакторы, Nexta экс-редакторы Роман Протасевич те болған. Ол ұсталды.
Романмен бірге отырған жолаушылардың сөзінше, ұшақ жедел түрде қонатыны айтылған кезде Протасевич үрейленіп, қорқа бастаған. Қасындағылар не болғанын сұраған кезде Роман: "Бұл жерде мені өлім жазасы күтіп тұр" деген екен. Ұшақ қонғаннан кейін де Роман абдырай бастаған, бірақ өзін сабырлы ұстаған. Ұшаққа қолында иті бар адамдар кіріп, Романды шетке алып кетіп, оның заттарын сілкілеп, тексере бастаған. Қасында екі тәртіп сақшысы болған. Артынша Протасевичті ұшақтан шығарып алып кеткен.
Протасевич ұшарының алдында оны әлдекімдер аңдып жүргенін сезгенін айтқан. Nexta мәліметінше, Роман өлім жазасына кесілуі мүмкін. РИА Новости мәліметінше, "Беларусь головного мозга" телеграм-арнасы экстремистік деп танылып, Протасевич терроризмге қатысы бар деп танылып, оған іздеу салынған.
Артынша ел президенті Александр Лукашенко Роман мінген ұшақты қондыру туралы бұйрықты өзі бергені белгілі болды. Бұл туралы Лукашенконың баспасөз қызметімен байланысы бар "Пул Первого" телеграм-арнасы хабарлады. Телеграм "Беларусь Еуропаны қорғады" деп жазба жариялады.
Еуропа не дейді?
Романның ұсталуы батыс елдерінің де назарында. АҚШ, Германия, Австрия және Польша елдері журналисті дереу босатуды талап етіп жатыр. Одан бөлек, Литва президенті Гитанас Науседа "бұл сұмдық жайттың артында беларусьтік жүйе тұрғанын" айтты. Протасевичті ұстауға қатысты әрекетті Еуроодақ та сынға алған.
"Афинадан Вильнюске ұшып келе жатқан @Ryanair рейсін Минскіге тоқтатуға мәжбүрледі. Барлық жолаушы Вильнюске ұшуын жалғастыруға мүмкіндік алуы керек, олардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілуі керек. Халықаралық әуе жолы ережесін бұзған кез келген адам жауапкершілікке тартылуы керек", - деп жазды Еуроодақтың басшысы Урсула фон дер Ляйен Twitter желісіндегі парақшасында.

Ал Еуропалық халық партиясының көшбасшысы Дональд Туск "Лукашенко - тек өз елінің азаматтарына емес, сондай-ақ халықаралық қауіпсіздік үшін қауіпті адам" екенін мәлімдеді.