Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қарамастан, Қытай ресейлік энергияны көздерін сатып алуды арттырды.
ERNUR.KZ. Қытай "Бір белдеу, бір жол" жобасы бойынша Ресейге инвестиция салуын тоқтатты, деп жазады inbusiness.kz.
Мәскеу 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында Бейжің тарапынан қаржыландырылмады. Financial Times басылымының дерегінше, биыл Қытай осы бағдарлама аясында ресейлік ұйымдармен келісім жасамаған.
Басылымның болжамынша, Бейжіңнің бұл қадамы Украинадағы соғыс кезінде санкцияларға ұшырағысы келмейтінін білдіреді. Бірақ сарапшылар "бұл уақытша құбылыс болуы мүмкін" дегенді айтады. Ресейдің Украинаға қарсы соғысына қарамастан, Қытай ресейлік энергия көздерін сатып алуды, керісінше, арттырды.
Ресей – Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" бастамасының басты бенефициарларының бірі. Си Цзиньпин оны 2013 жылы әлемдегі ең ірі даму бағдарламасы ретінде құрған болатын.
2021 жылы Мәскеу мен Бейжің осы бастама бойынша 2 миллиард долларға жуық келісімге қол қойды.