Алматылық ПОЛИГЛОТ: ТikTok-та 250 млн қаралым жинап жүр

0
240

16 жастағы Омар Алиев бірнеше тілде еркін сөйлейді және сол арқылы TikTok-та танымал атанды


Алматылық ПОЛИГЛОТ: ТikTok-та 250 млн қаралым жинап жүр

көрнекілік: Омар Алиевтің жеке архивінен

Сәлем, достар! Бүгін сендерге ерекше дарынды, жас та болса көп жетістікке жеткен Омар Алиев жайлы айтқымыз келеді. Омар – Алматы қаласындағы Haileibery халықаралық мектебінде оқитын 16 жастағы оқушы. Бірақ оны мыңдаған қатарластарының арасынан ерекшелендіріп тұрған бір қасиеті бар: Омар – полиглот, яғни ол бірнеше тілді еркін меңгерген.

«Мен үшін тіл – жай ғана пән емес, ол жаңа адамдармен танысу, жаңа мәдениетті тану, жаңа өмірге жол ашу», – дейді Омар.

Ол қазақ, орыс, ағылшын, түрік, әзірбайжан, күрд тілдерінде еркін сөйлей алады. Бұған қоса, француз, қытай, корей, тай, вьетнам және пушту тілдерін де бастапқы деңгейде меңгеріп жатыр.

Омардың танымалдығы TikTok желісі арқылы басталды. Оның @omari.to деген аккаунтына бір жыл ішінде 25 миллионға жуық адам жазылып, видеолары 250 миллионнан астам лайк жинады! Ол не істейді дейсің бе? Омар түрлі елдің туын таңдап, сол елдің тілінде сөйлеп береді. Бір қызығы, шетелдік көрермендер оны өз отандасымыз деп қалатын кездер де болыпты – соншалықты таза сөйлейді.

Омар өз жетістігін кездейсоқтық емес, еңбек пен тәртіптің нәтижесі деп санайды.

«Мен әр тілді үйренгенде ойын емес, миссия деп қабылдаймын. Әр таң сайын өзіме мақсат қоямын: кем дегенде 30 минут жаңа тілге арнаймын. Бұл менің болашағыма салған инвестициям», – дейді ол.

Бүгінде ол Instagram желісінде де танымал – 8 миллионға жуық жазылушысы бар. Жас болса да, көптеген жастарға үлгі болып жүр. Ол болашақта Біріккен Ұлттар Ұйымында қызмет істеп, әлем елдерін байланыстыратын көпір болғысы келеді.

Негізінде, тіл үйрену қиын емес. Бар болғаны күніне 20-30 минут бөлсең, бір айда қарапайым сөздер мен сөйлемдерді меңгеруге болады. Қазіргі заманда интернет бар, YouTube, Duolingo, TikTok – бәрі сенің қолыңда. Қаласаң – үйренесің. Қаламасаң – сылтау табыла береді.

Омар сияқты табысты болу үшін дарынды болу шарт емес. Ең бастысы – тұрақтылық пен сенім. Әр күн сайын бір қадам жасасаң, бір жылда үлкен нәтижеге жетесің.

Омардан үлгі ал! Сен де тілді меңгеріп, шетелдік достар тауып, әлемді танып, өзіңді дамыта аласың. Бәлкім, келесі TikTok жұлдызы сен боларсың?