​Есік көрген ҚЫЗҒА ЕКІНШІ рет ҰЗАТУ тойын жасамайды

0
5 282

Қыз бала "ЖАТЖҰРТТЫҚ", бірақ салтты да орнымен орындау керек.


​Есік көрген ҚЫЗҒА ЕКІНШІ рет ҰЗАТУ тойын жасамайды

Сенімге, тіршілікке байланысты әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер халқымызда көптеп кездеседі. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратыны да заманның талабы. Алайда, уақыт өткен сайын салтқа өзгеріс еніп, өзгеріп, қоғамға байланысты бейімделіп келе жатқаны және оның қаншалықты тиімділігі ойландырады.


Жаңа қоғамдық қатынасқа сай келмейтін дәстүрлер ығысып, өмірге қажетті жаңалары дамып отырады дейміз де, өзіміздің ата-бабадан жалғасып келе жатқан дәстүрлерден жаңылып, батысқа еліктеушілік көзге тым ерсі көрінетінін де ойламайтынымыз өкінішті.

Қазақ «қыз бала жат жұрттық» деп өсіреді. Алайда, бұл түсінік қазір аздап өзгергендей. Жатжұрттық қыз баланы «ішіме сыйған қыз сыртыма сияды» деп бауырына қайта басуға дайын аналардың қылығы дұрыс емес дер едім. одан да қызына ақылын айтып, күйеу баласына шара қолданып, бір шаңырақтың сақталып қалуына үлестерін қосуы керек сияқты.

Сонымен қатар, есік көрген қызға, яғни бұрын тұрмыста болып, бағы жанбай, қайтып келген қыз болса, екінші рет тұрмысқа шыққан жерінде беташар рәсімін жасамайды.


Бұл салтты исі қазақ біледі деп ойлаушы едім. Бірақ, білмейтіндердің де бар болғаны, бар болғаны ғана емес, оған «қой, мұның дұрыс емес. Қазақтың салт-дәстүріне қайшы» деп тоқтау айтатын, жөнін айтып, жолын түсіндіретін бірде бір адамның болмағаны ма деп қынжылатын сәттер болып тұрады.


Әрине, құрметтеп шақырған соң, мұндай тойларға да барып жүрміз әрқайсысымыз. Бірақ мен осындай тойға өмірімде алғаш рет барып отырмын.

Бұрын да айналамдағы таныс адамдардан «бір рет тұрмыста болып, қайтып келген қызына ұзату жасап, екінші рет ұзатып жатыр. Сол тойда болып қайттық» деген сөздерді есітігенде таң қалғанмын өз басым. Алайда, ел ішінде ілуде біреу болатын шығар деп ойлайтын едім, бірақ, бұл үрдіс белең алып бара жатқаны ойландырмай қоймайды екен.

Осылай кете берсе, соңы жақсы болмайды, келешек ұрпағымызға жақсы тәрбие бере алмаймыз деген ой мазалады. Дәстүрлер жаңарып, жаңғырып жатыр дейміз, заман да алға жылжып, неше түрліні көріп жүрміз тойларда. Бір-бірімен жарысқан, бір-бірінен озуға тырысып, даңғазалыққа бой алдырғандары соншалықты ысырапты да ойламай жатыр.

Мейлі дейсің, кім туған перзентінің бақыты үшін, қуанышы үшін жанын салмайды дейсіз? Бар болса жақсы, ал қарапайым адамдар елден қалмайық деп жарысып, банктен несие алып, той жасап жатқанын да айта-айта ауыз, ести-ести құлақ да жауыр болды ғой. соған орйа, екі жас бақытты болып, ажырасу азайып жатса, отбасы деген киелі ұғымның қадір-қасиетін түсініп, жауапкершілігкті ұғына білсе, кеткен шығынға жан ауырмас еді.

Енді айтайын дегенім, жақында қыз ұзату тойына бардық. Әкемнің нағашылары, яғни менің түп нағашыларым тойына шақырған. Оларды көптен бері көрмей, байланысымыз үзіліп қалған болатын. енді бұдан кейін араласайық, бір-біріміздің қуанышымызда бас қосып тұрайық деп өзінің ізгі ниетін айтқан түп нағашымның пікірін мен де қолдадым әрине.

Қазіргідей туған-туыспен тек телефон арқылы хабар алмасып тұратын заманда, бетпе-бет дидарласып, қауышқанға не жетсін?! Мен де қоныс тойыма шақырдым нағашыларымды, сүндет тойымнан да қалдырмадым. Бірақ олар жаққа бармаған екенмін. Арнайы іздеп баратын жөнім-ақ еді, бірақ сол қу тіршілік мойын бұрғызбады деп ақтала қояйын.

Мәселе мұнда емес. Сол түп нағашым қызын ұзататын болып, тойына шақыру хат жіберді. Қуана-қуана ақ тілегімді ақтарып, қызымыз бақытты болсын, барған жеріне тастай батып, судай сіңсін деген тілегімді де алдын-ала ватсаппен жазып жібердім.

Тойына да міндетті түрде баратынымды атйып, межелі күнге дайындалдым. Ақкөңіл нағашымның қуанышы ғой деп алып ұшып тойына барғанымда сол жердегі жақсы таныс, пәленбай жылдан бері көрші отырған, аралас-құралас болған адамдардан ұзатылып жатқан қыздың екінші тұрмысы екенін білдім.

Ол да ештеңе емес, қыздың баласы бар екен. Ол баланы, яғни жиендерін өз атына жаздырып, «менің балам» деп иемденіп алыпты нағашымыз.

Тойда отырғаныммен, осы әңгімелерден соң біртүрлі болып қалдым. Тойдың басындағыдай көңіл-күй болмады. Әйтеуір қызды шығарып салдық. «Сыңсу айтып, әнін әндеп, сәнін сәндеп» ұзатылып бра жатқан қызға не дейміз, бағың ашылсын дедік. Әрине, әрбір адам бақытты болуға лайықты ғой, мен оның тағдырын талқыға салайын деп немесе табалайын деп отырған жоқпын.

Шынында да қандай жағдай болғаны бізге беймәлім, ажырасқан екен, екінші рет тұрмысқа шығып, бақытты болуға да хақы бар. Оны бақытты ететін жігіт жолықсын дейміз.

Айтқым келгені, керемет салт-дәстүрді бұзбай, мағынасын жоймай, жай ғана ең жақын деген ағайын-туыстыжинап, құран оқытып, батасынберіп, ақ жол білеп шығарып салса жеткілікті ғой. соншама ел жұртты жинап, той беретіндей жағдай емес дегенім ғой.

Содан кейін, бір рет есік көрген қыз болса да екінші рет табалдырық аттап отырғанда ол үйленбеген жігітке тұрмысқа шығып жатса қазақтың керемет салт-дәстүрі беташар рәсімін жасайды. Қазір бұл да таңсық болмай қалды. Беті ашылған қыздың, яғни, келіншектің екінші рет бетін ашу қаншалықты орынды? Бір рет ұясынан ұшып шыққан қыздың қайта оралып, дүркіретіп екінші рет ұзату тойын жасауы да ұят емес пе?

Тым болмаса, қыздың әке-шешесі, өзі ұялуы керек қой.

Бұл тағдырды талқылау емес, қазақтың салт-дәстүрін қорламаңыздар, өз орнымен қолданыңыздар дегім келеді.

Г. Жұмаділдаева,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Ағайынмен араңыз СУЫП БАРА ЖАТСА КҮЗЕМ ШАЙҒА шақырыңыз


ҚЫРЫҚ үйден жиналған жыртыс БАЛАЛЫ болуға көмектесе ме?