Бұл туралы М.О. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты мәлім етті.
Фото: taulik.kz
ERNUR.KZ. Бүгін белгілі әдебиеттанушы, фольклортанушы ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, ҚР мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сейіт Қасқабасов өмірден өтті, деп жазады inbusiness.kz.
Сейіт Асқарұлы Қасқабасов 1940 жылы 24 маусым күні Семей қаласында дүниеге келген.
1964 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтын үздік тамамдаған.
ҚР Министрлер Кабинеті жанындағы Жоғары аттестация комиссиясының төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті шығыстану факультетінің деканы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясы Әдебиет және өнер институтының директоры қызметтерін атқарған.
Танымал еңбектерінің қатарында "Казахская волшебная сказка" (1972), "Қазақтың халық прозасы" (1984), "Родники искусства" (1986), "Колыбель искусства" (1990), "Казахская несказочная проза" (1992),"Абай және фольклор" (1995), "Золотая жила" (2000), "Жаназық" (2002), "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу. Қыз Жібек. Қазақтың ғашықтық жырлары" (2003), "XV-XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиеті" (2005), "О фольклоре и не только" (2005) "Елзерде" (2008) сияқты монографиялар мен зерттеулер кітабының және 300-ден аса еңбектің, соның ішінде фольклор, әдебиет пен өнер бойынша 9 монографияның авторы.
Сейіт Қасқабасов Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың, Жамбыл атындағы сыйлықтың, Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты атағына ие болған. М.Шолохов және Ұлы Петр атындағы ресейлік медальдармен марапатталған.
2011 жылы ТМД жалпы ғылым және білім кеңістігін дамытуға жәрдемдесетін ғылым және білім саласындағы зор үлесі үшін мемлекетаралық "Достастық Жұлдыздары" сыйлығымен марапатталды.